Жыл басынан бері ел экономикасы 6,4%-ға өсті

177

Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр.

Жыл басынан бері ел экономикасы 6,4%-ға өсті Фото: trans.info

Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4%-ды құрады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсу 8,3%-ды құрады және қызмет көрсету өндірісінің 5,3%-ға өсуінен жоғары болып қалыптасты. Негізгі драйверлер көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда 8,8%-ға, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті. Инвестициялар өсудің факторы болып қала беруде", – деді министр Үкімет отырысында.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 9,8%-ға өсті. Инвестициялардың ең жоғары өсуі болашақ сапалы өсу базасын қалыптастыратын салаларда байқалып отыр. 

"Қаржы қызметінде – 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауда – 57,9%-ға, білім беруде – 31,6%-ға, ақпарат және байланыста – 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 20,7%-ға, көлік қызметтерінде – 13,3%-ға өсу тіркелді. Инвестициялардың ең көп өсуі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау және Қарағанды облыстарында тіркелді", – деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд доллар болды. Тауарлар экспорты 64,6 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 23,3 млрд долларды құрады.

Тауарлардың импорты – 51,7 млрд доллар. 12,9 млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу