Байқоңырдан көкке көтерілген зымыран қалдығы Жезқазған өңіріне құлап, далада өрт тұтанған. Тілсіз жаудың құрсауында қалған КамАЗ көлігінің жүргізушісі қаза тапқан.
Кеше түскі үш жарым кезінде Қызылорда облысы мен Қарағанды облысының Ұлытау ауданы шекарасына зымыран қалдығы түскендігі туралы дабыл қағылғанда Роскосмоспен келісімшарт бойынша зымыран қалдықтарын жинаумен айналысатын "Машиностроение" ҒӨБ" АҚ мекемесінен апат болған жерге 8 көлік аттанған. Құтқару тобы лаулап жатқан өрттің үстінен түсіп, оны өз беттерінше сөндірмек болған.
Өрттің ортасында КамАЗ көлігі қалып қойған. 64 жастағы жүргізушісі оттың ортасынан шыға алмай, мерт болған. Ал оның қасындағы серігін күйік шалған.
Қарағанды облысы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, Роскосмоспен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін мекеменің өрттің шыққанын дер кезінде хабарламауы жағдайды ушықтырып жіберген. Өйткені түскі сағат үш жарымда басталған өрт туралы хабар Жезқазған қаласындағы төтенше жағдайлар қызметіне кешкі сағат жетіде жеткен.
Күннің қатты ысуы мен екпінді жел тілсіз жауды одан сайын күшейткен. Салдарынан 10 мың гектар жер жанып кеткен.
"Өрт зымыран қалдықтары түскен бойда Қызылорда жақтан шыққан. Кешкі сағат жетіден асқанда өрт сөндірушілер іске кірісті. Түнгі сағат бірден кеткенде тілсіз жау Талап ауылына 16 шақырым жерде сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға 61 адам, 22 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт түнгі сағат үш жарымда толық өшірілді", – деді облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ибрагим Күлшімбаев.
Денесінің 45 пайызын күйік шалған Жезқазған қаласының 1968 жылы туған тұрғыны орталық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
"Ер адамды ауруханаға түнгі сағат 11 шамасында ауыр халде жеткізген. Ол өздігімен дем ала алатын жағдайда. Алайда жағдайы ауыр болғандықтан, жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір санавиация шақырып, денесін күйік шалған адамды Қарағандыдағы Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығына жіберу мәселесі қаралып жатыр", – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
Арайлым Еркебаева