Ол енді ауыр атлетикадан ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы ретінде жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алмас Дәулетярұлы – ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, ауыр атлетикадан екі дүркін Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы.
– Қызылорда облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығына сәйкес, Өтешов Алмас Дәулетярұлы ауыр атлетикадан ересектер арасында облыстың аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Ендігі кезекте Алмас Дәулетярұлы облыста ауыр атлетика спорт түрін дамытуға және спортшылардың тұрақты түрде әлемдік додаларға қатысуына сондай-ақ спортшылардың жалпы нәтижесіне жауапты болады, – делінген хабарламада.
Даңқты спортшы бұған дейін басқармаға қарасты "Мұз айдыны" мекемесінде әдіскер, "Олимпиадалық резерв даярлау орталығы" КММ директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
Бұған дейін "100 пайыз өзгердім" деген зілтемірші Алмас Өтешов басшылық қызметке тағайындалды" деп жазған едік.
2016 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданғаны үшін Алмас Өтешовті 4 жылға спорттан шеттетті. Зілтемірші өмірінің осыдан соң адам сенгісіз жағдайда өзгергенін отандық журналистке кең көлемде сұхбат беріп, толық баяндады. Бұл қоғамда резонанс тудырып, спортшының өзгеруіне сеп болды.