​Ірі құрылыстың жоқтығы саланы етектен тартты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11746

Астана мен Шымкентте, Атырау мен Павлодарда құрылыс қарқыны төмен.

​Ірі құрылыстың жоқтығы саланы етектен тартты

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, соңғы жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4%-ды құрады.  Бұл өсімге инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы серпін берген.

"Инфляция жыл басынан бері 2,7%-ды құрады. Ал жылдық инфляция 5,9%-ға тең. Өнеркәсіптік өндіріс 5,1%-ға ұлғайды. Бұл ретте, өндіру салалары белсенділіктің өсіміне көп үлес қосты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің шығарылымы 5,4%-ға өсті. Мұнай, газ және темір кенін өндіру салалалары қозғаушы күш болды", – деді Тимур Сүлейменов бүгінгі үкімет отырысында.

Өңдеу өнеркәсібінің өсу серпіні 4,9% болды. Бұл орайда машина жасау саласы жоғарғы өсім көрсетті. Аталған саладағы шығарылым 16%-ды құрады. Химия өнеркәсібінде, мұнай өңдеуде, металлургияда және қағаз өнімдері өндірісінде тұрақты өсім жалғасуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 3,5%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласының өсуі 3,8%-ды құрады.

"Негізгі капиталға салынатын инвестициялар артуда. Инвестициялар 23,7%-ға өсті. Ең үлкен өсім (32,7%) өнеркәсіп саласында тіркелген. Жалпы 6,7 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға көп. Экспорт көлемі 21,8%-ға, импорт 7,8% өсті", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің сөзінше, жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады.

"Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Биыл қаңтар-шілде айларында орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгеге тең болып, 2,3%-ға өсті", – деді ұлттық экономика министрі.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың депозиттері 17,8 трлн теңгені құрады. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер 1%-ға өсіп, 12,8 трлн теңгеге жетті.

Алдын ала берілген деректерге сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 35,6 млрд долларға тең болды. Оның ішінде экспорт – 23,3 млрд долларға, импорт – 12,3 млрд долларға артты.

Олег Смоляков шілде айында "7–20–25" бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Бүгінде бағдарлама бойынша 1330 өтінім келіп түскен. 6 млрд теңгеден астам сомаға несие берілді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндауынша, жеті айдағы бюджеттік түсім 6,264 трлн теңгені құрады. Шығындар 6,466 трлн теңгеге тең болды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен.

"Мемлекеттік бюджетке 4,351 трлн теңге кіріс түсті. Республикалық бюджет кірістері 104,2%-ға орындалды. Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда салықтар бюджетке 432 млрд теңгеге артығымен түсті", – деді Бақыт Сұлтанов.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, көлік кешені бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Мұнда қаңтар-шілде айларында нақты көлем индексі 104,9%-ды құрады.

"2018 жылдың жеті айында Қазақстан арқылы 250,8 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық. Қытай халық республикасы – Еуроодақ – Қытай халық республикасы бағыты бойынша бұл көрсеткіш 143,9 мың контейнерге жетті. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 63%-ға өсіп отыр. Көлік қызметінің кірісі 17,5%-ға ұлғайып, 1,5 трлн теңгені құрады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, құрылыс бойынша нақты көлем индексі 101,3% болды. Министрдің сөзінше, 13 облыста оң қарқын байқалып отыр. Ал Астана мен Шымкент қалаларында, Атырау және Павлодар облыстарында көрсеткіш төмендеген.

"Былтыр "ЭКСПО-2017" нысандарының, "Mega Silkway" сауда орталығының, әуежайдың жаңа терминалының және "Нұрлы жол" теміржол вокзалының құрылысы жүргенін білеміз. Ал биыл мұндай ірі құрылыстар жоқ. Бұл өз кезегінде Астана қаласындағы көрсеткіштің төмендеуіне әсер етті. Сондай-ақ Шымкент қаласында көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. Атырау облысында өнеркәсіп нысандары мен магистральді құбыр құрылысының жұмыс көлемі азайды. Павлодар облысындағы көрсеткіштің төмендеуі Павлодар мұнай химия зауытындағы жаңғырту жұмыстарының аяқталуымен байланысты", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің мәліметінше, жеті айда 6,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспардың 55,8%-ы орындалды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және жанар-жағармай тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.

"Қазақстанда АИ-92 бензинінің орташа құны 156,13 теңге, дизельді отын – 181,83 теңге. 13 тамыздағы мәлімет бойынша, жанар-жағармай қалдығы ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті. Нақтырақ айтсақ, АИ-92 бензинінің қоры 336 мың тонна, дизельді отын қоры 246 мың тонна", – деді Қанат Бозымбаев.

Бұл ретте, күзгі егін жұмыстарын жүргізу үшін 394,4 мың тонна жанар-жағармай бөлінген.

"7 ай ішінде ішкі нарыққа 42,5 млн тонна көмір жеткізілді. Экспорт көлемі 15,5 млн тоннаны құрады", – деді Қанат Бозымбаев.

Осы орайда, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Премьер-министр өткен жылмен салыстырғанда кейбір салаларда төмендеу байқалып отырғанын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, түсті металдар кенін өндіру, текстиль бұйымдарын, киім, тері бұйымдарын, фармацевтика, сусындар, мұнай өңдеу бойынша өсім байқалмаған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу