Журналисті жұдырықтаған полицейлер жазаланады (Видео)

7114

Митингілерге қатысқан 550 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.

Журналисті жұдырықтаған полицейлер жазаланады (Видео)

ҚР ІІМ Президент сайлауы кезіндегі рұқсат етілмеген митингілер "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ("ҚДТ") экстремистік ұйымы басшының нұсқауымен қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыру үшін ұйымдастырылды деп мәлімдеді.

"Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сот тыйым салған экстремистік ұйымның белсенділері шетелдегі басшыларының тапсырмасымен Қазақстанда қоғамдық тұрақсыздық орнату мақсатында түрлі әлеуметтік желілер мен  ақпарат құралдарын пайдаланып, ел азаматтарын шеруге қатыстырды және  құқықбұзушылыққа итермеледі", – деді ІІМ баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз.

"ҚДТ" белсенділерінің арандатуының салдарынан 9-10 маусымда ел азаматтары заңға қайшы әрекетке барғандары үшін полиция қызметкерлерінің назарына алынды.  9-10 маусым күндері Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұйымдастырылған рұқсат етілмеген митингілерде 550 адам жауапкершілікке тартылды", – деді Нұрділдә Ораз.

Белгілі болғандай, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында "ҚДТ" белсенділеріне шетелдегі басшыларынан деструктивті бағыттағы заңсыз әрекеттерін жалғастыру және халықты рұқсат етілмеген митингілерге шығару туралы тапсырма түсіп тұрған.

"ҚДТ" белсенділері халықты арандату және ел арасына іріткі салу мақсатында жоспарларын түрлендіріп отырды. Олар қала көшелерінде көлік кептелісінің пайда болуына және адамдардың тәртіп сақшыларына қарсылық танытуына ықпал етпекші болды", – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз хатшысы.

"Бұған дейін адамдардың қолдарына тас, таяқ, перц баллондарын алғанын ескеріп, қалалар мен облыстардың өңірлік штабтары "ҚДТ" белсенділері шақырған жерлерге көпшіліктің келуін шектеу туралы шешім қабылдады. Осыған қарамастан азаматтардың бір тобы "ҚДТ" белсенділерінің бастамасымен рұқсат етілмеген митингілерге ұйытқы болуға тырысты. Олар ішкі істер органдарына жеткізілді. Заңға қайшы әрекетке барғандар әкімшілік жауапқа тартылды. Түсіндіру жұмыстарынан соң үйлеріне жіберілді", – деді ІІМ баспасөз хатшысы.

Нұрділдә Ораздың сөзінше, журналист Шоқан Алхабаевты соққыға жыққан полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартылады.

"Министрлік осы факті бойынша зерттеу жүргізеді. Кінәлілер жауапқа тартылады", – деді ол.

БАҚ-тың дерегінше, маусымның 10-нан 11-не қараған түні Tengrinews ақпараттық порталының тілшісі Шоқан Алхабаев Алматыдағы митинг кезінде полиция қызметкерлерінің адамдарды ұстап жатқан сәтін видеоға түсірмек болған. Полиция қызметкерлері журналистің жұмысына кедергі келтіріп, телефонын тартып алуға тырысқан. Жерге жығып, бірнеше рет жұдырық жұмсаған.

Өз кезегінде Алматы қалалық полиция департаменті жоғарыдағы оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.

"Алматы қалалық полиция департаменті жауапкершіліктен жалтармайды және объективті тексеріс жүргізуге кепіл болады", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Алматы қалалық полиция департаменті БАҚ өкілдерін қызмет бабымен митингілерге қатысқан кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

"Тәртіпсіздік пен митингілер жайлы ақпарат тарататын  журналистердің үстінде оларды өзгелерден ерекшелендіріп тұратын арнайы киімі болуы керек. Бұл тәртіп сақшыларына журналистерді құжат талап етпестен тануға мүмкіндік береді. Журналист Шоқан Алхабаев оқиға орнында арнайы киімсіз жүрген", – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

ВИДЕО:

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу