Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадам күтеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

4429

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында осылай деді.  

Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадам күтеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Әр шараны елге пайдасы тиетін нақты іске ұластыру қажет.

"Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным  болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады", – деді Президент мемлекеттік комиссия мүшелеріне.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, тәуелсіздіктің 30 жылдығы – ел тарихындағы айрықша маңызды кезең.

"Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес.  Тиімсіз форум мен конференция өткізу де қажет емес. Тағылымдық мәні бар шараларға баса назар аударған жөн.Біз үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – басты міндет. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан ету артық. Жұрт бізден өміріне өзгеріс әкелетін нақты қадам күтеді. Мемлекеттік апарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үкімет әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеп жатқанын жариялап,

кодекс азаматтардың, әсіресе көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық жауап беруге тиіс екенін айтты.

"Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, тәуелсіздіктің игілігін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны", – деді Мемлекет басшысы.

Президент тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осыған дейін қолға алынған  саяси реформалардың үшінші кезеңі жүзеге асырылатынына назар аударды.

"Қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы 10 жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Үкіметке тиісті заң жобаларын жедел әзірлеуді тапсырдым. Парламент оны уақтылы қарауы керек. Еліміз егемендіктің келесі белесіне тың өзгерістермен қадам басқалы отыр. Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптастырамыз. 

Тиімді заң қабылдау арқылы маңызды реформалардың негізі қаланады.

Экономикалық, саяси және  әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ – елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болмақ", – деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 30 жылдықта атқарылатын шаралар негізінен жастарға арналатынын айтты.

"Біз не жасасақ та, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасаймыз. Бүгінгі жастар – өте білімді, алғыр. Олардың көзқарас көкжиегі кең, жаһандық үрдістің беталысын терең түсінеді. Ауқымды ойлай біледі. Ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген. Алпауыт компанияларда қызмет істеп жүргендері де көп. Біздің ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары. Ешқайсысы да игілікті істен шет қалмауға тырысады. Пандемия өршіген кезде мыңдаған жастарымыз халыққа қол ұшын беруге ұмтылды. 

Былтырғы Волонтер жылында бәріміз еріктілердің қажырлы еңбегіне куә болдық. Жастардың құлшынысы зор. Осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсатқа жұмылдыру қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өңірлерде жастарды жұмыспен қамту өзекті болып тұр.

"Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту жұмысымен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет. Қазіргі таңда жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзету енгізілуде. Енді, жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне "Жастардың даму индексі" қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Жастар саясатына арналған "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн. Әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады. Оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуге тиіс.

"Руханият саласындағы жұмыстың бірнеше бағыты бар. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды.

Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте  мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн.

Мысалы, биыл – Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Ядролық сынаққа тыйым салу арқылы біз өз тағдырымызға өзіміз жауап бере алатынымызды көрсеттік.

Шын мәнінде, бұл – халықаралық қауымдастық үшін де айрықша маңызды оқиға. Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды.

Жер жүзінің сеніміне ие болды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттік нышандарға құрмет – отаншылдықтың көрінісі екеніне ерекше назар аудапрды.

"Мен рәміздерімізді қолдану ережесін қайта қарауды тапсырдым. Қасиетті көк байрағымызды үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайды. Керісінше, азаматтардың мұндай әрекетін құптау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам екенін айтты.

"Тіл үйренуге талпынған азаматтарымызды бәріміз қолдайық. Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз. Жақында латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Латын қарпіне көшіп жатқанымыз да – Тәуелсіздіктің жемісі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 30 жылдықтың мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу маңызды екенін тілге тиек етті.

"Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы "Жасампаздыққа толы жылдар" деп аталады. Ендеше, жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміздің тарихи рөлін ерекше атап өтуге тиіспіз. Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт.Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы  құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан ешқандай қайыр болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, барлық бағыттар бойынша негізгі мәселелер нақтыланған. Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, ұсыныстарды мерекелік жоспарға және идеологиялық картаға енгізу тапсырылған.

"Мемлекетімізді нығайтуға, елімізді дамытуға үлес қосқан азаматтарға лайықты құрмет көрсетеміз. "Қазақстан Республикасының 30 жылдығы" атты мерейтойлық медаль шығарылады. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау. Бәріміз белсенді жұмысқа кірісейік!" – деп қорытты сөзін Қазақстан басшысы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу