Павлодар облысында көпқабатты 200 үй салынады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10811

Бірақ, құрылысшылар аталған жоспарды бес жылда орындап шығады дегенге сену қиын.

Павлодар облысында көпқабатты 200 үй салынады

Павлодар облысы "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасын орындау бойынша республикада соңғы орындарға ие. Бұл туралы Үкімет отырысында бірнеше рет айтылған болатын. Биліктен сын естіп, берекесі қашты ма екен, Болат Бақауов басқаратын өңір алдағы бес жылға ауқымды жоспар құрып отыр. Яғни, алдағы бес жылда облысқа қарасты үш қалада көпқабатты 200 тұрғын үй салынбақ. Осылайша, Павлодар облысы "7-20-25" бағдарламасын орындаудағы олқы тұсын толтыруға ниетті. Сонымен қатар, әкімшілік облысқа көшіп келушілерге жақсы жағдай жасауға ықыласты.

"Бес жыл ішінде Павлодар қаласында көпқабатты 100 үй, Екібастұзда 50 үй және Ақсуда 50 үй салынады деп күтілуде. Одан бөлек, шамамен 2 мың жеке тұрғын үй тұрғызылады. Қазіргі уақытта Екібастұз және Ақсу қалаларында құрылыс жұмыстары басталды. Жергілікті және елордалық компаниялар құрылыс жұмыстарымен айналысуда", – деді Павлодар облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисов.

Оның айтуынша, алғашқы үйлер келер жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек. Ал Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің құрылысы 2020 жылы басталады.

"2020 жылы 10,9 млрд теңгеге 19 тұрғын үй салынады деп күтілуде. Оның 8,1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 2,8 млрд теңгесі облыстық қазынадан бөлінеді. Бөлінген қаржыға Павлодардың "Достық" шағын ауданында 2 үй, Екібастұздағы №22 шағын ауданда 10 және Ақсу қаласындағы №4 ауданда 7 көпқабатты үй пайда болады. Бұл дегеніңіз – 1100 пәтер", – дейді басқарма басшысы.

Пайдалануға берілетін үйлер "Nurly Ertis" бағдарламасы аясында Павлодар облысына көшіп келетін тұрғындарға беріледі. Биыл аталған бағдарлама аясында Екібастұз қаласына 2 мыңнан астам адам көшіп келді. Ал 2020 жылы облысқа 6 мың адам қоныс аударады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында 25 мың бос жұмыс орны бар. Оның 10 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Аталған мәселені шешу мақсатында облыста "Nurly Ertis" бағдарламасы қолға алынған болатын.

"Екібастұз, Ақсу қалаларының білім беру мекемелерінің басым бөлігінде бос орындар көп. Оның үстіне облыстан көшіп кетіп жатқандардың қарасы қалың. Осыны ескере отырып, жұмыс күші көп оңтүстік өңірдің тұрғындарын, елордалықтарды Павлодар облысына шақырып отырмыз. Арнайы шақырған соң, оларды баспанамен міндетті түрде қамтуымыз керек. Мәселен, биыл Екібастұздағы көпқабатты 4 тұрғын үй облысқа қоныс аударушыларға берілді", – деп нақтылады Рүстем Раисов.

Белгілі болғандай, "Nurly Ertis" бағдарламасы аясында көшіп келушілерге көпқабатты тұрғын үйлер ғана емес, жеке үйлер де берілетін болыпты. Бұл ретте, Екібастұзда 1 мың гектар жер телімі құрылыс жүргізуге дайындалған.

"Мұнда қажетті инженерлік желілер тартылды. Қазіргі уақытта орталықтандырылған жылу желісі жүргізілуде. Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде де 1 мың гектардан астам жер теліміне инфрақұрылым тарту мәселесі қарастырылуда. Ақсу қаласында бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды. Мұнда келесі жылы бірдей типтегі 60 үй салынады. Жалпы, жеке үйлердің құрылысы тек "Nurly Ertis" бойынша емес, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша да жүргізіледі. Соның нәтижесінде облыс аумағындағы тұрғын үй қоры айтарлықтай көбейеді", – дейді құрылыс басқармасының басшысы.

Еске сала кетейік, соңғы үш жылда Павлодар облысында 711 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биыл 300 шаршы метрді іске қосу жоспарланған. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу