Жүргізушілер көлік нөмірлеріндегі мемлекеттік тудан жаппай бас тартуда

16744

Бұл оқиға Ресейде болып жатқанын бірден айта кеткен жөн.

Жүргізушілер көлік нөмірлеріндегі мемлекеттік тудан жаппай бас тартуда Фото: www.zr.ru

Жол полициясы мұның қаншалықты заңды екеніне түсініктеме берді.

Ресейлік автоәуесқой Елена Липеева РФ субъектілерінде, тіпті Мәскеуде де тұрғындардың Ресей туы алып тасталған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орната бастағанына назар аудартты. О баста бұл некен-саяқ кездесетін құбылыс болса, енді жаппай сипат алып, кең таралып барады.

Липееваның айтуынша, үйреншікті "триколор" жойылған, RUS деген жазуы ортасына не шетке қарай орналастырылған нөмірлік белгілер бүгінде ресейлік автожолдарда жиі ұшырасады.

Осыған байланысты ГАИ ресми түсініктеме берді. РФ полицейлерінің айтуынша, мұндай нөмірлік белгілер қолдан жасалады. Бірақ туы жоқ нөмірлер үшін азаматтарға ешқандай айыппұл салынбайды.

"Стандартты мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері әдетте, үш цифрдан, үш әріптен, РФ субъектісінің коды жазылған кішкентай тік төртбұрыштан, латынша RUS жазуынан және ең бастысы, Ресей туынан тұрады. Осы арқылы коды әртүрлі республикаларды, облыстарды, өлкелерді және басқасын бір тудың біріктіретіні паш етіледі. Алайда қазіргі кезде мемлекеттік ту мүлдем жоқ нөмірлер қаптап кетті. Жүргізушілер биліктің мұндай нөмірлердің қаптамақ түгіл, тіпті пайда болуына қалай жол беріп қойғанына аң-таң. Бұл қалайша мүмкін болды? Неге ГАИ инспекторлары мұндай құбылысқа бей-жай қарайды?", – деп сауал тастады Елена Липеева.

Полицейлердің айтуынша, Ресейдің туы жоқ мұндай нөмірлерді жеке шеберханалар шығарады. Үшбояулы (триколор) туы жоқ нөмірлік белгілер интернет арқылы ашықтан ашық сатылады. Сонда тапсырыс берсе, еш қымсынбай дайындап, әкеліп береді. Бұл толығымен заңды болып табылады екен.

Өйткені Ресейде қолданылатын "ГОСТ Р 50577-2018" мемлекеттік стандартының 3.4-бөліміне сәйкес, автокөлік құралдарына арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінде РФ мемлекеттік туының бейнесінің болуы міндетті емес.

Ресей ІІМ-інің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас басқармасы (ГАИ) өзі шығарып беретін тіркеу нөмірлеріне туды басады. Бұл – рәміздік-символдық мәнге ие. Сонымен бірге тудың болуын міндеттеп, регламенттемеген екен. Бірақ автонөмірде "RUS" деген сөздің болуын талап етеді. Ол ережелерде бекітілген.

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, бұл жерде "Туы жоқ нөмірді кімдер жасайды?" дегеннен гөрі, "Туы жоқ нөмірлерге ресейліктер неге әуес болып кетті? Бұл оларға не үшін қажет?" деген сұрақтардың жауабы қызықтырақ. Мұндай нөмірлердің негізінен, ұлттық республикаларда, азшылық ұлттар шоғырлана тұратын өңірлерде аса танымал екенін ескерсе, оның астар-себебін жақсы түсінуге болады.

NJCar ресейлік порталы автомобилистер арасында басқа да мотивтер барын айтады.

"Ең танымал себеп – осы арқылы адамдар өзге бұқарадан ерекшеленіп көрінгісі келеді. Мұндай нөмірлер бірден көзге түседі. Мұндай нөмірлерді бейнебақылау камералары оқи алмайды, тиісінше, айыппұл сала алмайды деген әңгіме жиі айтылады. Немесе, ГАИ инспекторлары мұндай нөмірі барларға назар аудармайды деген қауесет жайылған. Бұл әрине, негізсіз. Заманауи камералар триколоры жоқ нөмірлерді де оңай оқи алады. Жол полициясы қызметкерлері үшін нөмірде тудың бар-жоқтығы ешқандай рөл ойнамайды. Керісінше, Ресей туын жойып, мықты көрінгісі келетіндерге полиция тарапынан жіті назар аударылуы мүмкін", – деп жазады мамандандырылған портал.

Порталдың болжамынша, мұндай көліктерді инспекторлар әр бұрылыс-қиылыс сайын жиі тоқтатуы мүмкін. Мысалы, өткен ғасырда Америкада қара нәсілділер мінген автомобильдерге полицейлердің қырғидай шүйліккені сияқты.

Автосарапшы Ирина Джиоеваның айтуынша, РФ-тің туы жоқ мембелгілер 90-шы жылдардың басында жаппай қолданылды. Ал, 1994 жылдан бастап ГАИ ондай белгілерді тек Башқұртстан, Татарстан, Санкт-Петербург, Калининград, Приморье тұрғындарына ғана берді.

"Қазіргі кезде ГАИ тек триколоры бар мембелгілерді береді. Соған қарамастан азаматтар Ресей туы жоқ автонөмірлерді өз бетінше жасатып алатынды шығарды. Бұл – заңды. Өйткені онда автоға арналған стандартты мембелгіде талап етілетіннің бәрі бар: серия, нөмір, өңір коды және RUS деген жазу орналасқан. Бұл жазу бірде төменге, бірде ортаға жылжытыла береді. РФ туы жоқ нөмірлер заңды және оған рұқсат етілген. Өйткені ГОСТе Р 50577-2018 мемстандартының талаптарына сәйкес келеді. Демек, бұл нөмірді тағып алу құқық бұзушылық болып табылмайды", – деді заңгер Александр Бударагин.

Оның айтуынша, "мембелгісінде РФ туы жоқ көліктер полицияның назарын өзіне аудартады" деген бос сөз. Өйткені бұл үшін бірде бір жүргізушіні жауапқа тарта алмайды. Заң бойынша егер көлік нөмірі жақсы оқылса, зақымдалмаған болса, мемстандарттарға (ГОСТ) сәйкес келсе, оған бірде бір инспектордың сұрағы болмауға тиіс.

Ирина Джиоева РФ туы жоқ нөмірлерді тек сатып алуға болатынын айтады. Тегін берілмейді.

"Ресейлік тудан арылған нөмірді Ішкі істер министрлігінен мемлекеттік белгілерді жасауға рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдарға тапсырыс беріп, заңды түрде алуға болады. Автокөлік иесі нөмірінің қандай болатынын өзі шешеді. Мысалы, ол РФ туын алғызып тастап, оның орнына сандар мен әріптерді әлдеқайда қанық, жуан қаріппен жазғыза алады. Триколордан тазартылған нөмірді алу үшін жүргізушіне лицензияланған компанияға бару да міндет емес. Оның мамандары бұл қызметті оффлайн, сондай-ақ интернет арқылы да көрсете береді. Дайын болған жаңа нөмірді поштамен немесе курьермен жібереді", – деді автосарапшы.

Мұндай автонөмірлер Ресейдің әр өңірінде әртүрлі бағаланады. Ұлттық республикаларда көп жасалатындықтан, бағасы 1 мың рубльден басталады. Мәскеуде орта есеппен 4 мың рубль тұрады.

Ресейде РФ туы жоқ автонөмірлер "блатной" саналады. 90-шы жылдары ресейліктер туы бар нөмірлерге көшірілгенде, туы жоқ нөмірлер күш құрылымдарында және билік органдарында сақталып қалыпты. Бүгінде ондай нөмірлер әскерилерге, полицейлерге, дипломаттарға беріледі.  

Тек басқа ұлт өкілдері ғана емес, орыс ұлтының азаматтары да РФ туы бейнеленбеген нөмірлерді пайдалана бастағанын аңғаруға болады.

"Өйткені бүгінде көптеген азамат жеке мүлкіне, соның ішінде машинасына Ресейге көзқарасы нашар вандалдардың назарын аударғысы келмейді. Егер РФ туын нөмірінен алып тастаса, ондай көлікке тиіспейді деген пікір таралған", – деп дәйектеді ресейлік "Автокод" порталы.

РФ туы жоқ нөмірлерге ие автомобильдердің иелері Грузия, Түркия, Қазақстан және басқа елдердің жолдарында өзін жақсырақ сезінеді деген байлам айтылды.

Бұл құбылыстың жаппай белең алғаны сонша, биылғы 2024 жылғы сәуірде Мемдума депутаты Александр Хинштейн Ресей туынан адаланған нөмірлерді қолдануға тыйым салу туралы ұсыныс енгізді. Соған байланысты Үкімет биылғы жыл соңына дейін "ГОСТ"-қа тиісті түзетулер енгізуге тиіс болады. Егер өзгерістер қабылданып, күшіне енсе, триколорсыз нөмірлер заң бұзушылық болып есептеліп, көлігіне соны таққан жүргізушілерге айыппұл салынады.

Депутаттық бастама бойынша бұл тыйым тек дипломатиялық нөмірлерге және талап күшіне енгенге дейін сатып алынған нөмірлерге таралмайды. Соңғылары мембелгілерін жоғалтуына немесе оның зақымдалуына қарай бірте-бірте РФ туы бар нөмірге көшеді. Сондықтан ресейліктер тыйым салынатын нөмір түрін тезірек сатып алуға асығуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу