Өйткені, "сайлау науқандары жергілікті жердегі жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін" деген пайымдар да жоқ емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар "аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па?" деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Сайыров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді.
Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланған. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарау маңызды саналады.
– Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек.
Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек, – деді Президент.