Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер ашылады

242

Билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс.  

Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер ашылады Фото: istockphoto.com

Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа халықаралық бағыттарды ашу жұмысын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы  бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына  ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне  Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке,  ал 2027 жылы Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына  тікелей әуе қатынастарын ашуды тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің сөзінше, инвесторлар мен туристерді тартуда бұл  өте маңызды мәселе.

"Біз Қазақстанға шетелдік әуе компанияларын әкелу, сондай-ақ транзиттік жүк рейстерінің санын арттыру мақсатында авиаотын бағасын барынша тиімді еттік. Мемлекет басшысы  жүк тасымалдайтын отандық әуе компаниясын құруды тапсырды. Бұл жоба қазіргі таңда жүзеге асырылып жатыр. Биыл қазан айында алғашқы жүк борты Қазақстанға жеткізілуге тиіс. Көлік министрлігі осы мәселені ерекше бақылауда ұстасын. 

Әрине, саланы табысты дамыту үшін білікті мамандар қатарын айтарлықтай ұлғайту қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі Көлік министрлігімен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін авиациялық оқу орталығын құру бойынша шаралар қабылдасын", – деп атап өтті Премьер-министр.

Азаматтық авиация академиясы жаңа деңгейге көтеріліп, сертификатталған және әлем мойындайтын мамандарды дайындауы қажет. Олжас Бектеновтің пікірінше, шағын және өңірлік авиация үшін кадрларды даярлау кезінде авиация саласындағы қолданыстағы оқу орталықтарын пайдаланған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу