Жылдың қайырымды істері

1982

Тышқан жылы пандемия, карантинімен жабықтырса да асарымен, қайырымдылық істерімен жарылқаған жыл болды. Президенттің бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда "Еріктілер жылы" болып жарияланғаны есімізде. Бірақ сол кезде ешкім де адамзат басына қандай күн туатынын, сол қиындықты еңсеру жолында қаншама қарымтасыз жақсылық жасалатынын білген жоқ еді...

Жылдың қайырымды істері Фото: Қымбат Тоқтамұрат

Кәсіпкерлердің жомарттығы

Елімізде коронавирус инфекциясы тіркелмей тұрып, денсаулық саласына жауапты тұлғалар дайындығымыз сақадай сай, ешқандай вирус бізге қорқынышты емес деп жаһанға жар салды. Олар вирустың дәл қай уақытта, қай айда келетінін "көрегенділікпен" айтса да пандемияның қаншалықты қаусатып кететінін дәл сондай "математикалық дәлдікпен" болжай алған жоқ. Хош, сонымен, жеме-жемге келгенде "жауға төтеп беретін" ешқандай да әзірлігіміз жоқ екені әшкере болды. Бірақ елді тығырықтан алып шығуға жанашыр жандардың, бас көтерер азаматтардың көмегі көп болды.

Наурыз айында ел аумағында алғаш коронавирус тіркеліп, төтенше жағдай жарияланған кезде  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Birgemiz" қоғамдық қоры құрылып, оған кәсіпкерлер, бизнес өкілдері тарапынан ірі сомада жарналар құйыла бастады.

Елбасының тапсырмасы бойынша "Nur Otan" партиясы бастапқыда карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек ретінде 150 млн теңге бөлді. Коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске Елбасының шешімімен Тұңғыш Президент Қоры тағы да 200 млн теңге бағыттады. Қордың қаражаты есебінен аз қамтылған көп балалы отбасыларға, I топтағы мүгедектерге, мүгедек бала күтімімен отырған адамдарға, Ұлы соғысының ардагерлеріне, жетім балаларға, ең төменгі зейнетақы алатындарға 50 мың теңгеден көмек берілді.

Пандемия басталған алғашқы айда белгілі бизнесмен Болат Өтемұратовтың қоры да вируспен күресуге 200 млн теңге бөлді. Бұл қаржы коронавирусты жылдам анықтайтын экспресс-тестті сатып алуға, сараптамаларды жүргізетін мобильдік топты ұйымдастыруға бағытталды.

 - Коронавируспен күресуге 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пандемия өрши бастаған наурыз, сәуір айларында қор 94 мың тест жиынтығын елге алып келген алғашқы ұйым болды, бұл тесттердің 47 мыңы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына тапсырылды", – дейді аталған қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.

Болат Өтемұратов қоры биыл коронавируспен күресуге, мұқтаж жандарға үйлер салуға, Алматы қаласының ботаникалық бағын қайта құруды аяқтауға және басқа да әлеуметтік жобаларға барлығы 5,2 млрд. теңге бағыттаған екен.

18 наурыз күні "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев және кәсіпкер Қайрат Боранбаев та індетпен күресу жұмыстары үшін "Birgemiz" қорына 1 млрд теңге бөлгені белгілі болды. Сәуір айында осы кәсіпкерлердің ақшасына Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен мобильдік орталық көліктері сатып алынды.

Сондай-ақ, пандемияны жеңуге бағытталған жұмыстарға Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов 60 млн теңге аударса, "Сәби" қайырымдылық қоры мен Kaspi.kz бірлесіп, 210 млн теңгемен жәрдемдескен. Бұл қаржы  100 мыңға жуық тест пен жасанды демалдыру аппаратын сатып алуға септігі тиген. Кейін Kaspi.kz  медицина саласына  100 жедел жәрдем көлігін сатып алып бергені мәлім болды.

Тағы бір атымтай жомарт ERG тобы вируспен күресуге 100 млн теңге бағыттаса, BI Group холдингі де қарап қалмай, осы көлемдегі соманы көмекке жіберді. "Жұртшылық коронавирус жұқтырып, жаппай ауырып жатқан қазіргі кезеңде дәрігерлерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан біз індетпен күресіп жүрген барлық медицина қызметкерін қолдау мақсатында оларға 100 млн теңге аударып отырмыз" деп жазды холдинг басшысы Айдым Рахымбаев фейсбук парақшасында. Осы холдинг ауруханаларда орын жетпей жатқанда Hilton қонақ үйін карантинге алынғандарға босатып беріп, сонымен бірге, 13 күннің ішінде коронавируспен ауырғандарды емдеуге арналған стационарлар салғаны да жұртшылықтың есінде болар.

Алғашқылардың бірі болып, коронавируспен күресуге 50 млн теңге бөлгендердің қатарында Сбербанк те, БанкЦентрКредит те (100 млн теңге) бар. Бұған қоса, Төлбасы Серіктің қайырымдылық қоры 25 млн теңге көлемінде көмек көрсетсе, кәсіпкер Ғабдолла Дүйсенбаев та 5 млн теңгенің жәрдемін берді.

Қысқасы, "Birgemiz" қоғамдық қорының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін қорға 33,9 млрд теңге жиналған. Жиналған қаржының арқасында 655 251 адамға көмек көрсетілген, 2 112 медициналық қызметкерге сыйақы берілген және 5 млн дана маска сатып алынған.

Сырттан келген көмектен де сырт қалмадық

Қазақстанда індет өршіп тұрған кезде дүниежүзінің өзге елдері де қарап қалмады. Елімізге  ниеттес екенін білдіріп, қолдан келген көмегін беріп жатты. Бірақ сырттан көмек келді деп естісек те оның соңы сиырқұйымшақтанып кететін. Бұл көмек қайда, кімге берілгені бүгінге дейін белгісіз болып кетер ме еді егер "СК-Фармацияда" сең қозғалмаса...

Пандемия белең алып, дәріхана сөрелері босап, халық қажетті дәрілерін, дәрі тұрмақ, маска таппай қиналғанда "шет елдерден келіп жатқан гуманитарлық көмек қайда?" деген заңды сұрақ туындады. Ақыры, елдің шуынан кейін гуманитарлық көмекті үлестіруге тиіс бірыңғай оператор халықтың алдында есеп беруге мәжбүр болды.

Сонымен, Қазақстанға ең алғашқы көмек Қытайдан жеткен екен. Қытайлық China Construction Bank 9 935 бірлік бетперде, 409 қорғаныш көзілдірігін және 100 мың қолғапты 20 наурызда Нұр-Сұлтанға жіберген. Гуманитарлық көмек бас қалада коронавирус тіркелген кейін іле-шала келеді. Араға он күн салып, Қытай Үкіметі тағы бір көмек легін Алматыға жібереді.

Бұдан кейін Түркия елі туыстық және көршілік парызын орындап, 30 наурыз күні Нұр-Сұлтанға 1000 Easy flow (XL) жиынтығы, 1 500 бетперде, 750 қолғап, 10 GUABD XL костюмі бар қораптар аттандырады.

6 сәуірде Біріккен Араб Әмірліктерінен гуманитарлық көмек келді. Катар елі де, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Корея сынды көптеген мемлекеттер де Қазақстан пандемияны жеңіп шығуы үшін қолдарынан келген көмекті жіберген.

Ал вирус шарпыған тұста АҚШ тарапынан Қазақстанға көрсеткен көмегі 713 млн теңгені (1,6 млн $) құраған. "Биылғы мамыр айында Америка билігі халықаралық даму жөніндегі агенттік арқылы қосымша 1,5 млн АҚШ долларын бөлгені туралы жариялады. Ал Еуропалық одақ "Орталық Азиядағы COVID-19: дағдарысқа қарсы шаралар" бағдарламасы шеңберінде Қазақстанға 1,6 млн евро (756,2 млн теңге) бөлді, – деп хабарлайды forbes.kz.

Халықтың да шарапаты мол болды

Дүниежүзін дүрліктірген індет Қазақстанға сынақ та, сабақ та болды. Халық ең бастысы, бірлік пен бір-біріне деген жанашырлық болса, қандай да қиындықты еңсеруге болатынын ұғынды. Күрделі кезеңде халық шама-шарқынша бір-бірін қолдауға тырысты. Әлеуметтік желілерде иммунитетті көтеру үшін қандай тағам тұтыну керек, өздері ауырған кезде нендей ем қолданғанын да ел жарыса жазып жатты. Мұның түп-төркінінде ауырған адамға тамшыдай болса да көмектессем деген пейіл жатқанын есті жұрт сезінді.

Жұртшылық дәрі таппай сенделген сәтте Телеграмм, фейсбук желілерінде дәрі табуға көмектесетін әртүрлі топтар құрылды. Мұнда да халық өздерінен артылып қалған дәрі-дәрмекті сұраған жандарға тегін үлестіріп, қолғабыс етті.

Халықтың ішінде белсенділері індет өршіген тұста қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруды қолға алды. Мысалы, Aqjurek2020 жобасының авторы Ажар Жандосова мен оның командасы қайырымдылық қаражатын жинап, сол ақшаға медициналық қызметкерлерге қорғаныс киімдерін алып берді. Расима Темербаева деген қоғам белсендісі де елден түскен ақшаға көмекке мұқтаж болып отырған зейнеткерлер мен жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қоғамдық бақылау тобының Алматыдағы үйлестірушісі Саида Тәуекелова дәріханалар мен медициналық ұйымдарға мониторинг жүргізіп, гуманитарлық көмектің  әділ таратылуына қадағалау жасады.

Қайырымдылық көмектің ішінде айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның  көмегін де айтпай кетуге болмас. Әлеуметтік желіде көп сөз болған Айнұрдың көмегі Түркиядан аман-есен келіп жетті. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан жиналған ақшаға Түркиядан 225 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын, бірақ оны жеткізу мен таратуда қиындықтар туғанын жариялаған болатын. Оның соңы Президентке Үндеу жарияланғанға дейін жетіп, бірақ белсенді азаматтардың арқасында аталған көмектер шын мұқтаж жандарға таратылып берілді.

Қымбат Тоқтамұрат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу