Жылдар бойы күткен жаңалық: Павлодарда ескі үйлер бұзыла бастады

Олардың орнына көпқабатты жаңа үй салынады. 

Жылдар бойы күткен жаңалық: Павлодарда ескі үйлер бұзыла бастады Фото: pavon.kz

Павлодар қаласында Затон деп аталатын шағын аудан бар. Мұндағы екі қабатты баспаналар өткен ғасырдың ортасында ағаштан салынған. Тозығы жетіп, қабырғалары сөгіліп, төбелері опырылып, өркениеттен ада қалған үйлердің тұрғындары жылдар бойы қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы бұл үйлерде әлі күнге дейін орталықтандырылған жылу, кәріз, су желілері жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір үйлерге ғана су беріле бастады. Оның өзінде қысым жоғары емес. Ал қыстың күні адамдар көмір тасып, от жағып жылынады. Оның өзінде от жағуға қорқады. Себебі мұржалар әлдеқашан ескірген. Ыс тисе, адамдардың ажал құшуы әбден мүмкін. Сондықтан кейбірі жылытатын электр құралдарды пайдаланады. Алайда оны күнұзақ қосса, жарық сөніп қалады. Ай сайын электр қуатын пайдаланғаны үшін орта есеппен 20-30 мың теңге коммуналдық ақы төлеуі тиіс. Дәретхананың далада орналасуы да тұрғындарға, әсіресе қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға қолайсыздық тудырады.  

Мұндағы тұрғындардың көбі – зейнеткерлер, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар. Олардың басқа барар жері, басар тауы болмаған соң осындай қиындықтарға көнуден басқа амалы жоқ. Әр күндері қорқынышпен өтетіні тағы бар. Себебі іргесі ағаштан салынған уақыттан бастап күрделі жөндеу көрмеген пәтерлердің қабырғалары ашылып, төбелері құлай бастады. Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын түн ортасында екінші қабаттағы пәтерлердің біріндегі плитала үйдің ішіне құлаған-ды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Осындай ауыртпалықтың барын жергілікті жұртшылық билікке талай жылдан бері айтып келеді. Әкімдік өкілдері болса, мемлекеттік қазынада жаңа үйлер салып беретін қаржының жоқтығын айтып, инвесторлармен келіссөздер жүргізуге уәде беріп жүрді. Әйтеуір араға жылдар салып жаңа баспана тұрғызып берер бір инвестор табылды.

"Бұл ауданға жасалған егжей-тегжейлі жобалау жоспарына сәйкес, 179 пәтері бар 20 ескі үй сүріледі. Олардың орнына көпқабатты 7 баспана салынады. Мұнда барлығы 723 пәтер болады", - дейді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.

Инвестор – "Малайсары Групп" компаниясы қазан айында Генерал Дүйсенов көшесі, 304 мекенжайындағы бір үйді бұзуды бастады. Оның орнына бір көпқабатты үй салып береді. Ал құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін ескі үйлердің иелері пәтер жалдап тұрады. Олар үшін жалдау ақысын әкімдіктің өзі төлейді. Бұдан соң жеке компания ағаштан тұрғызылған басқа ескі үйлердің орнына да заманауи баспаналар салуға ниетті. Тек ол үшін құжаттар, жоба жасау жұмыстарын біржақты етіп шешіп алу қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу