"Ертіс" ӘКК-пен арадағы кепіл шарты кәсіпкерлерді сотқа жүгінуге мәжбүрледі

2799

Сот барысында Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері несие серіктестіктерінің борышкерлерінің де қарызын төлеуді ескертпей міндеттегенін айтып отыр.  

"Ертіс" ӘКК-пен арадағы кепіл шарты кәсіпкерлерді сотқа жүгінуге мәжбүрледі

"Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" және "Шағын қалаларды дамыту –2012-2020" бағдарламалары аясында өз бизнесін құруға несие серіктестігі (НС) арқылы қарыз алған кәсіпкерлердің Шығыс Қазақстан облысының "Ертіс" ӘКК алдындағы қарызы осы жылғы тамыз айының басында 4,5 млрд теңге болған. "Ертіс" ӘКК басқармасының төрағасы Болат Акужановтың айтуынша, 2011-2015 жылдар ішінде шамамен 13,5 млрд теңге берілген, бірақ соңғы екі жылда қарызды өтеу баяулап қалған.

Аbctv.kz-ке белгілі болғандай, кәсіпкерлер кепіл шарт бойынша ортақ жауапкершілікті міндеттеп қойғанымен, сондай-ақ тек өзінің ғана емес несие серіктестігінің басқа қатысушыларының қарызын төлетіп отырғанымен келіспейді.

Кепіл заңды ма?
Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының кәсіпкерлері сот арқылы кепіл шарттың заңды түрде жасалмағанын дәлелдегілері келеді. Олар кепіл шарт азаматтық заңға қарама-қайшы келетінін айтады. Олардың арызы таяу арада Жоғарғы сотта қаралмақ.

"Шағын қалаларды дамыту – 2012-2020" бағдарламасы бойынша қарыз алған "Прок" несие серіктестігі" ЖШС-ның 12 кәсіпкері кепіл шартына қол қойған кезде өздерінің НС міндеттері бойынша ортақ жауапкершілікті арқалайтындықтарынан бейхабар болған. Өйткені не бизнес-жобаны қорғауда, болмаса қарызды алған кезде оларға ешкім ештеңе түсіндірмеген, кепіл шарттың екінші данасы да қолға берілмеген, оның мазмұнымен әлі күнге дейін таныспаған адамдар бар. Олардан тез арада қол қоюды талап етіп кепіл шартпен танысуға мүмкіндік бермеген.

"Шағын қалаларды дамыту –2012-2020" Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін бізге әдейі айтпаған. Өйткені бұл қарызды әкімдік қызметкерлері қоярда-қоймай тықпалаған болатын", – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, "Ертіс" ӘКК" ҰК" АҚ және "Прок" НС" ЖШС арасындағы несие ұсыну туралы келісімшарт тікелей заңды тұлға – ЖШС-мен жасалған. Олар кепіл мазмұны қолданыстағы заңға мүлдем қарама-қайшы деп есептейді.

"Заң бойынша біз ЖШС құрылтайшысы ретінде тек жарғылық капиталдағы үлестің мөлшерінде ғана жауапкершілікке тартыламыз, яғни 200000-300000 теңге шамасында ғана, бұл Азаматтық кодекстің 77- бабының 1-тармағында және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар жауапкершіліктер туралы" заңның 2-бабы 1-тармағында көрсетілген. Осыған сәйкес мұндай серіктестікке қатысушылар оның міндеттеріне жауап бермейді және оның қызметіндегі шығынды өздерінің салған салымдары құнының шамасында көтереді.

ЖШС жарғысына сәйкес несие серіктестігі өз міндеттері бойынша барлық мүлкін кепіл болатынын алға тартып отыр".

"Кепіл келісімшарт сияқты жасалған. Бірақ ол жерде тек бір тарап қана көрсетілген, ол –кәсіпкер әрі ол ЖШС түрінде құрылған несие серіктестігінің құрылтайшысы да болып табылады. Құжатты жұмыспен қамту директоры және несие серіктестігінің төрағасы бекіткен, – деп атап кетті "Ваше право" қоғамдық бірлестік төрағасы Евгения Кулинич. – ӘКК пайдасы үшін ортақ жауапкершілік аясында қарызды өндіріп алуға қатысты сот процесінің болып жатқанына бір жылдан асты. Сот процесін көбінесе кепіл шартына қол қоймаған кәсіпкерлер жеңіп шығып жатыр. Ал олар үшін басқа бір белгісіз адам қол қойған. Мұны дәлелдеу үшін бірнеше қолжазу сараптамасын өткіздік, бірақ біз кепіл шартының формасын заңсыз деп санаймыз".

Бірінші және екінші инстанциялық сотта "Ертіс" ӘКК және Зырян ауданы әкімдігінің өкілдері кәсіпкерлердің берген талап-арызымен келіспейтіндіктерін айтты. Олар кәсіпкерлер кепілсіз ақша алу мақсатында кепіл шартқа өз еріктерімен қол қойғанын алға тартып отыр. Сот органдары олардың дәлелімен келіседі, өйткені ұсынылған кепілдің формасы мен мазмұны заң талаптарына сай, осыған орай кепіл берушілер борышкермен бірге борышты және өсімақыны төлеу бойынша ортақ жауапкершілікте болады.

Енді кәсіпкерлер бұл шешімді Жоғарғы соттың қарауына ұсынбақшы. Олар басқа амалдары қалмағанын айтты.

Қол-аяғымыз матаулы
"Прок" НС" ЖШС кәсіпкері Игорь Прокопьев те бұл мәселеден әбден шаршағанын айтты.

"Бұдан әрі не болатынын білмеймін. Барлығы жақсы бітеді дегенге сену қиын, – дейді ол. – Өзім алған несиені уақытылы төлеп отырмын. Әйелім екеуміз 2014 жылы балалар дәмханасын ашу үшін алты миллион теңге қарыз алдық. Әрине, бұл ақшаның бізге көмегі тиді. Қажет жабдықтарды сатып алдық. Қарызды дер кезінде төлеп отырмыз, енді бір жарым жыл ғана қалды. Бірақ 2016 жылы "Ертіс" ӘКК бізді сотқа беріп, мүлкімізді бұғаттады. Содан мүлкіміз бір жыл бойы бұғатталып жатты, тек бір ай бұрын ғана бұғат алынып тасталды. Бірақ шамалы уақыттан кейін тағы бұғаттайды деп ойлаймыз, өйткені "Прок" КТ" ЖШС-ның қатысушылары біздің транш бойынша ӘКК-ге шамамен 100 млн теңге қарыз. Енді тек Жоғарғы сотқа ғана үміттеніп отырмыз. Сол жердегілер кепілдік шартының заңдылығын анықтап береді деп ойлаймыз".

Зырян ауданының кәсіпкері Екатерина Толевканова алған несиесін толық төлеп, серіктестіктен шығып кеткен. Бірақ та ол ортақ жауапкершілік бойынша 36 млн теңге көлеміндегі қарыз әлі мойнында тұрғанын айтады. Қарызды 2014 жылы "Бірлік-Зырян" ЖШС несие серіктестігі арқылы алған. Үш миллион ақшаны арбалиттік блок өндіретін цехты жөндеуге жұмсаған.

"Несие беретін кезде әкімдікте абыр-сабыр болды. Бізге қағаздарға жылдам қол қойдырып, ортақ міндет жайында мүлдем ескертпеді. Өзіміздің, оған қоса басқа біреу үшін міндеттенетіндей ақымақ емес шығармыз. Ақшаны алғаннан кейін өзімізде де қиындықтар туындады. Негізгі қарызды төлей алмай тек сыйақы мөлшерлемесін ғана қайтарып отырдық. Содан бізді сотқа берді, бірақ ол кезде біз негізгі қарыздың өзін төлеп болғанбыз. Осы жылдың маусым айында несиені толық төлеп, несие серіктестігінен шықтық. Ал міндеттемені жаба алмаймыз, оған кепілдік шарты кедергі болып отыр. Несие серіктестіктің 11 қатысушысының тек екі-үшеуі ғана қарызды төлеуде", – дейді кәсіпкер.

Екатерины Толевканова өзінің Ресей Федерациясына көшуге дайындалып жатқанын, ал ортақ жауапкершілік негізіндегі несие серіктестігінің қарызы оған үлкен кедергі болып тұрғанын айтты.

"Бізге басқа аудандардан, мәселен Қатон-Қарағай ауданының Үлкен нарым ауылынан адамдар да қосылып жатыр, – дейді Евгения Кулинич. – "Аман" НС ақшаны екі транш арқылы алған. Бірінші траншта бес адам болды, оның төртеуі төлеген, бір адам қарыз болып отыр.Сол адамның қарызына бола барлық шотты бұғаттап тастағандықтан, қалған қатысушылар бірлесіп төлеген. Олардың басқа амалы болған жоқ. Ал екінші транш арқылы ақша алғандар ішінде мұндай адамдар көп. Олардың біреуі кепіл шартына қол қоймағандықтан, былтыр НС-тан шығып кеткен. Бірақ та оны "Ертіс" ӘКК-пен арадағы сот ісіне тартқан. Қазір қолжазу сараптамасының жауабын күтіп отырмыз".

Қарызды қайтарғысы келетіндер аз
"Ертіс" ӘКК басқармасының төрағасы Болат Акужановтың айтуынша, 2011-2015 жыл аралығында Шығыс Қазақстан облысы "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы 13 млрд 24 млн 400 мың теңгені игерген. Несие серіктестіктерімен 485 келісімшарт жасалған. 2013-2014 жылдары "Шағын қалаларды дамыту – 2012-2020" бағдарламасы бойынша 11 келісімшартқа 448 млн 900 мың теңге бөлінген.

Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және бюджеттік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша 5200 адам өз ісін ашуға, 2200 адам өз бизнесін ұлғайтуға мүмкіндік алған. Осының нәтижесінде 1500 шаруа қожалығы, 2900 жеке кәсіпкер, 57 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеліп, қосымша 8 мың жұмыс орны ашылған. Алайда тамыз айының басындағы мәліметке сүйенсек, "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша қарыз 4 млрд 252 млн 300 мың теңге, ал "Шағын қалаларды дамыту –2012-2020" бағдарламасы бойынша 269 млн 900 мың болған. 2014 жылы "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында жоспарлы есептеу бойынша берешекті қайтару 84% болса, ал 2015 жылы небәрі 53% болған.

"Шағын қалаларды дамыту – 2012-2020" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер берешекті әупірімдеп әзер қайтаруда. 2014 жылы берешекті қайтару көрсеткіші 74% болса, 2016 жылы бар-жоғы 22% ғана болған. "Ертіс" ӘКК қарызды өндіріп алу бойынша сотқа 169 талап-арыз түсірген. Ал Шығыс Қазақстан облысының ІІД, ШҚО мемлекеттік кіріс департаментінің экономикалық тергеу қызметі несие қаражатын қайтармау және мақсатсыз пайдалану бойынша 31 қылмыстық іс қозғаған.

Гүлназ Ермағанбетова, Ольга Ушакова, Шығыс Қазақстан облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу