Жыл қорытындысы бойынша берілетін бонустар, сыйақылар қызметкерлерді былтырғыдан да жақсы жұмыс істеуге, тынбай ізденуге, сол арқылы жаңа жетістіктерге жетуге, жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады.
Осы қағиданы басшылыққа алған қытайлық компания 25 қаңтарда үстелге 60 миллион юань (ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша шамамен 4,32 миллиард теңгеге барабар) ақшаны жайып салған.
Содан кейін оның басшылығы жиынға жиылған ұжым мүшелеріне белгілі бір уақыт ішінде осы ақшадан қаншасын санап үлгерсе, соның бәрін өзімен алып кетуіне мүмкіндік берген.
"Құрылыс техникасын сатумен айналысатын Henan Mine Crane Co. Ltd. компаниясының қызметкерлері жыл сайынғы жиынында тосын, әрі жомарт ұтыстың қатысушысына айналды. Фирма басшылығы ұзындығы 70 метрге дейін жеткен алып үстелге 9 миллион долларға тең қолма-қол ақшаны жайып тастаған. Осы орайда жұмыскерлерге шектеулі уақыт ішінде – 15 минутта қанша ақшаны есептей алса, соның бәрін өзімен бірге алып кетуге рұқсат етілді", – деп жазады World of Buzz.
Қағида қарапайым болды: жергілікті қызметкерлер 30 адамнан тұратын командаларға бөлінді. Егер үстелге бұлардың барлығы жабылса, бейберекетсіздік, хаос орнар еді. Оның үстіне бақылаушылар бәрінің бірдей қанша ақшаны санап үлгергенін қадағалай алмас еді.
Сондықтан топтардың әрқайсысы өзара ақылдаса келе, араларынан ақша санағанда қолы-қолына жұқпайтын ең жылдам, епті деген өкілдерін ортаға шығарған.
Командалардың әрқайсысының қанша табысқа кенелетіні де соларға байланысты болды. Мысалы, бір топтың табысын бөлгенде әрбір қызметкерге шамамен 14 000 доллардан келген көрінеді.
Компания Президенті бұл қайырымдылық өткен жылдың табысты аяқталуы арқасында мүмкін болғанын түсіндірді.
"Біздің компания 128 мыңнан астам кран сата алды. Соның арқасында 260 миллион юань (шамамен 18,7 миллиард теңге) таза табыс тапты. Біздің мойнымызда енді мерзімі өткен банк заемы жоқ. Ешкімге қарыз емеспіз. Табысқа кенелдік. Жылдық бонус төлеуге әбден мүмкіндігіміз бар. Сондықтан біз өз қызметкерлеріміздің өмірін жақсартқымыз келді", – деді ол The Paper газетіне сұхбатында.
Henan Mine Президенті әлгі "ақша-шашу" немесе қаржылық ханталапай рәсімі сыртында менеджмент пен қызметкерлерге 100 миллион юань (7,2 миллиард теңгедей) бонустар мен сыйақылар төленетінін жариялады.
Басылым мұндай "сүйкімді сюрпризге" қуанышы қойнына симай шаттанған, шабыттанған қызметкерлер бір сәтке "ақша санайтын машинаға" айналып кеткенін жазды.
Олардың күш-жігері ақталды. 100 мың юань (шамамен 7,2 миллион теңгедей) ақшаны қанжығасына байлаған қызметкерлер болыпты.
Бастапқыда жылдың қорытындысы шығарылып, жаңа жылға міндеттер қойылған жиында 40 миллион юаньді тарату жоспарланған екен. Қызметкерлердің жігерлі қимылы нәтижесінде ақша таусылып қалғандықтан, компания басшысы сол жерде тағы 20 миллион юань алғызып, оны да үлестірген.
Айта кету керек, бұл – шығыс көршіміздегі осындай жалғыз оқиға емес. Дәл осы компания екі жылдай бұрын да жұмыскерлерін адал еңбегі мен ерен жігері үшін марапаттаған екен. Қытайлық South China Morning Post жазуынша, 2023 жылғы 17 қаңтарда Хэнань провинциясында орналасқан Henan Mine фирмасының корпоративтік жиынынан "вирусті" видеоролик тарады.
Онда компанияның алдымен сахнада ақша банкноттарынан үлкен тау тұрғызғаны, содан кейін қызметкерлерді кезек-кезек сахнаға шақырып, астатөк ақшаны оларға бума-бумасымен таратып бергені бейнеленген.
Бейнежазбада қызыл шарф таққан костюмдегі адамдардың ақшаларды алып кетуге көмектесіп жатқаны көрсетілген. Бұл ретте кейбір адамдарға берілген қаржының көптігі сонша, оларды әкетуге бірнеше адамды жұмылдыру қажет болған.
Henan Mine жұртшылықпен байланыс бөлімінің атын атамаған менеджері салмақты жетістіктерімен ілгері оза алған қызметкерлерге бонустарды осылай шоу түрінде таратқандарын мәлім етті.
SCMP дерегінше, сол жолы 3 үздік менеджер 5 миллион юаньнен (шамамен 360 миллион теңгеден) олжалаған.
Бұдан бөлек, 30-дан астам озық жұмыскер 1 миллион юаньнен (72 млн теңгеден) артық бонус арқалап кетті.
SCMP соңғы 3 жылда Henan Mine компаниясынан бірде бір қызметкер жұмыстан кетпегеніне назар аудартады. Ұйымда қызметкерлердің орташа жалақысы жыл сайын 30%-ға өсіп отырады.
Айта кету керек, қазіргі кезде әлем экономикасының көтерілуі байқалады. 2025 жылғы 16 қаңтарда Дүниежүзілік банк жариялаған "Жаһандық экономикалық перспективалар" атты жаңа есебінде айтылғандай, мысалы, Шығыс Азия мен Тынық мұхит өңірі елдерінде 2025 жылы экономикалық өсім 4,6%-ға, Оңтүстік Азияда – 6,2%-ға, Африка мен Сахараның оңтүстігіне қарай орналасқан елдерде 4,1%-ға дейін жеделдейді.
Дүниежүзіндегі көптеген ел өркендеуінің жаңа белесіне көтеріліп жатыр. Осының арқасында компаниялар қызметкерлеріне төлейтін сыйақылар мен бонустарды арттыруда. Бұған дейін тайваньдық Evergreen компаниясының өз қызметкерлеріне 52 жалақысы көлемінде сыйақы төлегенін әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды.
Ал, сізге жұмыс берушіңіз жыл қорытындысында қанша бонус не сыйақы төледі?