"Аrmani" брендімен әріптескен қазақ кәсіпкері елімізде бизнес ашпақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2639

Шетелдегі қазақ бизнесмендері өз кәсіпорындарын атажұртқа көшіріп, "қазақстандық кәсіпкерге" айналуға ниетті.

"Аrmani" брендімен әріптескен қазақ кәсіпкері елімізде бизнес ашпақ

Солардың бірі – Францияның астанасы Парижден келген жеке кәсіпкер Мехмет Зенгин. Шетелдегі өзі сияқты қандастарға үнемі қолдау көрсетіп, қол ұшын беріп жүретін Зенгин мырза 2004 жылдың мамыр айынан бастап, ұзақ жыл Франциядағы қазақ мәдени орталығына жетекшілік еткен екен. Ол сондай-ақ өткен жұмада Астанада өткен, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысты. Одан кейін уақытын атамекеннің бас қаласын аралауға, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға жұмсапты.  

"Біз, шетел қазақтары, мәртебесі асқақ, қуаты зор отанымыздың барына шүкіршілік айтамыз және мақтан етеміз, – дейді Мехмет Зенгин. – Мен өткен ғасырдың 30-шы жылдары тағдырдың ауыр сынақтарын бастан кешкен Алтай қазақтарының ұрпағымын. Көз көрген ата-әжелеріміздің айтуынша, 30 мың қазақ Алтайдан ауып, Тибет, Гималай, Үндістан және ары қарай шұбырып, ақырында екі мыңдай ғана саны қалған. Түрік ағайындардың қамқорлығы арқасында есімізді жиып, ел қатарына қосылдық. Бірнеше тілді игердік, бірақ қазақ тілін ұмытқан жоқпыз. Біз латын қарпін еркін қолданамыз. Ол біз үшін өркениет кілтіне айналды. Осы орайда елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын қуана қарсы алдық. Тарихи отанымыздағы барша қазақтың латын әліпбиіне көшетін күнін асыға күтудеміз" – дейді ол.

Сонымен бірге Мехмет мырза "Туған жер" жобасы туралы оқығанда өз басы қатты қуанғанын айтады. Өйткені осы бағдарлама көмегімен Қазақстанда өз бизнесін ашу арманын жүзеге асыру ойы бар.

"Түркия мен Еуропаның көптеген қазақтары ата кәсібімен – тері өңдеп, былғары жасаумен айналысады. Францияның алпауыт Armani компаниясының (оны кейбіреулер шатастырып, "италиялық бренд" санайды) брендтік тауарларында Алтай қазақтарының қолтаңбасы бар. Сонымен бірге Еуропа қазақтары ұлттық бизнеске айналдырған тағы бір кәсіп бар: мен бауырларыммен бірге ұлттық кестелеу өнерін қолдана отырып, тері дестелеумен айналысамын. Еуропаның, Таяу Шығыс пен Африканың 15 мемлекетіне өнімдерін шығаратын Zengin фирмасын құрдым. Қазір 150 адамға жұмыс беріп отырмын. Осындай табысты кәсібімді қазақ еліне көшіруді армандап жүрген мен үшін "Туған жер" жобасы үлкен мүмкіндік ашады деген үміттемін", – дейді ол.

Айтқандай, құрылтай барысында Зенгин мырза осыған байланысты Қазақстан президентіне өтінішпен жүгінген еді.

"Биыл Алматыда тоқыма өнеркәсібінің халықаралық көрмесі өтті. Оған Түркиядан келген 40-қа жуық фирманың арасында мен жалғыз қазақ болдым. Көрмеден кейін бизнесімді атажұртқа көшіріп, отаныма пайда келтіру туралы шешім қабылдадым. Бірақ бұл біршама қиын шаруа екен. Шетелдегі өндірісімді Қазақстанға ауыстыру үшін жер сатып алу мүмкін емес. Шетелдік болғандықтан жерді жалға алу шаруасы да оңай болмай тұр. Басқа да қағазбастылық пен кедергілер көп. Біз, шетелдегі қазақтар атамекенге оралғанда оларға ерекше жағдай жасау қажет деуден аулақпыз. Дегенмен, басқа шетелдік уақытша инвесторларға қарағанда, шетелдегі өз қазақтарымызға жеңілдіктер беру керек сияқты. Олар елге келсе түпкілікті қалады емес пе? Сондықтан туған жер бағдарламасын жүзеге асырғанда, елге келіп кәсібін ашқысы келетін қазақтарды қолдау тетіктері жасалса деп ойлаймын" деді Мехмет Зенгин.

Бұдан бұрын журналистерге сұхбатында ол осы оқиғаның мәнісін түсіндіре кетті. Мехмет Зенгиннің Түркияда бірнеше зауыты бар екен. "Әкем қайтыс боларынан бұрын "Ат та болса қазығын табады, сендер елдерiңдi табыңдар" деп айтушы едi. Сондықтан да бiз елге келдiк. Бұл ретте бiзге ештеңе керек емес. Ақша да, несие де қажет емес. Оның бәрi өзiмiзде бар. Бiздiң мақсатымыз – өз тәжiрибемiздi атажұртқа әкелiп сiңiру, үйрету болатын. Бұған дейiн мен Қазақстандағы "Сымбат" фирмасымен бірге жұмыс iстегенмiн. Парижде сәнді киімдер сатылатын екi үлкен дүкенiм болды. Сол iсiмдi тарихи отанымда жалғастырмақ едiм. Бiрақ та елiмде ешқандай қолдау таппадым. Бұл жерде мен Қазақстан үкіметінен ақша да, несие де сұрамаймын. Оның бәрі өзімізде бар. Бар мәселе, жекеменшікте. Мысалы, 2010 жылы Алматыда мың шаршы метрлiк жерге ие болып, енді сол жерде iсiмдi жандандырайын десем, ешбiр қолдау көрмедiм. Әр меморган бір-біріне сілтеп, сенделтіп қойды. Біз бизнесменбіз ғой, айлап шарлап жүруге, осы істің соңынан салпақтауға уақыт жоқ. Ал Түркияда басқаша. Мен онда алғаш фабрика ашамын деген ниетімді білдіргенде, қала мэрiнiң өзi қабылдап: "Қош келдіңіз! Қолыңызды еш қақпаймын. Не iстесеңiз де өзiңiз бiлесiз!" деп барлық қажетті қолдауды көрсетті. Түркиядағы фабрикаларым сыртында, менiң Францияда, Италияда, Бельгияда өз iсiм бар" дейді франциялық қандас кәсіпкер.

Енді оның көпжылдық мәселесі шешілетін түрі бар. Бұған Асқар Мырзахметов жеке жауап беретінге ұқсайды.

"Зенгин мырза! Бізде заң бойынша әлі жер сатылмайды. Бірақ жерді 49 жылға жалға алып, жұмыс істеуге болады. Бұл мәселені шешуді вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырамын! Кездесіп, шешіп, жұмыс істейтін бол" – деді Нұрсұлтан Назарбаев құрылтай кезінде.

Мемлекет басшысының қолдауы шетелдік қандас кәсіпкерге үлкен дем беріпті, ол енді өз шешімін аяғына жеткізуге құлшынып отыр.   

"Қазақстан тек елдегі ғана емес, шетелдегі қазақ ұлтының да тұтастығын қамтамасыз ететін мәселелерді шешуде" дейді ол.

Мехмет Зенгин Түркияда 1957 жылы дүниеге келген екен. Сонда мектепті бітірген. Елбасының "сананың ашықтығы" не үшін қажет деген сауалдың жауабы да мынадан көрінеді: кириллицамен білім әлемін ашатын қазақ балалары шетелге шыға қалса, айналаға тосырқай қарайды, бәрін бөтен санайды, себебі, көшелердің, барлық экономикалық, әлеуметтік объектілердің атауы латынша жазылады. Ал Ататүріктің көшбасшылығымен ХХ ғасырдың 20 жылдары-ақ араб жазуынан латыншаға көшіп алған Түркия жастары еш бөтенсімей, бүкіл әлемді еркін аралауға, бизнес ашып, жаһандық нарыққа сүңгуге әзір тұрады. Солар қатарлы Мехмет те жасы 21-ге жеткенде Париж қаласына аттанады. Францияның астанасында оның туысқан әпкесі тұрады екен, соның қолына барып, Парижде жұмысқа орналасады. Содан бері тұрақтап, сонда тұрып қалған.

Зенгин мырза Батыс Еуропадағы қазақтар ең көп шоғырланған ел – Франция екенін айтады. Ондағы қазақтардың барлығы Париж қаласына қоныстанған. Бұлардың барлығы дерлік 1960-шы жылдардың соңында Түркиядан жұмыс істеу үшін еңбек шартымен келгендер екен. "Олардың негізгі кәсібі терімен шұғылдану болған. Парижде тері тондарды тігіп, фабрикаларда еңбек етеді. Жалақы мөлшері жақсы болып, жағдайлары да біршама көтерілген соң, арттағы туыстарын жұмысқа тарта бастайды. Бірте-бірте үйренсіп, сол жерде біржола тұрақты тұрып қалған" дейді Мехмет Зенгин. Қазір біразының төл бизнесі бар. Егер Қазақстан еуропалық қандастарды елге тарта алса, бұл республикамызда кенже қалған жеңіл өнеркәсіптің жаңа серпін алуына, сондай-ақ әлемдік дамыған елдер нарығына кірігуіне жол ашар еді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу