Журналистке қырын қараған шенеунік жалақыдан қағылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2938

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында талқыға түскен заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің де жауапкершілігі күшейтуді қарастырады.

Журналистке қырын қараған шенеунік жалақыдан қағылады

Депутаттар журналистерге қатысты құжатты – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Бұл заң жобасын әзірлеген ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауына жауап бермейтін шенеуніктердің жалақысы төмендетілетін болады.

"Олардың қызметінің тиімділігін бағалау бонустық-балдық жүйеге келтірілуде. Сол себепті егер ол жауап бермесе, тиісінше, рейтингі құлдырайды, нәтижесінде, еңбекақысы да кемиді. Меморгандардың қызметі тиімділігінің өлшем-критерийлерінің бірі – БАҚ-пен жұмыс болады. Мемлекеттік қызметшілерге арнайы KPI, тиімділік көрсеткіштері белгіленеді, ол өз жұмысында соған сәйкес келуге міндеттенеді. Басшылар оның KPI көрсеткіштеріне жауап беретін-бермейтінін қарап отырады. Жауап бермесе, жұмыстан босата алады", – деді Дәурен Абаев.

Алайда осы заң жобасы шенеуніктердің БАҚ сұрауына жауап беруі уақытын қазіргі үш күннен 15 күнге дейін ұлғайтуды көздейді. Бұған журналистік қауымдастық қарсы, себебі, қазіргі жаңалығы желмен жарысқан заманда жарты ай ішінде ол тақырып өзектілігін толық жоюы мүмкін. Депутаттар да ақпарат құралдары өкілдерінің ұстанымын қолдайды. Сондықтан ақпарат министрі өздері ұсынған бұл мерзімді сәл азайтуға көнген сыңай танытты. Нақты қанша күнге дейін азайтатыны заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында белгілі болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу