Жүрекке алғаш рет бірегей ота жасаған кардиохирург қызметінен қуылды

5993

Оған бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. 

Жүрекке алғаш рет бірегей ота жасаған кардиохирург қызметінен қуылды

Бұрын-соңды болмаған ота

Павлодар облысындағы кардиохирургиялық орталық дәрігерлері елдегі ең күрделі оталарды жасайды. Дәл сондай оталардың бірін сәтті өткізген орталықтың бас дәрігері науқасты ажалдан арашалап қалған күні өзі жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жоғары білікті кардиохирург Әділжан Әлбазаров Семей қаласының 39 жасар тұрғыны Қайрат Қайранбековтің жүрегіне бұрын-соңды елімізде жүргізілмеген отаны жасады. Атап айтқанда, жүрек қолқасы ауыстырылды. Халықаралық тілде мұндай операцияны "пілдің қатқан тұмсығы" деп атайды. Әдетте қалқан қатпарланған кезде науқастардың 97%-ы өмірмен қош айтысады. Бірақ заманауи технологиялар мен дәрігердің кәсібилігі нәтижесінде елімізде алғаш рет жасалған ота сәтті өтіп, алты баланың әкесі аман қалды.

Бұл ретте негізгі бағасы 9 млн теңге болатын операция міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында тегін жасалғанын атап өту керек. Кардиохирургтар науқастың дене температурасын 25-28 градусқа дейін түсіріп, қан айналымын толығымен тоқтатты. Тек мидағы қан тоқтаусыз жүрді. Сөйтіп, рекордтық төрт сағат ішінде операция жасалды.

"31 қаңтар күні санавиация мені Семей қаласынан Павлодарға жеткізді. Дәрігерлер барлық жағдайымды жасап, ота ойдағыдай жасалды. Барлығы сәтті аяқталғанына әлі күнге дейін сенер емеспін", – дейді емделуші Қайрат Қайранбеков.

"Менеджер бола алмады"

Бұл күн бір ажалдан аман қалған семейлік үшін сәтті өткенмен, кардиохирургиялық орталықтың директоры, отаны жасаған дәрігер Әділжан Әлбазаровқа сәтті бола қойған жоқ. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшымен жасалған келісімшартты біржақты үзді.

"Әділжан Бауыржанұлының кәсіби шеберлігі жоғары дәрігер екенінде дау жоқ. Ол – біздің облыс үшін таптырмас білікті маман. Бірақ кардиохирург ретінде мықты болғанымен, басшы қызметінде көріне қойған жоқ. Ол мекеменің қаржылық жағдайына да жауапты еді. Алайда облыс әкімдігі аппаратының ішкі аудиті жүргізген тексеріс нәтижесі бірқатар былықтың бетін ашып берді", – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.

Мысалы, осыдан бір жыл бұрын 400 млн теңгеге ангиограф сатып алынған көрінеді. Қабылдау актісіне де қол қойылды. Бірақ бұл құрал әлі күнге дейін іске қосылған жоқ. Сондай-ақ кардиологиялық орталықтың басшылығы лицензияның аяқталар күнін ескермеген. Сол себепті мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурсқа қатыса алмады. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры сол үшін айыппұл да салды. Өткен жылы емдеу орнының күрделі жөндеуін жүргізуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлінгенімен, құжат әлі дайын емес. Сондықтан биыл жөндеу жасалмауы мүмкін.

"Әділжан Бауыржанұлы көп уақытын науқастарға бөліп, менеджер ретіндегі жұмысын ысырып қойғаны байқалады. Кез келген дәрігер басшы бола алмауы мүмкін. Біз бұл жағдайдан сабақ алдық. Енді басшыларды тағайындайтын кезде экономикалық және заңгерлік білімнің бар-жоғына мән беретін боламыз", – дейді облыстың бас дәрігері.  

Бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ал бүгін кардиологиялық орталықтың бұрынғы басшысы Әділжан Әлбазаровқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 189-бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі болды.

"2022 жылдың 24 қаңтарында Павлодар кардиологиялық орталығында құралдың іске қосылуына бөлінген бюджеттік  қаржының жымқырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Оған Павлодар облысы әкімдігінің ішкі аудит жұмысы жүргізген аудиторлық тексеріс нәтижесі негіз болды", – деп хабарлады қаржылық мониторинг департаменті өкілдері.

Аталмыш бапқа сәйкес, айыпталушылар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін кардиологиялық орталыққа жетекшілік еткен Әділ Дүржанов 2019 жылдың қараша айында декреттік демалысқа кетуге мәжбүр болған еді. Ал кардиологиялық орталықтың алғашқы директоры болып, кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы ретінде тағайындалған Ораз Мұқашев 3 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін үш жылға сотталған еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу