Astana LRT компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердиновтің сөзінше, жүргізушілер жұрт айтып жүргендей, жұмыстан жаппай кеткен жоқ. Дегенмен, мұндай тенденция бірқатар автопаркте байқалып отырған көрінеді.
"Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін, яғни штатқа алынбаған автобус жүргізушілерінің банктерде проблемасы бар екен. Олар ресми түрде жұмыс істемегендіктен, ақшаны басқа жолмен алып келген. Қазір жағдай дұрыстала бастады. Бірқатар парктің басшылығы жағдайды коллекторлық компаниялармен талқылады. Оларға жүргізушілердің жалақысы көтеріліп жатқанын түсіндірді. Сол себепті банк алдында қарызы бар көлік жүргізушілерінің қарызды өтеу кестесін қайта қарауды ұсынды. Осы қадамның нәтижесінде біраз жүргізуші жұмысқа қайта оралды. Бұдан бөлек, жүргізушілердің бір тобын оқытып, резерв жасадық. Жағдай тұрақталып келеді", – деді Бекмырза Игенбердинов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы қоғамдық автобустар жүргізушілерінің жұмыстан жаппай шығып жатқаны белгілі болған еді. Осының салдарынан автобустардың жол жүру интервалы айтарлықтай ұзарып, бұл жағдай тұрғындардың ренішін тудырған болатын. Бұл ретте, жүргізушілердің жұмыстан жаппай кетуіне автобустардың электронды картаға көшуі түрткі болды деген пікір де айтылған еді.
Осы жылдың 21 шілдесінен Астананың қоғамдық көліктерінде сараланған тариф енгізілгенін білеміз. Бұл бірінші кезекте "көлеңкедегі" табысты жарыққа шырғару үшін жасалған қадам еді. "Астана LRT" басшысы Бекмырза Игенбердиновтің сөзінше, бұл қадам өзін-өзі ақтай бастады.
"Қоғамдық көліктерге электронды картамен есеп айырысу жүйесі енгізгелі бері тасымалдаушы компаниялар табысының 15%-дан астамы "көлеңкеден" шықты. Бұл жақсы көрсеткіш", – деді Бекмырза Игенбердинов "Нұр Отан" партиясы Астана қалалық филиалының көшпелі отырысында.
Оның айтуынша, бүгінде жолаушылардың шамамен 90%-ы электронды картаға көшкен. Алдағы бір-екі айда бұл көрсеткішті 95-98%-ға жеткізу көзделіп отыр. Міне, сол кезде жаңашылдықтан түскен жалпы табысты толықтай есептеуге жол ашылмақ.
Сонымен қатар жолаушылар кондукторсыз жұмыс істейтін автобустарға қатысты да шағым айтып жүргенін жақсы білеміз. Яғни, жолаушылар аялдамадан мінетіндер алдыңғы есіктен ішке енгенше, іштегі адамдар айтарлықтай уақыт жоғалтады дейді.
"Билетсіз жүретін жолаушыларды ұстау үшін Астана қаласының жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, көліктік бақылау қызметін күшейтіп жатырмыз. Осыған орай, автобуске мінушілер алдыңғы есіктен енеді. Ал жүргізуші жолаушылардың картаны пайдаланғанын яки пайдаланбағанын бақылап отырады. Бұл шетелдің тәжірибесі. Электронды төлем картасын пайдаланушылар үлесі 98%-ға жеткенде бұл мәселе де реттеледі", – деп сендірді Astana LRT басшысы.
Бекмырза Игенбердинов Астананың қоғамдық көліктеріндегі қазіргі тариф жыл соңына дейін сақталады дейді. Ал желтоқсан айында тасымалдаушылар тариф саясатын қайта қарастырмақ ниетте.
"Әзірше бұл мәселе қарастырылып отырған жоқ. Бұған дейін айтқанымыздай, бұл процесс екі кезеңнен тұрады. Шамамен желтоқсан айында биылғы жыл бойынша толық сараптама жасаймыз. Содан кейін тасымалдаушылардың табысына қатысты нақты ақпаратты көпшілік назарына ұсынатын боламыз. Өйткені бұл жерде "көлеңкелі" табыс деген болмайды", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Бұдан былай Astana LRT автобустарға жарнама орналастыра бастайды. Бұл да қосымша табыс табудың көзі екені түсінікті. Алайда, бұл қадам жол жүру ақысын төмендетуге әсер етпейді. Бекмырза Игенбердиновтің сөзінше, автопарктердің жарнамадан түсетін табысы барлық табыстың 1/5 бөлігін құрауы қажет.
"Осы уақытқа дейін жасалып жатқан жұмыстардың бәрі тасымалдаушылардың мейлінше көп табыс табуына бағытталған. Біз жолаушылар тасымалынан түсетін табысты 15-20%-ға арттыруды көздеп отырмыз. Соның бірден-бір жолы жарнама", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Оның түсіндіруінше, автопарктер бір жолаушыны тасымалдау үшін 198 теңге жұмсайды. Егер жолаушы электронды картамен есеп айырысса, Астана қаласының әкімдігі 108 теңгені, ал қолма-қол ақшамен есеп айырысқанда небары 18 теңгені ғана субсидиялайды. Бекмырза Игенбердиновтің сөзінше, субсидия компаниялардың шығынын жабуға жетпейді. Сондықтан, әкімдік субсидияның үлесін көбейтуді қарастыруы қажет. Өйтпеген жағдайда жолақы қымбаттайды.
"Әкімдік бізді қолдайды деп үміттенемін. Жыл соңында тариф мәселесіне де кезек келеді", – деді ол.
Осы орайда, Астана көшелерінде автобусқа арналған жолақтар (Bus Lane) көбейетінін атап өткен жөн. Astana LRT ЖШС-ның департамент директоры Бауыржан Сейітовтің айтуынша, автобусқа арналған жолақтар 2019 жылы Достық, Қонаев, Ақмешіт, Түркістан, Кенесары және Абай көшелерінде пайда болмақ.
"Біздің екі ірі жобамыз бар. Оның бірі – Bus Lane. Автобусқа арналған арнайы жолақтар қоғамдық көліктің кептелісте тұрып қалмауы үшін қажет. Тиісінше, жолаушылар да діттеген жерген уақытылы жетеді. Бұл жоба үш кезеңнен тұрады. 2015-2016 жылдары бірінші кезеңді өткердік. 2017 жыл екінші кезең болды. Қазір үшінші кезеңді өткеріп жатырмыз", – дейді Бауыржан Сейітов.
Оның айтуынша, бірінші кезеңде Астананың негізгі 11 көшесінде ұзындығы 38,4 шақырым болатын арнайы жолақ пайда болған. Екінші кезеңде 12 көшеге дәл осындай жолақ түскен. Бұл дегеніңіз 36,7 шақырым.
"Биыл әзірше бір ғана көшеге – Қосшығұлұлы көшесіне енгіздік. Осылайша, Bus Lane жобасының үш кезеңін қоса есептегенде 76,7 шақырым жолақ пайда болды", – дейді Бауыржан Сейітов.
Департамент директорының сөзінше, Bus Lane жобасының тиімділігі жоғары. Мәселен, бірінші кезеңде бұл жоба арқылы бір тәулікке жұмсалатын уақыттың 9%-ы үнемделген екен. Ал екінші кезеңде Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тұран көшелеріндегі уақыт тиімділігі 45%-ға жеткен. Жалпы алғанда арнайы жолақтарды енгізгелі бері автобустар 45 минутты үнемдейтін болған.
Фархат Әміренов