​Е-қызмет бәрін біледі

3531

Қазақстанда "кадр бөлімдерінің" санын оңтайландыру керек.

​Е-қызмет бәрін біледі

Бір топ мәжіліс депутаты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа осындай ұсыныспен шықты. Олардың айтуынша, мұндай үрдіс елімізде басталып та кеткен. Тек оны енді барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жаппай таратқан жөн.

Ел басшылығына дейін жеткен тұрғындардың "Шымкент жақта еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін де пара беру керек" деген шағымы, Үкімет жетекшісінің депутаттарға: "былтыр анықталған 508 миллиард теңге бұзушылықтардың 80 пайыздан астамы бухгалтерлердің техникалық қателіктері" деген мәлімдемесі сайып келгенде, қызметкерлерді іріктеу саласында үлкен мәселелердің барлығынан хабар береді. Демек, HR саласын түбегейлі реформалар күтіп тұрғандай.

Бүкіл мемлекеттің, оның ішінде кез келген кәсіпорынның қызметі адами факторға байланысты болып келеді. Сол себепті әлемдегі ең озық компаниялар адами ресурстарды дамытуға баса мән береді.

Айта кету керек, "кадровик" деп аталып келген қызмет заманауи тілде HR-менеджер деп аталатыны мәлім. Бұл ұғым "адами ресурс" (Human Resources) деген сөздерден құралған.

Қазақстанда корпоративтік басқаруға көшкен озық компанияларда HR-қызметтер ұжымның еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал ете отырып, компанияны гүлдентуге үлес қосады, жаңа корпоративті мәдениетті түзуге жұмылады. Ондағы HR-менеджерлер ұжымдағы әрбір лауазым иесі мен маманға арнап, жеке даму жоспарын түзеді. Егер ол жетекші төл бағдарламасына сай өсіп, біліктілігін көтере алмаса, компания онымен қош айтысады.

Әрине, мемлекеттік қызметтегі кадр бөлімдері әзірге мұндай биік деңгейге шыға алған жоқ. Олардың көбі ең білікті әрі пайдалы қызметкерлерді іздеп, тауып, тартатын қуатты құрылым бола алмай,  тек жаңадан келген қызметкерлердің жұмысқа қабылдануын рәсімдеу сияқты кеңестен қалған күйкі тірлікпен шектелетіні жасырын емес.

Кадр бөлімдері мемлекет басшысы жүктеген "жинақы мемлекеттік аппаратты" қалыптастыру ісіне де сүбелі үлес қоса алмай отыр. "Қаптаған реформаларға қарамастан, мемлекеттік қызметкерлердің саны қысқармайды деуге болады", – деген депутаттар біз ұмтылып отырған дамыған елдердің үлгісін алға тартады.

"ЭЫДҰ-ға мүше елдерде мемлекеттік органдарды табысты оңтайландыру тәжірибесі бар: олар осы мақсатта көмекші, қосалқы функциялардың барлығын "Бірыңғай қызмет көрсету орталықтарына" тапсырған. Оларға ереже ретінде персоналды басқару, жалақыны есептеу, қаржылық есеп-қисап, мемлекеттік сатып алулар және басқа да функциялар табысталады. Бұл оларға мемлекеттік қызметшілер санын қысқартуға, меморгандар қызметінің шығындарын азайтуға және тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді", – дейді үкіметке жүгінген Мәжіліс депутаттарының бірі Ирина Смирнова.

Депутаттар озық мемлекеттердегі мемқызметте кадрлық қызметтердің қалай жұмыс жасайтынын талдап көріпті. Мәселен, Сингапурда персоналды басқару бойынша "Ортақ қызмет көрсету орталығы" жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта аталған орталықтағы небары 500 кадр қызметкері осы елдегі барлық 80 мың мемлекеттік қызметшіге қызмет көрсетеді! Яғни, Сингапурда әр мекеме өз жұмыскерлерінің айлығын есептеу, жұмысқа орналасуын, демалысқа шығуын не отставкаға кетуін рәсімдеу үшін жеке бөлім ұстамайды.

Бұрын "одақтас" болған Эстонияда қазіргі кезде 1 кадр маманына 1300-1500 шенеуніктен келеді екен. Нидерландқа автоматтандырудың жоғары дәрежеге жеткені сонша, меморгандар қандай да бір "кадрлық қызметтерді" ұстап тұрудан толық бас тартыпты. Біздің шенеуніктер естісе сенбес, бірақ бұл елде осы салада тек "мамандандырылған роботтарға қызмет көрсететін техникалық персонал" ғана бар.

"Арыға барып қайтеміз, мына Беларусьте құпия іс қағаздарын жүргізумен айналысатындарынан басқа барлық кадрлық қызметтер мемлекеттік қызметшілер қатарынан шығарып тасталды. Қазақстанда кейде бір кадр маманына небары 20 адамнан ғана келуі мүмкін, ал бұл еш ұтымды емес, әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады", – дейді депутат Ирина Смирнова.   

Қалаулылар үкіметке жаппай таратуға болатын үлгі-өнегелер өз ішімізде де барлығын жеткізді. Мысалға, олардың дерегінше, "Қазақтелеком" ұлттық компаниясы "көпфункционалды қызмет көрсету орталығын" құрып, өз құрылымдарының персоналды басқару, жалақыны есептеу, қаржы мәселелері, ІТ және заңгерлік қызметтер бойынша функцияларын кезең-кезеңмен солардың құзырына тапсырыпты. Бір орталықтан қызмет көрсету "штат санын оңтайландыруға, бизнес үдерістерді бірыңғайландыруға, шығындарды қысқартуға, айқындылықты қамтамасыз етуге, коррупциялық тәуекелдерді төмендетуге" мүмкіндік берген екен.

Бұдан бөлек, ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі персоналды басқару бойынша "Ортақ қызмет көрсету орталығы" пилоттық жобасын іске қосқан. Нәтижесінде, егер осы қанаққақты жобаға дейін агенттікте 30 мемлекеттік қызметшіге бір кадр қызметкері қызмет көрсетсе, қазір ол операторлардың әрқайсысына 100 қызметкерден келеді. "Е-қызмет" ақпараттық жүйесі осы жобаның технологиялық базасы болып табылады: ол еліміздегі барлық шенеуніктерге қатысты толық кадрлық ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Алайда бұл жоба әрбір министрлік пен әкімдіктердегі және олардың ну ормандай бытысқан құрылым-ұйымдарындағы сансыз кадрлық қызметтерді жоя алмайды. 

Сол себепті депутаттар үкімет басшысына осы жұмыстарды мемлекеттік органдардың ішкі қызметін цифрландыру аясында өрістетуді ұсынады.

Айтқандай, "Е-қызмет" жүйесі Астанаға орталықтағы және жергілікті жерлердегі барлық мемлекеттік қызметшілерге қатысты толық кадрлық ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді. Шенділерге қатысты "досье" бұрыннан жиналатын. Бірақ енді бұл ақпараттар егер қандай да бір шенеунікке қатысты өзгерістер орын алса, сол сәтінде, онлайн режимде жаңартылып, толықтырылады. Бұл ретте "толық кадрлық ақпарат" әрбір мемқызметшінің жеке басына байланысты барлық деректерден, оның кәсіби және жеке машықтары, білімдері, біліктіліктері, жұмыс өтілі, кәсіби тәжірибелері туралы мәліметтерден тұратын көрінеді.

Сондай-ақ жемқорлық қылмысқа қолын арамдаған не соған жол берген орталық және өңірлік деңгейлердегі шенділер туралы ақпарат онлайн режимде елордаға жетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу