"Әбілазов біздің елге оралғанымызды қаламайды"

3265

Түркияда жалған төлқұжатпен ұсталған БТА банкі басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов елге өз еркімен қайтпағанына өкініп отыр.

"Әбілазов біздің елге оралғанымызды қаламайды" Фото: today.kz

"8 жыл бойы шетелде сандалып жүргенше, қолмен істегенімді мойынмен көтеру керек еді", – дейді ол. Алайда "елге оралсам, ұзақ уақытқа қамап, зорлық көрсете ме" деген ішкі қорқыныш жібермеген. Оған қоса, бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілазов та ол үрейді үдетіп, шоғын көсеп отырған көрінеді. Дегенмен елге кісен тағып қайтқан Жарымбетовті әзірге босатты. Ондай шешімнің себебін Әбілазовтың сыбайласы арнайы баспасөз мәслихатында журналистерге өзі айтып берді.

Оның айтуынша, 17 қаңтар күні Түркияның шекара қызметі оны жалған төлқұжатпен жүргені үшін ұстаған болатын.

"Полиция учаскесінде отырғанда мен өзімнің шын аты-жөнімді айттым. Сосын Ыстанбұлдағы Қазақстанның ресми өкілдігіне xабарласуды өтіндім. Сөйтіп 20 қаңтар күні мені Қазақстанға экстрадициялады, ертесіне тергеу абақтысына қамады. Осы уақытқа дейін сонда болдым. Маған ешқандай зорлық-зомбылық пен қысымның жасалмағанын мәлімдегім келіп отыр. Себебі кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғау бірлестіктері мүлде басқа ақпарат таратып, "мені қиын жағдайға тап болды" деп xабарлады. Тіпті, "менің өміріме қауіп төніп тұр" деген әңгіме де таратты. Осы ақпарат шындыққа еш жанаспайды. Менің ісіме саясаттың ешбір қатысы жоқ. Әрине, кейбір адамдар, оның ішінде Әбілазов та бар, осыны өз мүддесі үшін пайдаланғысы келіп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына жалған мәліметтерді таратып отыр. Мен тағы да айтамын, бұл жерде саясаттың ешбір қатысы жоқ", – дейді Жақсылық Жарымбетов.

Шыны керек, журналистер Жарымбетовтің бойынан қорқыныш, я болмаса, саяси бір қысымның табын байқай алмады. Баспасөз мәслихатында оның еркін отырғаны сонша, тіпті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ақшаның ұрлануына қатысты өз пікірін білдірді, тіпті БТА банк пен БЖЗҚ-ның ақшасын ұрлау әрекеттерін де салыстырып көрді.

"Енді кезінде мен де зейнетақы қорлары мәселесімен айналысқан болатынмын. Алайда ол кезде заңнама дұрыс болмады. Негізі бұл жерде бәрі басшылардың кәсіби дайындығына байланысты ғой. Себебі халық сеніп тапсырған ақшаны тиімді айналдыра білу керек. Осы жолы олар сол сенімді өз мүддесі үшін пайдаланып кетті. Әрине, дұрыс емес", – дейді банк басшысының бұрынғы орынбасары.

Оның ойынша, БТА банк пен БЖЗҚ-ның ақшасын салыстыруға болмайды. Себебі ол кездегі БТА-да ақшаның 90 пайызы инвесторлардың қаржысы болған. Ал зейнетақы қорындағы қаражат – таза халықтың ақшасы.

Қазіргі кезде Жақсылық Жарымбетов "БТА банк" ісі бойынша күдікті саналады. Қазақстанға экстрадициялағаннан кейін оны тергеу абақтысында ұстады. Бірақ көп ұзамай босатты. Себебі Жарымбетов тергеуге қолғабыс жасауға келісті. Содан оған қатысты ешқайда шықпау шарасы қолданылып, қолxат алынды. Жақын арада ол Дубайда жүрген жұбайы мен балаларын кері қайтаруды көздейді.

"Шынымды айтсам, бас кезінде мен өзім қатты қорықтым. Бұл жақта тергеуге түскен адамды қинайды, зорлық-зомбылық көрсетеді, тіпті өлтіреді деп айтқаннан кейін кез келген адам үрейленеді ғой. Әрине, Әбілазовтың өзі шоқты көсеп отырды. Оған менің осы жаққа келгенім тиімсіз болды деп ойлаймын. Иә, сол кезде қорқыныш болды. Мен отбасым үшін, балаларым үшін алаңдадым", – дейді Жарымбетов. Оның айтуынша, басында ол Ұлыбританияда бой тасалап жүрді. Одан кейін Еуропаны кезіп, Түркияға барды. Ақша жағынан Әбілазов немесе оның адамдары көмектесті. Оған қоса, Жарымбетовтің өз жинақтары да болған. Бүгінде "БТА банкі" АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары өз кінәсін мойындап отыр. Алайда қылмысты қасақана жасадым деп санамайды. Себебі сол кезде басшылықтың бұйрығын орындауға тура келді. "Кез келген істе нүкте қойған дұрыс қой. Онсыз басқа адамдар қиналып жүре береді. Бұған дейін беймәлім болып келген жайларды ашу қажет. Ашығын айтайын, қазір мен тергеуге көмек беруге келістім. Осының арқасында мен бұған дейін сотталған азаматтардың, шетелде әлі күнге дейін қашып жүргендердің жазасын жеңілдетуге өз септігімді тигіземін деп сенемін", – дейді Жарымбетов.

Әбілазовтың сыбайласы осы уақытқа дейін өз басшысының мінезін әбден зерттеп қойғанға ұқсайды. Оның ойынша, шетелде жүрген Мұxтар Әбілазов саясатты жамылып, билікке таласуды көздейді.

"Мен өзім саясатпен айналысқан емеспін. Енді қатардағы азамат ретінде саяси жаңалықтарды оқып жүресің ғой. Дегенмен, бірде-бір партияның мүшелігінде болған жоқпын. Мен өзім – қазақи ортадан шыққан адаммын. Қазақ мектебін бітірдім. Сондықтан туған жерім ылғи тартып тұрады. Ал Әбілазов мырзада ондай қасиет жоқ деп ойлаймын. Меніңше, ол – космополит, бір нәрсені істесе, жеке мүддесін көздейді. Соның ішінде банк те, сондағы менеджерлер мен қызметкерлер де оның қолында белгілі бір мақсатқа жетудің құралы ғана болды. Адам билікті аңсаса, не айтуға болады?! Оның ұстанымы сондай, көзқарасы сондай. Оған қарсы мен не істей аламын?! Өз басым менің ісіме саясаттың ешбір қатысы жоқ деп ойлаймын", – дейді ол.

Қазіргі кезде Жарымбетов кітап жазып жүр. Бірақ ол еңбектің атауы мен мазмұнын ашпай отыр.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу