Ол үшін Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен саладағы құқықтық актілерге талдау жүргізетін жұмыс тобы құрылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның құрамын еліміздің әр өңіріндегі белсенді педагогтер толықтырады.
– Бұған дейін сала министрінің қабылдауында болған ұстаздар ведомство бекіткен кейбір бұйрықтардың өзара сәйкессіздігі туралы реніштерін жеткізген болатын. Жаңадан жасақталған жұмыс тобы осы кезге дейін қабылданған нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан бір-біріне қарама-қайшы келмеуіне талдау жасайды, – деп жазылған министрліктің ресми сайтында.
Министрлік өкілдері педагогтік қауымдастықпен бірлесе отырып, нормативтік құқықтық базаны кешенді түрде зерделеп заман талабына бейімдемек. Құжаттарды талдау кезінде цифраландыру талаптары барынша ескеріледі. Құжаттардың көпшілігінің ашық әрі жариялы болуына басымдық беріледі.
– Жұмыс тобын құрудағы басты мақсат – педагогтік қауымдастықпен кері байланысты күшейту, ұсыныстарды ашық және жариялы түрде талқылау. Жұмыс тобы жүргізген талдау нәтижелері бойынша министрлік нақты ұсыныстар пакетін әзірлейді. Біз он негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп, барлық нормативтік құқықтық актіге талдау жасаймыз. Талдау қорытындылары бойынша ұсыныстарыңыз алдағы жылдың ақпан айында әрбір бағыт бойынша бөлек талқыланатын болады, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Жиын барысында жұмыс тобындағы белсенділер педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидаларын да қайта қарау мәселесін көтерген. Бұған дейін министрлікке келіп түскен ұсыныстардың дені аттестаттаудан өту кезінде педагогтерден авторлық бағдарламаларды әзірлеу туралы талапты алып тастау жөнінде болатын.
Осы күні "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптамалық кеңес мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы педагогтердің авторлық бағдарламаларына республикалық деңгейде сараптама жүргізеді.
– 2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған. Оның арасындағы 303 авторлық бағдарлама мақұлданып, 572 авторлық бағдарлама қайта пысықтауға жіберілді. Ұсынылған авторлық бағдарламаларды талдау нәтижелері әрбір екінші жұмысты толықтыру керектігін көрсетіп отыр, – делінген ресми хабарламада.
Министр авторлық бағдарламалардың көбі мазмұндық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін, мұндай құжаттың талап етілуі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсайтынын алға тартты. Мақұлданған авторлық бағдарламалардың тізімі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, бағдарламалар білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмайды.
– Аттестация кезінде педагогтерге қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуды, педагогтердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруі тиіс. Осы орайда, сіздердің тараптарыңыздан нақты ұсыныстар күтеміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осылайша, алдағы уақытта "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеу алынып тасталады. Оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін нақты әрі әділ бағалауға мүмкіндік беретін, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға ықпал ететін баламалы инструменттер енгізілмек.