"АрселорМитталТеміртау" - ды тиімді жұмыс істетудің сырын білетіндер бар

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
1444

Бірақ "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" басшысының құпияны ашқысы жоқ.

"АрселорМитталТеміртау" - ды тиімді жұмыс істетудің сырын білетіндер бар

"Қазақстандық индустрияны дамыту институты" (ҚИДИ) АҚ басқармасының төрағасы Айдын Құлсейітов "АрселорМитталТеміртау" (АМТ) АҚ-ны  қалай тиімді жұмыс істетуге болады деген сұрақтың жауабын білетінге ұқсайды.

"Шынын айту керек, "АрселорМитталға" қатысты мәселе бұрыннан бар. Алайда барлығы бұл мәселені шешуге үкімет араласуы керек дейді. Қалай араласады? Мәжбүрлей ме? Ол мүмкін емес. Ал стандарттарға сүйенер болсақ, экологияны алға тарту керек, сонда жұмыс істейтін болады дейді. Рас, ол кезде барлық зауыт жұмыс істей бастайды. Бірақ стандарттарға сай жұмыс істемейді. Кәсіпорындарды қалай тиімді жұмыс істетуге болады, оларды қалай ынталандырамыз дегеннің барлығы күрмеуі қиын мәселе. Бірақ бұған қазір жауап бере алмаймын. Инвестиция және даму министрлігіне ұсыныс жасап отырмыз, бірақ бұл жерде бәрін бірден құртып жібермей, керісінше жұмыс істететіндей бір теңгерім қажет. "Қазақмыс", "ERG", "Қазмырыш" компаниялары өздерінің тиімді жұмыс істеуі мен өнімділігіне көңіл бөледі. Егер оларға 4.0 индустрия туралы айтсаң, олар оны әрқилы түсінеді", – деді ол тілшілерге.

Ол сонымен бірге ҚИДИ қалай жұмыс істеу керектігі жайлы ортақ түсінік болу үшін немістің Франхофер институтымен және шведтің кеңесшілерімен келісімшарт жасайтынын тілге тиек етті.

"Қазмырыш" 100 мың датчик қойдым дейді, ал "Қазақмыс" 150 мың қойдым дейді. Ал іс жүзінде өндірісті цифрлаудың тиімділігі басқаша қаралады. Ал қолдан келгеннің бәрін жасасақ та, "АрселорМиталлды" еш жұмыс істете алмай отырмыз. Олармен өндірістік қауіпсіздік комитеті техника қауіпсіздігін сақтамағаны үшін соттасты да. Оларды жұмыс істетудің жолын айтар едім, бірақ одан кейін мені радикал деп келешекте сіздермен кездестірмей қояды. Айтар мүмкіндік бар, алайда теңгерім мүддесі үшін олармен абайлап, ақырын тіл табысуға тура келеді", – деді Айдын Құлсейітов.

Айдын Құлсейітов Ақтоғайда мыс қорыту зауыты салынуы мүмкін екенін айтып қалды.

"Негізі Балқаш және Жезқазғандағы мыс қорыту зауыттарының өндірістік қуаты жетіп артылады. Мыс қорыту зауытын салуға болады, бірақ онда Балқаштағы зауыт тұралап қалады. Олай болса, жаңа зауыт салудың керегі не?", – деді ҚИДИ басшысы.

Дей тұрғанмен ол жаңа зауытта өнімділік жоғары болатынымен де келіседі.

"Аягөз ауданы гүлденіп, дами түседі. Бірақ басқа да бірқатар фактор бар. Айталық Балқаш зауытының басынан бақ тайды. Ондай болса қуаттылық мүлдем түсіп кетеді. Бәлкім Балқаш мыс қорыту зауытын жаңғырту басқа факторларға қарағанда тиімдірек бола ма деген ой туындайды", – деді ол.

Сондай-ақ Айдын Құлсейітов "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ қуатын арттыруға қатысты идеяны қолдайтынын айтты.

"Қалай дегенмен де  2009-2010 жылдары электролиз зауытының бірінші кезегін іске қосқан кезде бұл айтулы жоба болған еді. Себебі бұған дейін тек боксит өндіріп, Ресейге жеткізген болатынбыз. Яғни бұрын біз 1,5 млн тонна бокситті Ресейге тасымалдап тұрдық. Ал қазір елде өндіріліп жатқан барлық боксит осы жерде алюминий металына өңделіп жатыр. Бұрын шикізат түрінде шығарғанымызды, енді алюминийге қайта өңдеудеміз. Осыдан екі жыл бұрын бұл алдағы екі жылға келісіліп қойған болатын, – деді ол. – Яғни барлық металл бірден өтіп кететін. Тіпті Лондон биржасындағы бағамен кететін. Әрине дайын металл өнімін шығарған жақсы. Енді екінші кезек 250 мың тонна. Шикізат өндіруді өсіреміз, ал металл өңдеуді 8 млн тонна емес, 500 мың тоннаға дейін жеткіземіз. Бұл қалай дегенде де едәуір қуат. Бұл жердегі аспект қандай дейсіз ғой? Былтыр алғашқы шығарылым үшін сараптама жасап көрдік, Новачук пен оның компаниясы сараптаманың дұрыс екенін мойындады. Алюминий мен мысқа деген сұраныс жақсы өсетін болады. Алдағы жиырма жылға да болжам дәл осындай. Алюминий мен мыс акциясына ақша салуға болады".

Ол мыс пен алюминий электр техникасында қолданылатын тілге тиек етіп, урбанизация түптің түбінде бұл металдарды инфрақұрылым мен коммуникация саласына пайдаланылуға алып келетінін атап өтті.

Сонымен бірге Айдын Құлсейітов Франхофер институтының мәліметі бойынша алдағы 20-25 жылда электртехникалық мақсат үшін алюминий мен мыс өндіру мүмкін болмайтынын айтады.

"Мен тіпті "Қазақмыс" және "Қазминералс" компаниялары ғалымдарды жалдап, олар электр техникасына мысты қолданбау керек шығар дегенді айтқандарын білемін. Мүмкін емес. Электр тоғын жақсы өткізетін жалғыз металл – алтын ғана. Электр энергиясын сымсыз беру идеясы да қаралып жатыр. Бірақ та металдардан бас тартатындай қандайда бір техникалық алға жылжу жоқ. Сондықтан алюминийге деген сұраныс қашан да болады. Егер 500 мың тонна алюминий шығаратын болсақ, онда оны нарық жұтып жібереді", – деді ол.

ҚИДИ басшысы қазақстандық 250 мың тонна алюминийдің 30 мыңы қазірдің өзінде өзімізде өндіріліп отырғанын айтты.

"Кабель, шұжықтарға арналған клипстер, алюмиийдің ұсақ сұрыпты прокатын атауға болады. Менің білуімше, қазіргі уақытта Павлодар қаласында танымал неміс-ресей холдингі алюминий ертінділері қоспасын, сұрыпталған прокат өндіру бойынша жобаны іске асыруда. Егер бокситтің орнына металл экспорттасақ жақсы, ал алюминийден өнім жасап шығарсақ,  нұр үстіне нұр болар еді",– деді Айдын Құлсейітов.

Қазақстан электролиз зауытының екінші кезегін салуда басты мәселе қаржыландыру болып отыр.

"Жағдай өзгерді. Мен де, олар да және олар тартпақ болған серіктес те бұл жобаны одан әрі қалай қалай қаржыландыруға болатыны туралы қызу талқылап жатыр. Бұл жоба қалай болғанда да іске қосылады деп ойлаймын", – деді ҚИДИ басшысы.

 Жанболат Мамышев, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу