Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Гүлнафис Жүсіпалиева мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Денсаулық сақтау жүйесінде барлық ведомстволарды ескере отырып, медицина қызметкерлерінің саны шамамен 270 мыңды құрайды, оның 78 мыңнан астамы – дәрігер және 189 мыңға жуығы – орта медициналық персонал. Алайда мамандардың көбі қалаларда шоғырланған.
"Шын мәнінде, 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлік персоналмен қамтамасыз етілу 40,9-ды құрады, оны Еуропалық одақ елдерінің көрсеткіштерімен салыстыруға болады. Сонымен қатар еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде қаламен салыстырғанда ауылдық жерлерде кадрлық ресурстардың теңгерімсіздігі байқалады. Ауылдық жерлерді дәрігерлермен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға шаққанда 17-ні құрайды, ал қалада бұл көрсеткіш 57-ге тең", – деді спикер.
Министрлік өкілінің айтуынша, 2019 жылдан бастап түлектерді дербес бөлу жөніндегі республикалық комиссия жұмыс істейді. 2021 жылы олар 3 мыңнан астам жас маманды жұмысқа орналастырды. Оның 96%-ы сол мекемелерге жұмысқа тұрған.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жасақтау мақсатында жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын қабылдап, тұрғын үй бере отырып, ауылдық елді мекендер мен моноқалаларда орналасқан ұйымдарға жіберуге басымдық беріледі. Бұл жас мамандар мен олардың отбасылары үшін аса маңызды болып табылады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, жас мамандардың тек 40%-ы ғана көтерме 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақы, жалға берілетін тұрғын үй және басқа да шаралар түрінде әлеуметтік қолдау алады. Қостанай облысын ерекше атап өткім келеді, бұл жас дәрігерлерге үздік әлеуметтік қолдау көрсету бойынша үлгі аларлық өңір деуге боалды", – деп атап өтті ведомство өкілі.
Соған қарамастан Денсаулық сақтау саласын кадрларымен қамтамасыз етуде бірқатар тежеуіш факторлар бар. Гүлнафис Жүсіпалиеваның сөзінше, медицина қызметкерлерінің кәсіби қорғалмауы, жергілікті жерлерде әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, дәрігерлердің жүктемесі, кадр ресурстарының көші-қоны сынды мәселелер көп.
"Жыл сайын кадрлар жұмысына кәсіби түрде көңілінің толмауы, жалақының төмендігі, ауыр еңбек жағдайлары, жауапкершіліктің артуы, сондай-ақ мансаптық өсу перспективаларының болмауы себебінен, әсіресе, таяу шет елдерге кетеді. Бұл көрсеткіш орта есеппен 1100 адамды құрайды. Осы проблемаларды шешу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігердің жалақысы жылына орта есеппен 30%-ға, яғни, 189 мың теңгеден 246 мың теңгеге дейін артуда. Ал орта медицина мамандарының айлығы 20%-ға, 120 мың теңгеден 145 мың теңгеге дейін кезең-кезеңімен ұлғаяды", – деді спикер.
Сондай-ақ Гүлнафис Жүсіпалиев заңнамалық түрде медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру жөніндегі шаралар енгізіліп жатқанын атап өтті.
"Отандық медицина мектебінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейінде медициналық жоғары оқу орындарының шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік жобасы іске асырылды. Бұған қоса, шетелдік университеттердің тәжірибесіне сәйкес мамандарды даярлау стандарттары қайта қаралды және жаңартылды. Медициналық жоғары оқу орындарының, колледждердің білім алушылары мен түлектеріне тәуелсіз бағалау заңнамалық түрде бекітілді және енгізілді", – деп атап өтті спикер.
Құралай Құдайберген