Жұмысынан қуылған дәрігер басшылықпен соттаспақ

Түркістан облысы, Келес аудандық "Абай" ауруханасына қарасты мамандандырылған емхананың дәрігері енді өзге ауруханада қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданды.​  

Жұмысынан қуылған дәрігер басшылықпен соттаспақ

Түркістан облысындағы хирург-дәрігер Қайрат Сейдуалиев емханада медицинаық қолғаптардың сапасы сын көтермейтінін айтып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген болатын. Онда медицина маманы қолғапты қолына кимей жатып, жыртылып қала беретінін байқауға болады. Видео желіде қызу талқыға түсіп, ақ халаттыларға неліктен жағдай жасалмай отырғанын айтқан қолданушылар ашуға булықты. Көп ұзамай дәрігер жұмыстан босатылды. Кейін ол желіге жұмыстан заңсыз босатылғанын айтып, жұртшылықтан қолдау сұрады. Тіпті Президентке дейін барамын деген маман шындықтың түбіне жету үшін бәріне дайын екенін айтты.

Ал Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар хирург-дәрігердің бұған дейін қызметіне немқұрайлы қарағаны үшін жаза алғанын, өзі жұмыс істеп отырған медициналық мекемеге қатысты кереғар пікірлерді әлеуметтік желілерге жариялап, пандемия кезінде халық арасында медицинаға деген дұрыс емес көзқарастарын қалыптастыруға ықпал еткені үшін жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалғанын мәлімдеді. Алайда Қайрат Сейдуәлиев өзіне тағылған айыппен келіспеді.​

Бүгін, 3 шілде күні жұмыстан босап қалған маманның Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметіне кіріскені белгілі болды. ​

"Хирург-дәрігері Қайрат Сейдуалиев бүгіннен бастап Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Дәрігер аталған аурухана басшылығының ұсынысымен жұмысқа қабылданған... Қазіргідей қиын жағдайда медициналық қызметкерлер ауадай қажет. Бүкіл елдің еңсесін түсірген пандемиямен қиын күресте аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер эмоцияға беріліп, қателік жасауы мүмкін. Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында әрбір медицина қызметкері мемлекет үшін аса маңызды" деп атап өтті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.​

Шындық үшін шырылдаймын деп жұмысынан айырылып, кейін қызметі өскен дәрігер бұрынғы жұмыс орнындағы аурухананың бас дәрігері мен оның орынбасарының жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Ал бұл қызметке отбасын асырау үшін амалдың жоқтығынан келісіпті. Базынасын айтқан ақ халатты Facebook парақшасында видео үндеу жүктеді.​

"Жұмысқа орналасқаным рас. Бірақ, уақытша орналастым. Соттың шешімі шығып, Нұр-Сұлтан қаласына барып, Президенттің шешімі шығам дегенше уақытша орналастым. Бұл жерде мен ұзақ уақыт жұмыс істемеймін, өзімнің әділетсіз алынған орныма соттың шешімімен, сіздердің көмектеріңізбен Құдай қаласа баруға ниеттімін. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы "Абай" Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері мен оның орынбасарына және маған әділетсіздік істеген мамандарға ешқандай шара берілген жоқ. Мен сол шара қолданылу үшін соңына дейін барамын. Сіздердің көмектеріңіз керек құрметті қазақ елі, көмек беріңіздер. Қазір енді мені бұлардың барлығы кінәлі етіп тұр ғой. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы менің әділетсіз орныма қайтып баруым үшін көмек беруіңізді сұранамын", – деді ол. ​

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу