"ҚазТрансОйл" Шығыс филиалын таратып жатыр

4113

Павлодар облысының бюджеті қомақты қаржыдан қағылуы мүмкін. 

"ҚазТрансОйл" Шығыс филиалын таратып жатыр

Былтыр еліміздің ірі мұнай тасымалдаушы компаниясы 20 жылдығын дүркіретіп атап өткен еді. Сондықтан шығар, "ҚазТрансОйл" компаниясының Шығыс филиалы таратылады" деген ақпарат төбеден жай түсіргендей болды. Десек те жыл басында компания басшылығы елді алаңдатқан мәселенің ақ-қарасын ресми растады.

"ҚазТрансОйл" АҚ бас директорының трансформация жөніндегі орынбасары Орал Ыдырысовтың айтуынша, бұл – оңтайландыру аясында жоспарланған іс. Яғни кәсіпорындағы бірқатар үдерісті автоматтандыру және жою арқылы жүргізілетін кешенді бағдарлама. Өзгерістің осы түрі бизнестің тиімділігін арттыруды көздейді.

Осы орайда жұмысшылардың жағдайы не болады деген заңды сауал туады. Бұл сұраққа компания өкілі алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының жұмыс тиімділігін арттыру үшін қолға алған трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру аясында Павлодар облысындағы Шығыс филиалды жабу қажеттілігі туды. Мұның жұмысшыларға кері әсері болмайды. Бұған дейін қызметкерлермен бірнеше рет кездесіп, мән-жайды түсіндірдік. Оларға басқа жұмыс ұсындық. Осылайша тараптар екіжақты келісімге келдік", – деді Орал Ыдырысов.

Компания ұсынған мәліметке сенсек, Шығыс филиалының басқару аппаратында 95 адам жұмыс істеген. Олардың қатарындағы 40 адам "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының Астана қаласындағы орталық аппараты мен мұнай құбыры басқармаларында жұмысын жалғастыратын болды. Тағы 36 адам Павлодар мұнай құбыры басқармасына, алтауы компанияның басқа құрылымдық бөлімшелеріне қызметке ауысты. Ал зейнет жасына таяп қалған 13 жұмысшымен еңбек келісімшарты бұзылып, өтемақы төленді.

Тағы бір мәселе компания ғимаратына қатысты. Ертіс өзенінің жағалауына орналасқан, сәулеті көз тартып, алыстан мен мұндалап тұратын биік ғимарат кімнің қолына өтеді? Орал Ыдырысов бұл мәселе де шешусіз қалмайтынын  баяндады. Оның айтуынша, әкімшілік ғимаратты "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы сатып алып, кейін мемлекет меншігіне береді. Материалдық-техникалық құралдар құрылымдық бөлімшелерге үлестіріледі.

"ҚазТрансОйл" Шығыс филиалының таратылуы облыстың бюджетіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені Павлодар ірі салық төлеушіден айырылайын деп отыр.

2016 жылы аталмыш компаниядан облыстық бюджетке 2 млрд 390 млн теңгеге жуық салық пен басқа да міндетті төлем түскен. Ал былтыр "ҚазТрансОйл" АҚ есебінен облыс қазынасы 2 млрд 290 млн теңгемен толыққан. Биылдан бастап мұндай қомақты сома көзден "бұл-бұл" ұшады.  

Бұдан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпорын тарапынан бірқатар шаралар қолға алынып, түйткілді мәселердің түйіні тарқаған еді. Мәселен компания 2015 жылы Павлодар қаласында 320 орындық балабақша құрылысын қаржыландырды. Бұдан былай мұндай жобалар келмеске кетеді. 

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу