Жынысына қатысты дау тудырған боксшы IBA-ны сотқа берді

Бұл істе Халықаралық бокс қауымдастығы да (IBA) қалысар емес. 

Жынысына қатысты дау тудырған боксшы IBA-ны сотқа берді Фото: championat.com

Бұған дейін аталған ұйым Иман Хелифті "қыз емес, ер адам" деген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Яғни, IBA алжирлік боксшының Олимпиадада әділетсіз чемпион болғанын мәлімдеген.
Оқиғаны әріден бастасақ. Жынысына байланысты бокс әлемінде дау туындаған Иман Хелиф 2023 жылы әлем чемпионатында гендерлік тест тапсырып, оның ағзасынан ер адамға ғана тиесілі XY-хромомсомалары анықталған болатын. IBA оны сол жылы әлем чемпионатына қатысу құқығынан айырса да, бір жылдан соң Олимпиада чемпионы атанды. 

Қазіргі уақытта IBA ХОК-тың үстінен Швейцария бас прокуратурасына шағымданған. Ал Иман Хелиф "жеке өміріме қол сұқты" деп IBA-ны сотқа берген. 

– Менің енді Халықаралық бокс қауымдастығына ешқандай қатысым жоқ. Есесіне бұл ұйымды Халықаралық Олимпиада комитеті де мойындамайды. Бірақ, олар тағы да жалған және агрессивті айыптаулар жасап, өз мүдделерін ілгерілетуге тырысып жатыр. Бұл – тек менің ғана емес, жалпы спорттағы адалдық мәселесі. Менің командам жағдайды мұқият зерттеп, заңды құқықтарымды қорғау және әділ бәсекенің сақталуы үшін барлық қажетті қадамды жасап келеді. Жауапты тұлғалар өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс. Біз әділдік үшін барлық мүмкін заңды құралды қолданамыз, – деп жазды алжирлік боксшы әлеуметтік желіде. 

Ресейлік Умар Кремлев басқаратын IBA ұйымы Иман Хелифтің бұл әрекетіне еш таңғалмайтынын, қайта қуанатынын жеткізген. Өйткені, ол сотта боксшыны гендерлік тесттен өткізіп, шынайы жынысын бүкіл әлемге танытуға білек сыбанып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу