"Жусан-2" операциясы АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4263

Сириядан қайтқан жетім балалардың туыстары табылды.

"Жусан-2" операциясы АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды

7-9 мамырда Сирияның әскери қақтығыс болған аймақтарынан 231 қазақстандық елге қайтарылған болатын. Оның 16-сы ер адам, 59-ы әйел және 156-сы бала. Ал 18-і жетім бала. 

"Бұл гуманитарлық операция қарулы шиеленіс аумақтарында болған азаматтарымызды құтқаруға, сондай-ақ олардың балаларына Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде бейбіт өмір сүруге мүмкіндік беруді көздеді. Операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, бұл жобадағы Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін де атап өткен жөн", – деді Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған операцияға қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген "Жусан" операциясының жалғасы екенін еске салған еді.

Сириядан қайтарылған 16 ер адам мен 4 әйел елге келісімен, ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынған. Олар қылмыстық істерін тергеу орындары бойынша Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларына жіберілген. Қалған 55 әйел балаларымен бірге Ақтау қаласының маңындағы арнайы оңалту орталығына орналастырылды. Олармен бірге психологтар, теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері жұмыс жүргізуде.

"Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмысына біздің қызметкерлер басынан аяғына дейін қатысты. Бұл жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Аталған операция бойынша қоғамда көптеген сауал туындауда. Атап айтқанда, "Азаматтарды Сириядан қайтарудың қандай қажеттігі бар?", "Неліктен оларға елге кіруге тыйым салуға болмайды?" деген пікірлер айтылуда.

Біріншіден, біз мемлекет ретінде мідеттерімізді орындай отырып, өз азаматтарымызды елге қайтаруға тиіспіз. Кінәлілер бойынша жазаның орындалуын қамтамасыз етіп, кінәсіздерді оңалтудан өткізуіміз қажет. Бұл әлемде бар тәжірибе. Мысалы, 2018 жылы ел аумағында 50-ден астам терроризм мен экстремизмге қатысты шетел азаматын анықтадық. Барлығын өз елдеріне депортацияладық.

Екіншіден, бұл азаматтар шетелде қалғанда не болар еді? Содырлар Қазақстанға қарсы лаңкестік іс-әрекеттерін жалғастыратын еді. Жыл сайын шетел лаңкестері тарапынан бірнеше терактілердің алдын аламыз. Ал Қазақстанда олар ең аз дегенде жауапкершілікке тартылып, оңалтудан өтеді.

Үшіншіден, ең бастысы біз балаларды құтқардық. Шетелде қалып қойған балалар кім болып өсетіні жайлы ойлану қажет. Олар террористер қатарын толықтыратыны анық. Сондықтан балаларды елге қайтара отырып, біз болашақтағы ауқымды мәселені шешіп отырмыз. Қайтып келген адамдарға тағы бір мүмкіндік беруіміз керек", – дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев.

Осы күні көпшілікті 18 жетім баланың тағдыры алаңдатып отырғаны шындық. Олардың ата-анасы қарулы қақтығыс аймақтарында қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен. Бақытбек Рахымбердиевтің сөзінше, жетім балалардың туыстары табылған.

"Алдын ала тиісті жұмыстар жүргізіліп, барлық балалардың туыстары табылды. Олар жеткіншектерді өз отбасыларына қабылдауға дайын. Баланы асырап алуға, құжаттарды қалпына келтіруге қатысты қажетті заңнамалық рәсімдер бар. Бұл шаралар орындалғаннан кейін, жетім балаларды өз жақындарының тәрбиесіне беруде ешқандай кедергі болмайды", – деді Бақытбек Рахымбердиев.

Оның айтуынша, Қазақстанға келген 156 баланың ішінде 7 жасқа дейінгі 107 бала, 7-12 жас аралығында 43 бала, ал 12 жастан асқан  6 бала бар.

"Балалардың жартысынан көбі шетелде өмірге келген. Жалпы, "Жусан" операциясының екінші кезеңінде елге қайтарылған азаматтар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарының тумалары болып табылады", – деді Бақытбек Рахымбердиев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу