"Президенттің үндеуі мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін береді"

2294

Елімізде "уәде бердің бе  – орында, орындамадың ба – жауап бер!" деген жүйе түзіледі.

"Президенттің  үндеуі мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін береді"

Мемлекет басшысы билік тармақтарын үлестіру барысында президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін мәлімдеу арқылы өз шешімінің дұрыс әрі маңызды екенін нақтылап берді.

Президент үнемі "алдымен экономика, сонан соң саясат" деген ұстанымды темірқазық тұтып келеді. Қазір посткеңестік кеңістікте Қазақстан өзін теңгерімді ақша-несие саясаты қалыптасқан, алтын-валюта қорының негізі қаланған, Ұлттық қоры мен экономика саласында қарқынды даму секторы бар табысты мемлекет ретінде танытып отыр. Бұған қоса біз транзиттік әлеуетіміз және ауыл шаруашылығы саласындағы зор мүмкіндігіміз арқылы өзгелерден көш ілгеріміз. 

Дамудың дара даңғылында тұрған ел ретінде біздің алдымыздан жаңа соқпақ пен сүрлеу пайда болып жатыр. Енді бізге билік тармақтарын жаңа белеске бастап, бұрынғыдан биік  мінбеге жеткізу қажет. Бұл бағыттағы іс дер кезінде және жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұған еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік негіз болып отыр.

Қаңтар айының басында сайлаушылармен кездескен кезде билік тармақтарын үлестіру мәселесі көп көтерілді. Халықтың қазіргі көңіл-күйіне қарап, қоғам бұл бастаманы оң қабылдады деуге болады. 
Президент билік тармақтарын үлестіру мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін қажет екенін атап көрсетті. Бірінші кезекте атқарушы билікпен бірге заң шығарушы органның жауапкершілігі қатар артатындығына  назар аударылды. Біз құзырет дегенді жауапкершілік деп түсінуіміз керек. Президенттік билікті сақтай отырып, атқарушы билік пен заң шығарушы органның тиімділігін күшейту үшін уақыт қажет. Президенттің бастамасы мен үндеуі мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беруі тиіс.

Елбасы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына мемлекеттік органдардың өздері жауапты болатынын айтты. Біз мемлекеттік бағдарламалар қоғамның гүлденуі мен дамуын көздейтінін жақсы білеміз. Өкінішке қарай бір бағдарлама мақсатына жетпей жатып, талдаусыз, қорытындысыз екіншісіне ауыстырылады. Бағдарламада көзделген мақсатқа жету үшін атқарушы органға жауапкершілік жүктеу жауапты тұлғаларға  кемшілікті бүгіп қалуға мүмкіндік бермейді. Бұл жерде "уәде бердің бе  – орында, орындамадың ба – жауап бер!" деген жүйе түзіледі. Қоғам  тарапынан бақылаудың күшеюі шенеуніктерді мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізетін астыртын әрекеттен шектейді.

Мен депутат ретінде Парламенттің мәртебесін көтеру мен Үкіметтің құзыретін кеңейту мәселесін жақсы түсінемін. Мені реформа жобасының жалпыхалықтық талқыға ұсынылатыны қуантады. Мұны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан таңдаған демократиялық бағыттың жарқын көрінісі деп қабылдау керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу