Жыл басынан бері 5658 жолаушыға 27,214 млн теңге айыппұл салынды

2535

441 жүргізуші "қара тізімге" енді.

Жыл басынан бері 5658 жолаушыға 27,214 млн теңге айыппұл салынды

"Astana LRT" ЖШС қоғамдық көлікпен жүретін жолаушыларды жол жүру ақысын қол ақшамен төлеу әдетінен арылту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Серіктестіктің басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжановтың айтуынша, қыркүйек айынан бастап қоғамдық көліктерге автобустардың коды мен QR код жапсырылды. QR кодты пайдаланып, электронды төлем жасау үшін жолаушыларға "SMSbus пассажир" немесе Homebank мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет. Бұл қосымшалар жолаушының қалауы бойынша, жол жүру ақысын ұялы телефондағы бірліктерден немесе төлем картасындағы қаражаттан алады.

Бейбіт Есжановтың сөзінше, жолақысын SMS хабарлама арқылы да төлеуге болады.

Жол жүру ақысын төлеу үшін 2505 қысқа нөміріне "билет" деген сөзі бар SMS-хабарлама жолдау керек.  SMS-хабарламаның мәтінінде автобусқа жапсырылған көліктің коды жазылуға тиіс. Мысалы, 11001. Бұдан кейін ұялы телефонға 2505 қысқа нөмірінен электронды SMS чек келеді. Чекте тексеру нөмірі, төлем сомасы, уақыт, автобустың нөмірі, абоненттің телефон нөмірі, төлем жүйесіндегі транзакция нөмірі, тасымалдаушының аты және БИН нөмірі көрсетіледі. SMS арқылы төлем саны шектеусіз, жолаушы басқа жолаушының да жол ақысын төлей алады. Жалғыз шектеу -  минутына бір ғана төлем. 2505 қысқа нөміріне SMS жолдау тегін. Бір төлемнің өңделу уақыты - 20 секунд. SMS жеткізудің ең көп уақыты  1 минутқа дейін. Егер электронды чек бір минут ішінде SMS арқылы келмесе, жолаушы чектің көшірмесін сұрап ала алады. Аталған төлем түрін тек Activ, Kcell және Beeline абоненттері ғана пайдалана алады.

"Жол ақысын QR код және SMS арқылы төлейтін жолаушылардың саны көбейіп келеді. Қыркүйекте күніне 1300, қазан айында орта есеппен тәулігіне 4 мың жолаушы электронды төлем жасады. Нәтижесінде қыркүйекте 38 587 төлем, қазан айында 79 979 транзакция тіркелді", – деді "Astana LRT" ЖШС  басқарма төрағасының орынбасары.

Басқосу барысында Бейбіт Есжанов қоғамдық көлікпен жүретін кейбір жолаушылар заңға қайшы әрекет ететінін айтты.

"Кейбір жолаушылар билетсіз жүруді пайда көреді. Біз мұндай жолаушыларға ымырасыз күрес жариялап отырмыз. Жыл басынан бері 5658 жолаушыға 27,214 млн теңге айыппұл салынды", – деді ол.

Қоғамдық көліктің қызмет көрсету сапасын арттыру үшін "Astana LRT" ЖШС автобус жүргізушілерін де ерекше назарда ұстайды екен.

Бұл туралы Бейбіт Есжанов: "Әкімдік тасымалдаушылардың сапарын субсидиялайды. Қазан айынан бастап "Астана LRT" операторлармен және тасымалдаушылармен айыппұл санкциялары бойынша келісімге келді. Біз қазіргі таңда барлық құқық бұзушылықтар бойынша жұмыс жүргізіп,  айыппұл салып жатырмыз. Қазан айында тасымалдаушыларға 22 млн теңге айыппұл салынды. 441 жүргізуші "қара тізімге" енді. Барлық жүргізушілердің тәртібін ретке келтіру үшін бізге уақыт керек", – деді.

Оның сөзінше, 19 қазандағы жағдай бойынша, "қара тізімде" 132 жүргізуші ғана болған. Айдың соңынаи дейін "қара тізімге" енген жүргізушілердің саны 441-ге жеткен.

"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық көлік қызметкерлерінде жұмыс істейтін 2422 адамға 27,282 млн теңге айыппұл салынды. Құқық бұзған қызметкерлердің 2 мыңы кеңесші, 322-сі жүргізуші болды", – деді төрағаның орынбасары. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу