Жүз мың теңгенің жыры: Арыстықтар өтемақысын әлі алмаған

2710

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы, өткен айда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген Үкімет отырысында әрбір арыстық шілде айынан қалмай 100 мың теңгеден өтемақы алатынын хабарлаған еді.

Жүз мың теңгенің жыры: Арыстықтар өтемақысын әлі алмаған

Тамыз айы келсе де, жергілікті тұрғындар 100 мың теңгеден алмаған. Алайда өтемақыны алуға қажетті құжаттарын өткізгенін айтады. Ал, тамыз айының басында Арыс қаласының әкімі 100 мың теңгені жергілікті халық 12-інен бастап алатынын мәлімдеген.

"Барлығына банк карточкасы дайындалып, 17 секторға көше-көшені аралап таратып береміз. 5 тамыздан бастап таратып береміз. 12 тамызға таяу барлық отбасына бір уақытта ақшалары түседі. Бірде-бір отбасыға қазір берген жоқпыз. Барлығын орталықтандырылған түрде бір уақытта береміз", – деген болатын Арыс қаласының әкімі Мұрат Қыдырбек.

Арада көп өтпей 12 тамыз да келді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі "Арыстықтарға берілетін 100 мың теңгенің қашан аударылатыны белгілі болды" деген тақырыпта ақпарат таратты. Әкімдік баспасөз қызметінің жерден жеті қоян тапқандай, тақырыпты неге бұлай қойғаны бізге қызық болып тұр. Себебі Арыс қаласы әкімінің сөзіне сенсек, 100 мың теңгелік өтемақының 12 тамыз берілетіні халыққа апта бұрын аян болып қойған еді. 

Алайда тақырыбы сүйіншілеп тұрған осы ақпаратты оқи келе, Мұрат Қыдырбектің сөзі негізсіз болғанын байқайсың. Бүгін Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат жиынында "төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бір реттік өтемақы төлеу мақсатында 57 мыңнан астам тұрғынның мекенжайы анықталған. 18 жастан асқан азаматтардың төлем карточкалары түгел дайындалып, 5 тамыздан бастап таратыла бастаған. Бүгінге дейін азаматтардың 85 пайызы өз төлем карточкаларын алған. Қалған тұрғындар 9 және 15- секторларда орналасқан мектеп пен балабақшадан барып алуға болады. Карточкалар толығымен таратылып болған соң, тиісті қаржы аударылады", – деген мәлімет айтылыпты. 

Бұл мәліметте "карточкалар толығымен таратылып болған соң, тиісті қаржы аударылады" деген соңғы сөйлем барлық жағдайды айқындап беріп тұр. Демек арыстықтар әлі күнге бір тиын да өтемақы алмаған. Карточкалардың қалған 15 пайызы нақты қай уақытта таратылып бітері белгісіз. Бұл облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шілдеде Қасым-Жомарт Кемелұлы алдында айтқан сөзі сиырқұйымшықталып кеткенін аңғартпай ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу