Жұртшылықтың қарсылығына қарамастан кремний зауыты салынбақ

15228

Аталмыш өндіріс орны техникалық кремний шығаруға ниетті.

Жұртшылықтың қарсылығына қарамастан кремний зауыты салынбақ

Осыдан үш айға жетер-жетпес уақыт бұрын Екібастұзда кремний зауыты салынбайтын болды деген жаңалықпен бөліскен болатынбыз. Алайда жергілікті тұрғындардың қарсылығына қарамастан, кеншілер шаһарында дәл осы зауыт бой көтеретін болды. Бұл жолы аталмыш жобаға атышулы "ANSA Silicon" компаниясы емес, шетелдік инвесторлар қаржы құймақ.

Естеріңізге сала кетейік, "ANSA Silicon" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Екібастұз қаласынан 16 шақырым жерде техникалық кремний өндіретін зауыт салу жобасы соңғы бірнеше жыл бойы қоғамда қызу талқыланды. Аталмыш кәсіпорынды салу үшін алдымен 70 гектар, кейін тағы 54 гектар жер телімі берілді. Одан бөлек, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ұйымдастыруға 40 гектар жер бөлінді. Жалпы, жобаның құны 38 млрд теңгені, қуаттылығы 135 мың тоннаны құрайды деп жоспарланды. Алайда өткен жылдың тамыз айындағы қоғамдық тыңдау барысында екібастұздықтар бұл зауыттың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсер ететін айтып, кәсіпорынның құрылысын құптамады. Тіпті ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 10244 адамның қолы қойылған ашық хат жолданып, онда зауыттың қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екені айтылған. Осы жылдың наурыз айында Екібастұз қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов инвесторлардың хабарсыз кеткенін алға тартып, жобаның тоқтағанын мәлімдеді. Зауыт құрылысына бөлінген жер телімдерінің мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары басталғанын да хабарлады.

Ал бүгін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Біріккен Араб Әмірліктерінен келген "Canarax" компаниясының өкілдерімен кездесіп, Екібастұзда техникалық кремний шығару мәселесін талқылады. Белгілі болғандай, бұл шетелдік кәсіпорын "ANSA Silicon" серіктестігінің акцияларын толықтай сатып алған екен. Ендігі ретте кремнийге қатысты жобаны жүзеге асыруға ниетті. Компанияның бас директоры Бхата Кишордың айтуынша, қазіргі кезде жер ресімделіп, тиісті құжаттар әзірленді. Құрылыс жұмыстары осы жылдың 20 шілдесінде басталмақ.

"Біздің "ANSA Silicon" компаниясынан басты ерекшелігіміз – еуропалық құралдармен жұмыс істейміз. Қоршаған ортаға шығаратын қалдықтар да еуропалық нормаларға сай болады. Сондықтан адам денсаулығына ешқандай қауіп жоқ", - дейді Бхата Кишор.

Шетелдік компания техникалық кремний өндірісіне биыл 20 млн АҚШ долларын, екі жылда барлығы 75 млн АҚШ долларын жұмсамақ. Жылына 35 мың тонна өнім шығарып, облыстың 380 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Шикізатты, яғни кварцитті Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан, электр энергиясын Екібастұздағы ГРЭС-1-ден алады. Бұл ретте аймақ басшысы жобаның жүзеге асуы үшін жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін білдірді. Осылайша, тұрғындардың қарсылық білдірген техникалық кремний шығару ісі оң жолға қойылатын болды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу