Кеше түнде Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығындағы бірнеше қазандық агрегаты істен шығып, жылу желілерінен ақау анықталып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың бір бөлігі жылусыз әрі сусыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Апат неден туындады?
Аталған мәселе бойынша Екібастұз қаласында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен жедел штаб құрылды. Аймақ басшысы бұған дейін әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы станцияда су тұтыну көлемі үш есеге өскенін хабарлаған болатын.
"Судың ағып кетуіне байланысты тест жасалды, станцияда су азайып жатқан жоқ. Бұл жылу желілерінде апат орын алғанын айтады. Бірнеше дрон іске қосылды. Зақымдану орындары анықталды. Бұл жерлерде апаттық бригадалар жұмыс істеп жатыр", – деген еді Әбілқайыр Сқақов.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу желілеріндегі зақымдануды жоюға жедел бригадалар жұмылдырылды, орамдық желілерде бес ақау анықталды, басқа да зақымдануларды іздеу жұмыстары жалғасуда.
"27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында сағат 01.30-да жылу желілеріндегі зақымдануларға байланысты желілік судың қысымы төмендеді. Салдарынан №11, 13, 14, 15 су жылыту қазандықтары тоқтатылды, сондай-ақ №8 энергетикалық қазандық қолмен тоқтатылды. Жылу желісін толықтыру 400 тонна/сағ. норма кезінде шамамен 900 тонна/сағ құрайды. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: график бойынша – 87 градус, іс жүзінде 51 градусқа дейін төмендеді", – делінген министрліктің хабарламасында.
Жалпы электр станциясында 5 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығы мен бір бу турбинасы орнатылған. Олардың тозу деңгейі 70%-дан асады.
Министрліктің пайымынша, жылу құбырларының ескіруі апаттық жағдайдың орын алуына негізгі себеп болып отыр.
130 үйде жылу жоқ
Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Круктың хабарлауынша, бастапқыда станция тұтынатын су көлемі нормадан үш есе артық болып, 1 200 тоннаны құраса, қазіргі уақытта 700 тоннаға дейін түсті. Арнайы құрылған бригада 15 ақауды анықтады. Оның алтауы осы уақытқа дейін жойылса, қалғаны тоғызы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Одан бөлек, Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі магистральдың 5 камерасынан ақау шықты. Қазір мұнда да жөндеу жүріп жатыр. Жалпы, 130 көпқабатты үй жылудан ажыратылды. Жағдай бақылауда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл үйлердегі желілер қайтадан сумен толтырылады", – деді Олег Крук.
Қазір жылу-электр орталығындағы тағы бір қазандық іске қосыла бастады. Жалпы, осы уақытта орталықта үш энергетикалық және бір су жылытатын қазандық істеп тұр. Сол арқылы ЖЭО қалаға беретін қазіргі 52-53 градустық температураны 60 градусқа дейін жоғарылату көзделіп отыр.
Бұл ретте Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғындардан сабырлық танытуды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады. Сондай-ақ, жылудан ажыратылмаған пәтер тұрғындарына батареялардағы суды ағызбау керек екенін еске салды. Қазірі жылытыла бастаған бір қазандық арқылы температура жақын уақытта қайта көтерілуі керек.
Бұл ретте облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен тілдесті. Бірінші кезекте қиын жағдайға тап болған балалар орталығының тәрбиеленушілері Павлодар қаласына жеткізілмек.
Аймақ басшысының сөзінше, ол үшін жылы автобустар дайын. Алдағы бір-екі сағатта облыс орталығына бағыт алады. Балалармен бірге орталық тәрбиеленушілері де уақытша облыс орталығына ауыстырылады.
Ресми деректер бойынша Екібастұзда 689 көппәтерлі тұрғын үй, 82 әлеуметтік және 1 123 басқа да әртүрлі нысан бар.