Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны 14%-ға өскен

662

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz

Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны 14%-ға өскен Фото: inbusiness.kz

 "Жылыту маусымы енді ғана басталды. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде адам өліміне әкеп соққан өрт оқиғалары тіркеліп отыр. Жыл басынан бері тұрғын үй секторындағы өрт саны 14%-ға, қаза тапқандар саны 10%-ға өскен. Абай, Алматы, Жамбыл және Ұлытау облыстарында өрт оқиғалары өсіп отыр. Сонымен қатар газ баллондарының жарылуы да жиілеп кетті. Биыл осындай 72 оқыс жағдай орын алды. Одан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапты", - деді Үкімет басшысы.

Ол жарылыстардың негізгі себебі ретінде газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамауды атады. 

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау функциясы әкімдіктерге жүктелген. Өңірлерде газ-техникалық инспекциялары құрылған. 

"Алайда олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет", - деп атап өтті ол.

Премьер-Министр ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігін баса айтты.

Жарамсыз газ баллондарын алып қою және утилизациялау тәртібі реттелмеген, деп жалғастырды Әлихан Смайылов.

"Оларды өзімізде өндіру мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Осыған байланысты Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері аталған проблемаларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдауы қажет. Газ толтыру пункттерінің иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, жарамдылық мерзімдерін міндетті түрде тексеру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Жүргізілген талдау нәтижесі өрт оқиғаларының көбіне жеке тұрғын үйлер мен қора-жайларда болатынын көрсетіп отыр. Онда негізінен егде жастағы адамдар мен балалар қаза табады. Абай, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының әкімдіктері үйлерде газ датчиктерін орнату жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбей отыр", - деп қорытындылады Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу