Жылу құбырларын кесіп, су құбырларын бітеп жатыр

2463

"Көкшетау Жылу" мен "Көкшетау Су Арнасы" МКК қарызын қайтармаған тұрғындарға осындай шара қолдануға мәжбүр болды.

Жылу құбырларын кесіп, су құбырларын бітеп жатыр Фото: Азия Асылбек

Коммуналдық қарызы  500 млн-ға  жуықтаған қала тұрғындары "Көкшетау жылу" мекемесінің титығына тиіп, шыдамының шегіне жетті.

Жылу маусымы аяқтала салысымен "Көкшетау Жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғындардың мойнында 460 млн теңге бар екенін жариялап, қарызды қайтаруды талап етті. Көкшетаулықтарға  қарызы жөнінде бірнеше рет хабарлама жіберілгенмен, олар төлем жасауға асыққан жоқ. Салдарынан жылу мен су мекемесінің мамандары жылу құбырларын кесіп, су құбырларын бітеуге мәжбүр болды.

500 млн-ға жуық қарыздың 349 млн теңгесін жеке тұлғалар, қалған 128 млн теңгесін заңды тұлғалар өтеуге тиіс. Айтпақшы қала тұрғындары "Көкшетау Су Арнасы" МКК-ға да қарыз. Бұл мекеме тұрғындардан 143 млн теңге өндіре алмай жүр.

Бірден айтайық, "Көкшетау Жылу" МКК бірден қатаң шараға көшкен жоқ. Бұған дейін олар бірнеше рет тұрғындарды ақылға шақырып, түрлі акциялар мен рейд ұйымдастырды. Бірақ бұдан нақты нәтиже шықпады.

Юбилейное шағын ауданы 39 үйдің тұрғыны жылу үшін 3 жыл бойы төлем төлемеген. "Көкшетау Жылу" МКК мамандары оның үйіндегі батареяларды кесеміз деп барғанда ол қолма-қол қарызын қайтара қойды.

Бір қызығы, хан сарайындай зәулім үйлерде тұратындардың арасында да коммуналдық қарыздан құтыла алмай жүрген жандар бар екен. Айталық, Құсайынов көшесінде орналасқан төмендегі үй иесі "Көкшетау Жылу" МКК-ға 260 мың теңге берешек. Бұған дейін бірнеше рет  үй иесіне ескерту жасаған "Көкшетау жылу" мекемесінің мамандары бұл жолы аяушылық танытпады. Келді де жылу құбырын  кесіп тастады.

"Көкшетау қаласының абоненттері қарызға белшелерінен батып отыр. Осы уақытқа дейін 43 мекенжай жылудан ажыратылды,  – деді "Көкшетау жылу" МКК филиалының директоры  Самат Сматаев.

Айта кетейік, жылу құбырлары кесілген үй иелері құбырды қалпына келтіру үшін қарызын өтейді және айыппұл төлейді.

"Көкшетау Су Арнасы" МКК-да қарыздарын төлеуден жалтарып жүргендердің соңына шам алып түсті. Қазір қарыздарын төлемеген тұрғындар орталықтандырылған суық су жүйесінен ажыратылып жатыр. Күні бүгінге дейін 5,1 млн теңге қарызы бар 158 пәтер иесінің су құбыры бітелді.

"Мұндай қадамға баруымызға тұрғындардың өздері кінәлі. Жағдайын айтып келгенде түсіністік танытамыз. Алайда  тұрғындар біздің рақымшылығымызды басқаша қабылдап, заңсыз әрекетке барады", – деді "Көкшетау Су Арнасы" ШЖҚ МКМ су тұтыну және есепке алу бөлімінің басшысы Әсел Есенғожина.

Азия Асылбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу