Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен – Премьер-Министр

Әлихан Смайылов жылу желілерін техникалық тексеруді 1 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.  

Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен – Премьер-Министр  Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблемалардың бетін ашып берді. Мұның барлығы – әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары. Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер Үкіметте бірнеше рет қаралды. Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтіп жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керек", – деді Премьер-Министр.

Өткен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті. Тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан, орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да көптеген инфрақұрылымдық ақаулар орын алды.

Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірмен қамтамасыз ету және оны уақытылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл – жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауға тиіс еді. Біз алдын-ала болжау жүйесінің жұмыс істемейтініне көз жеткіздік.
Бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ.

"Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан, қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп", – деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министрдің айтуынша, олардың басым бөлігі, жылу желілерінің тозуына қатысты.

Осыған байланысты биыл Үкімет:
 
Біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіледі және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді;

Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады;

Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді.

"Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ, 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтқым келеді. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ті құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек. Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісім-шарттарда қарастыру керек", – деді Әлихан Смайылов. 

Айтуынша, шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс. Жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керек.

Қаржыны қайтару "Тарифті инвестицияға айырбастау" шеңберінде жүргізіледі.

Бұл ретте Премьер-Министр мына мәселелерді атап өтті:

Бірінші. Өңір әкімдіктері Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажет.

Екінші. Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керек.
Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек.

Үшінші. Энергетика министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, жоспарланған шаралардың толықтай іске асырылуын және алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс.

"Туындаған барлық мәселелерді жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек. Роман Васильевич, министрліктер мен әкімдіктердің, холдингтер мен компаниялардың арасындағы үйлестіру жұмыстары барынша тиімді жүргізілуі тиіс. Мәселе өзімнің жеке бақылауымда болады", – деп түйіндеді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу