"Біз еш кедергісіз ұрлық жасауға жағдай жасаған бірқатар мәселенің басын аштық"

2274

"Бәйтерек" ҰБХ ісі бойынша болған атышулы тұтқындаулар квазимемлекеттік секторда жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барын анықтады.

"Біз еш кедергісіз ұрлық жасауға жағдай жасаған бірқатар мәселенің басын аштық"

"Бәйтерек" ҰБХ бұрынғы топ-менеджменті мен кезінде ұлттық холдингті басқарған, ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істер ұлттық холдингтерде сатып алу рәсімін заңнамалық деңгейде реттеу қажеттілігіне меңзейді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлімдеді.

"Бірқатар қылмыстық істі жүргізу және аяқтау барысында біз мемлекетіміздің түрлі саласында сыбайлас жемқорлықтың схемаларын тудырған жүйелі тәуекелдерді анықтап жатырмыз. Мысалы Ұлттық қордан қаражат ұрлаған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгеннен кейін. Мен "Бәйтерек" ҰБХ айтып отырмын. Біз кедергісіз ақша ұрлауға жағдай жасаған осындай бірқатар мәселенің басын аштық. Квазимемлекеттік сектор, мемлекеттік сатып алу туралы заң қолданылған жоқ. Корпоративті кодекс белгілі бір тендерге кәсіпкерлердің қайсысы қатысуы тиіс екені туралы шешімді бір адам қабылдауға мүмкіндік берді. Қадағалау, бақылау болмады. Бірінші кезекте, бұл қоғамдық бақылаудың мәселесі деп ойлаймыз. Бүгінгі таңда мәселенің өзектілігі өткір тұр. Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою үшін біз барынша ашық болуымыз керек, бұл мәселеге қоғам назарын аудару қажет, біз оны түсінеміз", – деп мәлімдеді Қайрат Қожамжаров.

Мекеме квазимемлекеттік сектордағы сатып алу рәсімінің жүргізуілуін қайта қарауды ұсынады. Ол үшін ұлттық құрылымдағы сатып алу туралы жеке заң қажет.

Қарамағындағылар үшін министрлер мен әкімдер жауапты

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары еліміздің министрлері мен әкімдерін қарамағындағылардың жемқорлық заң бұзушылықтарына немқұрайлы қарайтыны үшін сынға алды. Ол қарағамағындағылардың жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік орган басшыларының жеке тәртіптік жауапкершілігін енгізу жөніндегі жоспар жайлы мәлім етті.

"Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың 80%-дан астамы мемлекеттік қызметші екендігіне қарамастан, бірде-бір министр немесе әкім өз органында жемқорлыққа орын жоғын, сондай-ақ жемқорлық фактілері жиі-жиі болып тұратын құрылымдық бөлімшелердің басшыларына қолданған шаралары туралы жария түрде мәлімдеме жасаған жоқ. Бүгінгі таңда сондай қадамға барған басшыларға қатысты министрлерден де, әкімдерден де әрекет жоқ. Мен екі немесе одан да көп фактіні білемін. Біз жемқорлық қылмыстарын жүздеп санап жатқанда, бір әрекет болу керек шығар. Бұл жүйелі түрде жүргізілуге тиіс", – дейді Алик Ішпекбаев.

KPI және оңтайландыру

ҚР МҚІ СЖҚІ агенттігіндегі ұлт жоспарын одан әрі іске асыру барысында жұмыс нәтижесі бойынша еңбекақысын төлеуге көшу, өңірлік түзетуші коэффиценттерді енгізу, Б корпусын аттестаттау басым бағыт деп белгіленді.

Мемлекеттік қызметтегі еңбекті төлеудің жаңа жүйесіне көшу келесі жылға жоспарланып отыр.

"Өңірлер әрбір лауазым үшін мемлекеттік органдарда мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша бағалаудың өлшенетін және нақты критериін дайындауы керек. Ал департаменттер оны іске асыру үйлестіру жұмысын қамтамасыз етуі қажет. Бұл А корпусының, сол сияқты Б корпусының қызметкерлеріне қатысты", – дейді Қайрат Қожамжаров.

Мемлекеттік қызметкерлердің жоғарғы корпусында лауазымдар қысқарады деп күтіліп отыр.

"Президент әкімшілігімен тұжырымдамалық ұсынысты дайындадық, ол мемлекет басшысына көрсетіледі. Ол бұл топтағы тек жауапты хатшыларды, министрліктердегі комитет төрағаларын, орталықтағы және өңірдегі аппарат басшыларын, аудан және қала әкімдерін қалдырып, А корпусындағы лауазым санының қысқаруына қатысты болады. Мұндай лауазымдарды тәжірибесі бар қызметкер тікелей конкурсқа қатысу арқылы алмастыра алады", – деп мәлімдеді агенттік басшысы.

Оңтайландыруға түсетін позицияларды анықтауды 1 наурызға қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Алқада 1 ақпанда басталған мемлекеттік қызметкерлердің Б корпусын аттестаттаудың аралық қорытындысы айтылды. Бүгінгі күні 8500 адам сынақ тапсырды. Оның ішінде 1300 шенеунік "керемет" деңгейді нақтылады, ал 6900-і "тиімді" деп бағаланды, қанағаттанарлық деген нәтиже көрсеткендер саны 200 адам, ең төменгі деңгейді төрт адам көрсетті.

Әдеп және имидж

Алик Ішпекбаев Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің беделі мен имиджін көтеру жұмысына тоқталып өтті.

"БАҚ-та және интернетте мемлекеттік аппарат қызметкерлері туралы жағымды материал табу қиын. Бұл трендті түбегейлі өзгерту қажет", – дейді ол.

"Интернеттің кең қанат жаюынан "шенеуніктердің желідегі мәдениеті" өзекті болып отыр", – дейді Алик Ішпекбаев.

"Бұл жерде бақылау үшін де, алдын алу үшін де зор мүмкіндік туады. Осыған байланысты этикалық оғаш қылық мерзімінің өтуі және этикалық ережені бұзған тұлғаға мемлекеттік қызметке тұруға шектеу енгізу жөнінде бірқатар мәселені пысықтау қажет. Мемлекеттік қызметшінің этикасына азаматтардың қаншалықты көңілі толатындығына әлеуметтік сауалнама жүргізу, заңға мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желілерде аккаунттарды пайдалануды реттейтін түзету енгізу және оларға мониторинг жүргізу жөнінде тиімді механизм әзірлеу ұсынылып отыр", – дейді ол.

Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметтен бос уақытта этиканы сақтауын бақылаудың нашарлығына, аурухана, мектеп және өзге де мекеме басшыларын этикалық ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартудың құқықтық механизмдерінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу