Қарағанды қаласында ұялы телефондағы "inDriver" қосымшасы арқылы такси қызметін ұсынатын "көлденең көк аттылар" қаптап кетті. Соның салдарынан бұл кәсіппен заңды түрде айналысатын жандар шығын шеге бастады.
"Соңғы 2 жылда тапқанымыз қапқанымызға жетпейтін болды. "inDriver" арқылы такси қызметін ұсынатындар алдымызды орап кетіп жүр. Олар бізді нанымыздан айырып қана қоймай, мемлекетке салық төлеуден де жалтарып отыр. "inDriver" қосымшасын жүктеп алған таксистер жолаушыларды үйлерінен немесе жолдан алып кетеді. Осы қосымша қосылғалы біздің жұмысымыз алға баспай қойды. Оны пайдаланатындар қалааралық тасымалға да зиянын тигізіп отыр. Мысалы мен Қарағандыдан Астанаға адам тасымалдаймын. Сол үшін вокзалда тұрып, клиент жинаймын. Жеке кәсіпкер ретінде мемлекетке салық төлеймін. Ал "inDriver" қосымшасын жүктеп алған "таксистсымақтар" ойларына келгенін істеп жүр. Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар. Біз де табыс табуымыз керек. Бәсекелестіктің болғаны дұрыс, бірақ ол заңды болуы керек", – деп қынжылды кәсібін адал атқарып жүрген такси жүргізушісі Дәуренбек Мұртаза.
Салық төлемегенімен қоймай, кәсіпкерлердің "нанына" ортақтасып отырғандарға тосқауыл қою үшін Қарағандыдағы Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызмет қауымдастығы, Мемлекеттік кіріс департаменті, облыстық прокуратура және қала әкімдігі күш біріктірді. Тексеріс кезінде такси қызметін заңсыз атқарып жүргендер ұсталып, оларға ескерту жасалды.
Қазақстан Кәсіпкерлер және сервистік қызмет қауымдастығының президенті Ермек Әбілдиннің айтуынша, "inDriver" арқылы жолаушы тасымалдайтындардың үстінен осы кәсіпті адал атқаратындар үнемі шағымданады.
"Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін сақтандыру полисі болуы керек. Бұл құжат такси қызметін салық төлеп атқаратын адамдардың барлығында бар. Ал "inDriver" арқылы табыс тауып жүргендерде жоқ. Бұл – такси қызметімен заңсыз айналысып жүргендер жол апаты болған жағдайда жолаушының өмірі мен денсаулығына жауап бермейді деген сөз", – дейді Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызмет қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.
Қарағанды облысы мемлекеттік кіріс департаменті өндірістік төлем бөлімінің басшысы Саят Сайлаубековтің мәлімдеуінше, кез келген кәсіппен айналысқан адам салық төлеуге міндетті.
"Такси қызметін ұсынғысы келетіндер заңды түрде тіркеліп, салық төлеуге тиіс. Олардың таксометрлері, патенттері, кассалық түбіртегі болуы керек. Табыс тауып жүріп салық төлемеу заңға қайшы әрекет саналады. Мұндайларға ескерту жасалып, айыппұл салынады", – дейді Саят Сайлаубеков.
Тексеру кезінде "inDriver" қосымшасының көмегімен бос уақытында жолаушы тасымалдап жүрген көлік жүргізушісі Александр Тягунов есімді азамат ұсталды. Мамандар оған ескерту жасап, заңсыз әрекет жасауға болмайтынын түсіндірді.
"Бізге де, жолаушыға да "inDriver" өте қолайлы. Кәсіпкер ретінде заңды тіркелуге уақыт кетеді. Бұл жерде мәселе мемлекетке төлейтін ақшадан емес, салық төлеуші ретінде құжат рәсімдеуден туады. Осы жағын оңайлатса дұрыс болар еді. Заң жүзінде тіркелу үшін рұқсат алу керек, таксометрің, патентің, кассалық түбіртегің болуы тиіс. Маған бұл тиімсіз", – дейді Александр Тягунов.
Қарағандылықтардың басым бөлігі такси қызметін "inDriver" қосымшасы арқылы пайдалануды әдетке айналдырған. Сондай жанның бірі Аян Алматұлы. Ол "inDriver" арқылы қызмет көрсететін тасымалдаушының бағасы арзан екенін алға тартады.
"Маған таксиді "inDriver" арқылы шақырған тиімді. Себебі олардың бағасы заңды түрде жұмыс істейтін таксистерден әлдеқайда арзан. Біз нарық заманында өмір сүреміз. Сондықтан қалтамызды қақпайтын қызмет түріне жүгінуіміз заңдылық. "inDriver" арқылы қызмет көрсеткен тасымалдаушы ешқашан көңілімді қалдырған емес. Олар айтқан уақытында келеді және алдын ала келіскен бағаға тиісті жеріңе жеткізеді", – дейді Аян Алматұлы.