2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді – Ерлан Қарин

312

Елімізде қаралы күнге байланысты барлық Мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. 

Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді – Ерлан Қарин Фото: Ақорда

Вице-президент Ерлан Қарин Жалпыұлттық аза тұту күнінде қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Қаралы күнге байланысты барлық Мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. Ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Телеарналар мен радиолардың бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Ақпараттық сайттар мен мерзімді басылымдар ақ-қара түсті режимге көшірілді. Белгіленген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік деңгейдегі ресми отырыстар мен іс-шаралар қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алудан басталуда. Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды", – деп жазды Ерлан Қарин. 

Оның сөзінше, арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.

"Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды. Одан бөлек еліміздің белгілі кәсіпкерлері марқұмдардың отбасыларын материалдық тұрғыдан қолдайтындарын мәлімдеуде. Халқымыз осынау қиын сәтте тағы да өзінің береке-бірлігін көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісуде. Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді. Сол себепті баршамыз сабыр сақтап, бір-бірімізге қамқорлық танытып, елдігімізді білдіріп, ауыр сынақтан бірлесіп шығайық. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін, тұғырынан түспесін", – деді Вице-президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу