Зырян Алтай атана ма

"Горняк" мәдениет үйінде 28 қыркүйек күні ауданның атын ауыстыруға қатысты қоғамдық тыңдау өтеді.

Зырян Алтай атана ма

Осыдан бірнеше күн бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов Зырян ауданының атын Алтай деп өзгерту бастамасын көтерді. Аймақ басшысының сөзінше, Алтай қастерлі ұғым, киелі жер және брендтік атау.

"Бұл мекенді адамзаттың алтын бесігі деуге болады. Түркі халықтарының,  мажарлар мен жапондардың, корейлер мен басқа да ұлт өкілдерінің түп тарихы Алтаймен біте қайнасқан. Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертсек, тарихқа тағзым жасаймыз және ауданның экономикалық тартымдылығын арттырамыз деп ойлаймын. Себебі Алтай – брендтік атау. Бұл атаумен туристердің санын ғана емес, инвестицияның көлемін бірнеше есе арттыруға болады", – деді Даниал Ахметов.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Гречушникова облыс әкімінің ұсынысын жергілікті тұрғындар қуана құптап отырғанын жеткізді.

"Алтай деген атау тілге жатық, ойға оралымды. Ауданның атын өзгертуге қатысты халықпен жүздескенімізде олар бұл көпке созбай, шұғыл шешетін мәселе екенін айтты. 28 қыркүйек күні өтетін қоғамдық тыңдауда тұрғындар ауданды Алтай деп атау туралы бастаманы бірауыздан қолдайды деп үміттенеміз", – деді мәслихат депутаты.

Оның айтуынша, 27 тамызда Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовке қоғам белсенділерінен ауданның атын өзгерту туралы хат келіп түскен. Ізінше ұсыныс хаттағы мәселе талқы таразысына салынып, оны қоғамдық талқылауға шығару туралы шешім қабылданған.

Лариса Гречушникова қоғамдық талқылауда елдімекендер мен көшелердің аттарын өзгерту мәселесі де күн тәртібіне қойылатынын айтты.

"Ауданда қазіргі заманға сай келмейтін, атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер бар. Соларды өзгерту бастамасын да қоғамдық талқылауда қарастырамыз", – деді мәслихат депутаты.

Зырян ауданының Алтай атануын жергілікті жастар да қолдап отыр екен. Бұл туралы Зырян жастар ресурстық орталығының директоры Майина Лисовцова: "Бұл идеяны қолдаймыз, өзгерістің болғанын қалаймыз, біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді", – деді.

Естеріңізге салайық, бұған дейін аймақта 3 ауылдың аты өзгерді. Қазір Вознесеновка - Қызылтай, Пролетарка - Ақши және Ұлан ауданындағы 17 шақырым ауылы – Сарыөзек деп аталады.

Есімжан Нақтыбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу