"Жылынғың келсе, жануарды құшақта"

2875

Ұлыбританияның OvoEnergy энергетикалық компаниясы энергия бағасы күрт көтерілген жағдайда төлемдерді үнемдеу үшін тұтынушыларға үй жануарларын құшақтап, хула хуп айналдырып, көп су ішуге кеңес берген.  

"Жылынғың келсе, жануарды құшақта"

Ovo Energy энергетика компаниясы тұтынушыларға энергия тарифі көтерілген кезде айтқан ұсыныстары үшін кешірім сұрады. Бұл туралы компанияның әлеуметтік желісінде хабарланған.

"Біз осы жыл тұтынушылар үшін жағдайдың қаншалықты қиын болатынын түсінеміз. Жақындап келе жатқан энергетикалық дағдарыстың тиімді шешімдерін табу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ жылыну үшін берген кеңестеріміздің халыққа пайдалы емес екенін мойындаймыз. Біз өзімізді ыңғайсыз сезінеміз және шын жүректен кешірім сұраймыз", – деді Ovo Energy өз мәлімдемесінде.

Дүйсенбіде Financial Times компаниясы тұтынушылары жаурап қалмаушы үшін "Шығындарды азайтатын қарапайым 10 кеңес" тізімін жариялаған. Оларға үй жануарларын құшақтау, көбірек қозғалу, мысалы, хулахупты ұзақ айналдыру, балалармен жарыс өткізу, үйді тазарту немесе орнында тұрып секіру сияқты ұсыныстар кірді. Тәсілдердің арасында көбірек зімбір жеу, көп сұйықтық ішу, бірақ алкогольден аулақ болу, тамақ дайын болғаннан кейін пешті ашық қалдыру сияқты ұсыныстар да бар.

Депутат Клайв Льюис мұндай ұсыныстарды "Клоун кеңестер" деп атады. "Тұтынушылар жылу қосамыз ба әлде азық-түлік сатып аламыз ба деп қиналып тұрған кезеңде бұндай кеңестер халықтың көңіл күйін түсіреді" деді ол.

Банкроттар толқыны

Өткен жылдың қыркүйек айының басынан бері бірнеше миллион адамға қызмет көрсететін Ұлыбританияның 20-дан астам энергетикалық компаниясы рекордтық жоғары газ бағасына байланысты банкроттық туралы жарияған. Оның ішінде клиенттер саны бойынша елде жетінші орында тұрған Bulb компаниясы да бар. 1 қазаннан бастап баға көтерілгеніне қарамастан, көптеген британдық энергетикалық компаниялар шығынға ұшырауды доғармады.

Үкімет оларға әлі қаржылық көмек көрсетпейтінін мәлімдеді. Ұлыбританияның бизнес, энергетика және өнеркәсіптік стратегия министрі Квази Квартенгтің айтуынша, елде тағы да жаңа банкроттық күтіп тұр.

Сәуір айында бағаның шегі тағы да артады деп күтілуде, ал британдық үй шаруаларының электр энергиясына жұмсалатын орташа шығыны жылына 2 мың доллар (870 мың тенге) сомаға жетіп, 50%-ға өседі.

"2021 жылдың 21 желтоқсанында Еуропадағы газдың биржалық бағасы тарихта алғаш рет мың текше метрі $2 000 бағаға көтерілген. Артынша, күннің жылынуына және Еуропадағы жел генераторының жаңаруы мен АҚШ-тан Еуропаға СТГ тасымалдайтын танкерлердің саны үштен бірге артқанына байланысты баға қалпына келген. Еуропада сейсенбі күні биржалық сауда-саттық барысында газдың бағасы тағы да мың текше метр үшін 1 000 доллардан төмендеді", – деп хабарлайды Лондон ICE биржасы.

Дина Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу