Жыл сайын 100 адам құлдықтан құтқарылады

БҰҰ Орталық Азия елдеріне адам саудасы мен заңсыз миграциядан түсетін заңсыз ақшаның жолын кесу бойынша көмек көрсетпекші. 

Жыл сайын 100 адам құлдықтан құтқарылады

Елордада  "Адам саудасы және мигранттарды заңсыз әкелу нәтижесінде алынған заңсыз қаржы ағынының жолын кесу үшін халықаралық және өңірлік ынтымақтастық" деген тақырыппен екі күндік семинар өтіп жатыр. Оған Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің прокуратура органдарының және қаржы барлау бөлімшелерінің өкілдері қатысуда.

Екі жыл бұрын Өзбекстан астанасында өткен шараның биыл Нұр-Сұлтанда өтуі де тегін емес. Қазақстан тарапы аталмыш істе  іргелес жатқан елдермен бірлесіп күрес жүргізуге құлықты.

Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін халықаралық FATF тобының мәліметіне қарағанда,  былтыр бүкіл әлем бойынша адам саудасының ақша айналымы 150,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал Қазақстан аумағында 70 мыңнан астам адам құлдық зардабын шегіп жатыр деген деректер айтылды. Жыл сайын елімізде 100-ден астам адам құлдықтан құтқарылатын көрінеді. Қазақстан адам саудасының көрсеткіштері бойынша 167 елдің ішінен 83-орын алған.

Ал БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данилио Камписи Қазақстанмен қоса жалпы Орталық Азия бойынша адам саудасының көлемі туралы нақты дәлелденген дерек жоқ екенін айтады. 

"Біз осы бағытта үлкен сараптамалық зерттеу бастадық. Келесі жылы соның қорытындысын жариялаймыз. Осы кезде аймақтағы нақты ахуалға баға беруге болады. Әзірге белгілісі Орталық Азия елдері мұндай тенденциямен мейлінше белсенді күресуге ниет танытып отыр", – деді БҰҰ өкілі.

Данилио Камписидің айтуынша, бүкіл әлемде миллиондаған адам табыс көзі ретінде сауда құрбанына айналып, заңсыз миграцияны басынан өткереді.

"Адам саудасына қатысты заңсыз әрекеттердің бәрі ұйымдасқан қылмыстық топтарға барып тіреледі. Қылмыстық топтар адамдарды сексуалдық мақсатта немесе күштеп жұмысқа салу үшін пайдаланады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз мигрант әкелу жүйесінде әлем бойынша 5-7 млрд АҚШ доллары айналымда жүр. Мұндай заңсыз табыстың ар жағында трансұлттық қылмыстар жатыр", – деді Данилио Камписи. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу