Жұрттың неге бірыңғай үнемдеуге көшіп жатқаны белгілі болды

178

Қоғам үшін тұрмыс қашан да талқылана беретін дүниенің қатарында. Нарық заманында табыс пен шығын – өмір сүрудің басты есебі саналып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде қазақстандықтар үшін қиындық жоқ емес.    

Жұрттың неге бірыңғай үнемдеуге көшіп жатқаны белгілі болды Фото: Inbusiness.kz

Таяуда Finprom сарапшылары Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын қауіпті деңгейге жеткенін жария етті, деп жазады inbusiness.kz сарапшысы. 

Азаматтардың тұтынушылық шығыны табысының жартысынан асып, 57,2 пайыз болған. Ал кәрі құрлық елдері осыған дейін кей мемлекеттерде бұндай шығын 21 пайызға жеткенде, "үлкен қауіп" ретінде мәселе көтерген еді. Сонда елімізде табыстың төмендігі мен қымбатшылық қатар соққы беріп жатқанын байқаймыз.

Зерттеуде кей аймақтардағы жағдайдың тіпті күрделі екені айтылған. Мәселен, Жетісу облысының жұрты бюджетінің 65 пайыздан астамын азық-түлікке шығындайды. Түркістан облысының халқы да осы шамада. Сонда тұрғын үй, коммунальдық төлемдер, несиелер мен басқа шығындарды қай қоямыз?

Осының әсерінен жұртшылық бірыңғай үнемдеуге көшіп жатыр. Телефон жаңарту, пәтер, автокөлік алу секілді жоспарлар кейінге қалып жатқанға ұқсайды. Ал білімге, өздерін дамытуға, демалысқа кететін шығындар туралы ұмытуы да мүмкін. Бұның салдары бизнеске де тиері анық.

Ал осы тұста қоғам пікірін зерттейтін DEMOSCOPE бюросының "Салық реформасының тиімділігін бағалау" атты зерттеуі де көп жағдайдың бетін ашты. Сауалнамаға қатысқан адамдардың көбі жаңа салық кодексі күшіне еніп, қосылған құн салығы жоғарылағаннан кейін шығыны артқанын айтқан.

Бұл тек жыл басынан бергі жағдайға қатысты. Сауалнамаға қатысқандардың 77,6% жаңа жылдың басынан бері шығыны өскенін жеткізіпті. 50%-дан астамы – тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, 26,3% – қаржылай тұрақтылық жайдайына, 16,2% – салық ережелеріне, 15% – нақты табыстың азаюына, 5,1% – жұмыстан айырылу қаупіне алаңдай бастапты.

Бюроның хабарлауынша, Қазақстанда экономикалық қиындықтар халық үшін ең маңызды мәселеге айналып үлгерген және тұрғындарының кемінде жартысы елдің басты проблемасы ретінде тауарлар мен қызметтерге қол жеткізудің қиындығын атаған.

ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІ БОЛУ – ИГІ ІС ЕМЕС

Негізі қымбатшылықтың болып жатқанын ресми деректер де нақтылай түсіп отыр. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы азық-түлік бағасы шамамен 8,5%-ға өскен. 2024 жылы азық-түлік инфляциясы 5,5% болды. Ал былтыр аяқ асты 13,5%-ға көтерілген. Бағаның өсімі жыл сайын қайталанып отыр. Тек жыл басынан бері халық көп тұтынатын ет өнімдері – 23%-ға, шұжық өнімдері – 19%-ға, алкогольсіз сусындар – 16,8%-ға, сүт өнімдері – 10-12%-ға, ұн өнімдері – 8,5%-ға, қант 7,9%-ға қымбаттаған.

Бұл жайтты Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де мойындаған, алайда өз кезінде енгізілген салық жүйесі, соның ішінде қосылған құн салығын кінәлі санамайтынын жеткізіп үлгерді. Түптеп келгенде, импортқа тәуелділікті айыптап отыр.

"Біз барлық азық-түлік түрімен өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзімізді 70-90 пайыз аралығында қамтамасыз етеміз. Тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана емес, басқа да тауарларды тұтынатын адамдар бар. Бүкіл әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Азық-түліктің басым бөлігін Ресейден аламыз. Соған орай импорт инфляцияға әсерін тигізеді. Сондықтан қосылған құн салығының 4 пайызға өсуін бәріне кінәлі деу дұрыс емес, – деген вице-премьер.

НАРЫҚ ЗАҢЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Дегенмен сарапшылар қымбатшылықтың себебі ретінде басқа да елеусіз көрінетін факторлар барын алға  тартады.

Мәселен, экономист Сапарбай Жобаевтың пайымынша, азық-түлік бағасының жиі көтерілуіне латифундистер мен олигархтардың әртүрлі жолмен субсидияны иемденуі әсер еткен. Бұған қоса, биліктің қазіргідей жолмен бағаны күштеп ұстауға тырысуын да әділетсіз санайды.

"Азық-түлік бағасының қымбаттауы қалыпты жағдайға айналып кетті. Дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда 2 миллионға жуық әлеуметтік көмекке мұқтаж адам бар. Нарықтық экономикаға көшсек те, бағаны қолдан белгілеу әлі тыйылмады. Ұн, нан, ет-сүттің бағасын көтермей ұстап тұрамыз деп, 1 трлн-ға жуық субсидияның 90 пайызын латифундистер мен олигархтар қармады. АӨК тікелей әсер ететін жанар-жағармай, коммуналдық төлемдерді қолдан өсірген соң, тағам өнімдерінің құны да күрт көтеріледі. Бағаны еркіндікке жіберсе, азық-түлік бағасы түсіп кетуі де мүмкін. Антимонополияға жауаптылар бағаға араласса дейміз. Былтыр картопты тапшы деп, 400-500 теңгеге қолдан көтерді. Бүгінде еркін айналымдағы картоп 180-220 теңгеден сатылып тұр. Жалақы, әлеуметтік төлемдер көбеймей, азық-түлік құнының шарықтауы – абсурд нәрсе", – дейді сарапшы.

Ал үкімет әдеттегідей қолдан бақылау шараларымен шектеліп отыр. Нарықты еркіне жіберу жайын ойламайды десек те болады. Сауда және интеграция министрлігі болса, 2025-2028 жылдарға арналған инфляцияны төмендету шараларын да қабылдап қойған. Бұның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дық сауда үстемесін сақтауды бақылап отыр екен.

Ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін импорттап әлек.

Оның үстіне, осыған дейін шығынымыз көп деп заржақ болып жүрген мал өсірушілерге танымал ірі сауда желілеріне еттің келісін 2900-3100 теңгеден өткізетін мүмкіндік жасап берген. Дегенмен осы тұста монополияның нышаны байқалады, екі алпауыт желі арзан ет алуға тікелей заңды арна ашып алғандай. Құс еті, жұмыртқа, қант өндіруге шикізат алу секілді толып жатқан жеңілдіктер бар. Дегенмен осының бәрі инфляцияға тежеу бола алмай отыр.

Шамасы, нарықтың заңына бағынып, экономиканы реттеудің жаңа тәсіліне жүгінген абзал болар. Бұл көзқарасты билік өкілдері алдағы уақытта ескере жатар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу