Жыл сайын тасқынның себебімен емес, салдарымен күрессек, бюджеттің ақшасы жетпейді – Жақып Асанов

357

Әр көктемді уайыммен күту біздің әдетімізге айналды, дейді ол. 

Жыл сайын тасқынның себебімен емес, салдарымен күрессек, бюджеттің ақшасы жетпейді – Жақып Асанов Фото: iacis.ru

Сенатор Жақып Асанов су тасқынына дайындық өте өзекті мәселе екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Апат айтып келмейді. Бірақ сақтансаң, сақтаймын деген де сөз бар. Әр көктемді уайыммен күту біздің әдетімізге айналды. Былтыр естен кетпейтін апатты бастан кештік. Қарғын су қарқыны қатты болды. Қаншама үйлер, жол, көпір, әлеуметтік-коммерциялық нысандар зардап шекті. Мыңдаған отбасының шырқын бұзды, шырайын кетірді. Бұл зиянның бір парасы ғана. Президенттің араласуымен шұғыл шаралар қабылданды. Үйлер салынды, зардап шеккендерге көмек көрсетілді, инфрақұрылым қалпына келтірді. Бизнес те өз көмегін аямады. Дегенмен су тасқынына толықтай дайын болғанымызда осының көбін алдын алуға болар еді. Егер жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, бізге ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейді. Тіпті бүгіннің өзінде көктем келмей жатып, Ресейдің кей өңірінде су тасқыны басталып жатыр. Бір ғасырдан бері болмаған жағдай деп жатыр синоптиктер. Шекаралас Орынбор, Омбы, Орскіде су арнасынан шығып, майын басуда. Демек ол топан су көп ұзамай бізге де келеді", – деді Жақып Асанов Сенатта өткен Үкімет сағатында. 

Сенатор осыған орай Президент бірнеше міндет қойғанын баса айтты. Оның қатарында су қоймаларын жөндеу немесе жаңадан салу, суару каналдарын ретке келтіру, ғарыштық мониторингті барынша пайдалану, қауіп бар деген жерлердің картасын жасау, сол жерлерде мүлік сақтандыруды жаппай енгізу де бар. 

"Әрине, жасалатын жұмыстың көлемі өте ауқымды. Қаншама су объектілерін қалпына келтіру керек, қаншама дамбыларды күшейту керек, ғылымның да жетістігін ескеруіміз керек. Тасқын болса әр адам не істеу керек, іс-қимыл алгоритмі қандай болғаны дұрыс? Соған да үйреткен өте маңызды. Осы бағытта құзырлы органдар не істеп жатыр? Мұның бәріне жауапты бір орган емес, бірнеше орган. Солардың өзара іс-қимылы қандай болмақ?", – деді ол.

Жақып Асанов Үкімет сағатында айтылған орынды идеялар Парламентте қаралып жатқан Су кодексінде ескерілетінін айтты. 

"Қазір сіздер (ред. – Үкімет сағатында баяндама жасайтындар) барын салып, былтырғы еңбекті айтуға тырысасыздар. Оның бәрін біз естідік, көбін білеміз. Сол жағы тым көп болып кетпесе дейміз. Басты назар превентивті шараларға арналғаны жөн", – деп атап өтті сенатор. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу