Жусаны жұпар даламыз жат қолында кетпейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5847

Елді алаңдатып, алаңға шығарған мәселелер жаңа заңда шешімін тапты.

Жусаны жұпар даламыз жат қолында кетпейді

Ел парламенті "Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын талқылауға кірісті. Осы аптада мәжілісте бұл құжаттың тұсауы кесілді.

Депутаттар алдынан "конвейермен" үздіксіз өтіп жататын немесе заң шығарушы органның сөрелерінде талай жыл "сүріленіп" жата беретін өзге жобалардан оны даралар бір ерекшелік бар: бұл заң жобасы былтырғы, Шығыс жылсанағы бойынша "қызыл, жалынды Мешін жылында" жердің тағдырына алаңдап, алаңдарға шығып кеткен халықты мазалаған мәселелерді шешуге арналады.

Осы мақсатта 2016 жылғы мамырда ел президентінің жарлығын орындау үшін үкімет "Жер реформасы жөніндегі комиссия" құрды, оның құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, қоғамдық ұйымдар, аграршылар, заңгерлер және қоғам белсенділерінен тұратын 75 адам мүше болды. "Жақсының жақсылығын айт" деген, аталған комиссия мүшелері үлкен іс тындырды, төрт ай бойы тер төкті, азаматтардың, ақсақалдардың ақылдарына құлақ түрді. Ақыр соңында халық бұдан былай бұл мәселемен көшеге шықпауы үшін қажетті талаптарды түзіп, оларды ұсынымдар түрінде рәсімдеді және ел басшылығына ұсынды.

Енді елдің осы ескертпе-талаптары жерде қалмады, қазір қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар түрінде енгізілуде.

Бірден айталық, жер – кез келген мемлекетте "өзекті мәселе" болып табылады. Дәл осы мәселе ағайын орыс пен украин халқын дүрдараз етіп, соғысқа дейін жеткізгенін айту артық.

Жер – ата-бабадан қалған мирас және аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ендеше қазіргі ұрпақ та жерді жаттың қолына беріп қоймай, келер ұрпаққа сол күйі табыстауы – шарт.

Сонымен бірге, ұлан-ғайыр дала арамшөп басып, бос жатпауы, тақыр мен шөлге айналмауы, керісінше, суландырылып, егін егіліп, төскейі малға толтырылып, елге игілік әкелгені жөн. Ауыл шаруашылығын түлетуге ұмтылған аграршы кәсіпкерлер екі ортада күймеуі керек.

Сарапшылар бұл істе шенеуніктер мен әкімқараларға ашықтық жетіспегенін айтады: халық жердің кімдерге және қандай шарттармен сатылып не 99 жылға жалға беріліп жатқанынан бейхабар болды. Белгісіздік сарыны қоғамда үрей туғызды.

Озық дамыған елдердің бірі саналатын Аустралияда билік қоғам алдында ақпараттық тұрғыдан әлдеқайда ашық, қолжетімді. Бірақ соның өзінде бұл жұртшылықтың бойын да қорқыныш билеп отыр. Жүргізілген жергілікті сауалнамалар көрсеткеніндей, аустралиялық қоғамдастық елге тым көп қытайлық инвестиция құйылуда деп санайды екен. Бұған негіз де жоқ емес: ҚХР-дың инвестициялық алапат тасқыны арна тартқан елдер арасында Аустралия АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

Инвесторларға арналған виза алуға қолайлы шарттар туғызылуы арқасында аустралиялық жылжымайтын мүліктерді сатып алуға "аспанасты елінен" лек-легімен инвестициялық турлар ұйымдастырылатын көрінеді. ҚХР шенеуніктері мен ірі бизнесмендері коммунистік Қытайдан шетелге кету үшін "запастағы аэродромды" дәл осы мемлекетте сайлауда екен. Мысалы, қытайлық Forbes тізімінде екінші орында тұрған, Wanda тобының қожайыны Ван Цзяньлинь бір өзі өткен екі жылда аустралиялық жылжымайтын мүлік объектілеріне 2 миллиард доллар құйған. Осылар нәтижесінде, бұл елдің ірі қалаларында қарапайым халық мұқтаж баспана мен жергілікті кәсіпкерлерге қажетті коммерциялық мүлік құны "ашытқы қосқандай" көтерілуде.  

Қоғамның алаңдаушылық білдіргеніне қарамастан, Аустралия билігі стратегиялық объектілерді, атап айтқанда, теңіз порттарын қытайлықтарға ұзақ мерзімге жалға беруде. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы China Merchants қытайлық корпорациясы аустралиялық инфрақұрылымдық қормен бірлесіп, Ньюкасл портын 1,2 миллиард долларға 98 жылға жалға алды. Бұл айлақта әлемдегі аса ірі көмір терминалы орналасқан. Шың елінің инвесторлары "ХХІ ғасырдағы теңіздегі Жібек жолы" аясында стратегиялық "Дарвин портын" да 99 жылға арендаға рәсімдеп алды. Аустралия қытайлық Landbridge компаниясына порттың 80%-дық үлесін $340 миллионға өткізді, бұған өзінің солтүстік өңірлерін экономикалық дамытуды жетілдіру үшін баруда. Бұл айлақты аустралиялық және америкалық әскери-теңіз күштері де пайдаланады. Қазір олар Мельбурн портын жекешелендіруге әзірлеп жатыр. Журналистер, сарапшылар және әскерилер оны да қытайлықтар әкетеді деп мазасызданып, бұл стратегиялық активке бұл елдің кіріп кетуіне жол бермеуін талап етуде.

Әрине, Қазақстандағы жерлерді шетелдіктер жаппай сатып алып жатыр деген проблема жоқ. Үкіметтің түсіндіруінше, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салынған. Оны тек Қазақстан азаматтарына сату ұйғарылған. Бірақ бұған да қоғам белсенділері қарсы шықты. Олардың байламынша, шетелдіктер белгілі бір сомаға паспортын пайдалануға берген қазақстандықтар арқылы жерді сатып алады: яғни, қағаз жүзінде ол жер елдің әлдебір азаматының атында тұрғанымен, іс жүзінде оған жатжұрттықтар иелік етуі ғажап емес. Сол себепті, Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсынысымен, жерді Қазақстан азаматтарына сатуға да уақытша шектеу қойылды.

Депутаттық корпусқа жаңа заң жобасының жаңалықтарын ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев түсіндірді.

Ол осының алдында мемлекет басшысының шешімімен және арнайы қабылданған заң бойынша қоғамдық пікір туғызған мәселелерге қатысты мораторий мерзімі 5 жылға ұзартылғанын, Жер кодексінің 24, 37, 97 және 101-ші баптарына ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға – жеке меншікке, ал шетелдіктерге тіпті жалға беруді де тоқтата тұратын өзгерістер күшіне енгенін еске салды.

Сонымен бірге, комиссия мүшелері еліміздегі аграрлық саланы дамыту үшін "жерді қазақстандықтарға жалға беру институтын" одан әрі сақтау және жетілдіру қажеттілігі туралы шешім қабылдағанын мәлім етті.

"Мәжіліске ұсынылып отырған заң жобасы осы мәселелерді қамтиды, – деді вице-министр. – Сонымен Жер реформасы жөніндегі комиссия келесі шешімдерді қабылдады: Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау және оны жетілдіру керек. Екіншіден, жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшері белгіленсін, жер үлкен көлемде бір адамның және заңды тұлғаның қолында шоғырланбауы қажет. Үшіншіден, шекара маңынан ауыл шаруашылығы жерлерін беруде қойылатын талаптар күшейтілуге тиіс. Төртіншіден, халыққа қажетті жайылым жерлер анықталады. Комиссияның осы ұсыныстары негізінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының тұжырымдамасы мен жобасы әзірленді.

Осылайша, ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандық аграршыларға сатылмайды, бірақ жалға беріледі. Сонымен бірге жалға берудің ашықтығы қамтамасыз етілмек. Осы мақсатта ол жерлерді "конкурстық негізде берудің" жеке тәртібін белгілеу көзделген.

"Конкурстың айқындылығы үшін конкурстық комиссияның құрамына комиссия мүшелерінің кемінде 50%-ын құрайтын қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қосу бекітілді. Конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушыларының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін "конкурс өткізілетіндігі туралы" хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдарында мен АШМ-ның, жергілікті әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Сол облыстағы барлық аудан әкімдіктері де бұл хабарды өздерінің ресми сайттары мен ақпараттық қабырғаларына іледі", – деді Ерлан Нысанбаев.

Заң талабы бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруді конкурстық комиссия арнайы тізілімге сәйкес жүргізеді. Ол тізілімді сол ауданның жер қатынастары бөлімдері құрады және міндетті түрде әкімдік жанындағы қоғамдық кеңеспен, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен және қоғамдық ұйымдармен келісіледі. Ақыр соңында тізілімді аудан әкімдігі бекітеді.

Конкурстың өткізілуінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында конкурстық комиссияны қоғамдық кеңес пен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құру қарастырылған. Бұл ретте, конкурстық комиссияның құрамы жергілікті өкілді органдармен бекітілетін болады.

Жаңа заң бойынша мемлекеттік шекараның шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке де, тіпті жер пайдалануға да берілмейді! Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жер учаскелерін жергілікті халықтың қажеттілігі үшін, мысалы, уақытша мал жаюға, шабындық ретінде пайдалануға ғана рұқсат беріледі. Яғни, шекара маңында жергілікті тұрғындар азын-аулақ малын жайса, немесе шөбін шапса, олар жауапқа тартылмайды, оларға оқ кезенбейді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныстарды Жер реформасы комиссиясының мүшесі болған, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл енгізген екен. Бақытбек Смағұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің қолдауымен ұлан-ғайыр жеріміздің өне бойын шарлап, барлық бұрышындағы шекараларын бақылап шыққан, байтақ жеріміздің әр бөлшегін күндіз-түні күзетіп жүрген шекарашыларымызбен кездескен депутат.

"Мен олардың қызметімен, тұрмысымен таныстым. Мемлекеттік шекараны күзетуде қолданылатын техникалық құралдарды, инфрақұрылымдарын көріп шықтым. Сонда шекарашылар өздерінің қызметіне ықпалын тигізетін жерге қатысты бірқатар түйінді мәселелерді көтеріп еді. Мәселен, шекарашыларымыз ҰҚК Шекара қызметіне инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштердің шебін жабдықтау үшін бөлінген мемлекеттік шекара белдеуі бойындағы жер учаскесінің енін 200-300 метрге дейін ұлғайтуды сұрайды. Әйтпесе, қазіргі кезде әсіресе, оңтүстік өңірлерде жергілікті әкімдіктер негізінен, ені 30 метр ғана жолақ бөледі. Үкіметтің 2005 жылғы 22 маусымдағы №771 қаулысында 30-100 метр бөлу қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар соның көбіне төменгі межесін назарға алады. Ал шекарашылардың айтуынша, шекара бойындағы белдеудің мұндай шағын ені инженерлік құрылыстар мен бөгеуіштерді толыққанды жабдықтауға, сондай-ақ шекараны бұзушыларды ұстау бойынша шекаралық нарядтардың іс-қимылына мүмкіндік бере бермейді", – дейді Бақытбек Смағұл.

Ол сондай-ақ шекарада, әсіресе, Ресей бөлігінде, дәл шекара бойында егістік алқаптары орналасқан жағдайлары кезігетінін анықтапты. Бұл әрине, шекараны күзетуге кедергі келтіреді.

Оның мәліметінше, бұның сыртында ауылдықтар қорасындағы малын жаяйын десе, ауыл маңындағы жерлерді де әлдебір тұлғалардың меншіктеп алғанына шағымданған. Бұл түйін де жаңа заңда тартқатылғалы тұр. Атап айтқанда, жеке аула малын жаю үшін қажетті жайылым жерлердің жетіспеушілік мәселесін шешу мақсатында заң жобасында "елді мекендер айналасында жеке аула малын ұстау бойынша халықтың мұқтажына қажетті жайылымдар аудандарын анықтау" қарастырылған. Аталған аумақтарда Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларына жер пайдалануға беруге тыйым салынатын болады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта жайылымдардың көп бөлігі жеке меншікте және жер пайдалануда екенін ескере отырып, әкімдерге енді оларды халықтың жайылым жерлерге деген қажеттілігін мемлекет мұқтажына енгізу жолымен алып қою мүмкіндігі берілетін болады.

Жаңа заң жерлерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды күшейтпек.

Былтыр комиссия мүшесі болған, сарапшы, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Жер реформасы жөніндегі комиссияның барлық басты шешімдері орындалғанын мәлімдеді. "Тұтастай алғанда, комиссияның барлық ұсыныстары заң жобасына енгізілген. Бірақ өмір бір орында тұрмайды, жаңа мәселелер туындайды. Жер қатынастары өте күрделі сала. Негізі, комиссия хаттама түрінде бекіткен барлық 11 шешімдер қабылданып отыр. Басқа қосымша мәселелер бар. Мысалы, оның бірі ашық кадастрге қатысты. Жерді кімдер жалға алғаны осы кадастр арқылы халыққа белгілі болуға тиіс. Немесе оралмандарға 10 пайыз бөлу туралы ұсыныс бар. Мұндай ұсыныстар комиссия жұмысын тәмамдаған соң айтылған" деді сарапшы.

Осы және басқа да депутаттар мен қоғам өкілдерінің жаңа ұсыныстары жұмыс тобы аясында қаралатын болады. Заң жобасын талқылау жаңа басталды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу