​"ҚазАгроның" агросекторды қаржыландырудағы үлесі азаймақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1972

Банктер агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға бейілді емес.

​"ҚазАгроның" агросекторды қаржыландырудағы үлесі азаймақ

Екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп секторын қаржыландырудағы үлесі жыл өткен сайын азайып келеді. Жалпы, ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың айтуынша, бұл бағытта шешімін таппаған бірнеше проблема бар.

"Біріншіден, банктер агроөнеркәсіп кешеніндегі кредит көлемін азайтып келеді. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш төрт есе қысқарды. Нақтырақ айтсақ, 448 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін кеміді. Ал "ҚазАгро" холдингінің еншілес ұйымдары керісінше кредит көлемін ұлғайтуда", – деді Парламент Мәжілісінде өткен "дөңгелек үстелге" қатысқан Рүстем Құрманов.

Вице-министр мәлімдегендей, екінші проблема кепілдікке қатысты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде кепілдік жеткіліксіз.

"Салада қауіп, тәуекел басым. Өйткені ауыл шаруашылығы табиғи-климаттық жағдайларға тікелей байланысты. Бұл да бір проблема. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың кірістілігі төмен және олардың өзін-өзі ақтауына ұзақ уақыт кетеді. Оның үстіне шаруаларға берілетін кредит пен лизингтің пайыздық мөлшерлемесі жоғары", – дейді Рүстем Құрманов.   

Вице-министр ауыл шаруашылығы саласындағы кредит көлемін ұлғайту үшін екінші деңгейлі банктерді, несие серіктестіктерін, шағын несие ұйымдарын қорландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, "ҚазАгро"-ның агроөнеркәсіп секторын қаржыландырудағы үлесін біртіндеп төмендету көзделіп отыр.

"Егер жалғыз "ҚазАгро" ғана қаржыландыратын болса, шаруашылықтардың барлығы дерлік қажетті қаржыға қол жеткізе алмайды. Ал оған қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлыққа баратындар төбе көрсетуі әбден мүмкін. Сондықтан, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада "ҚазАгро"-ның тікелей қаржыландыруынан біртіндеп бас тарту көзделген. Есесіне, несие беретін жеке ұйымдарды қорландыруға көшу арқылы саладағы мәселені шешеміз", – деп толықтырды вице-министр. 

Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру тетіктері көбейе түспек. Нәтижесінде кредитті банктерден, несие серіктестіктерінен, шағын несие ұйымдарынан алуға жол ашылады.

"Біздің мақсат – екінші деңгейлі банктердің агроөнеркәсіп секторын қаржыландыруына жағдай жасау", – дейді Рүстем Құрманов.

Вице-министрдің баяндауынша, қазіргі таңда "ҚазАгро" шаруашылықтарға беретін қаржының 33 пайызын негізінен несие серіктестіктері, шағын несие ұйымдары арқылы үлестіреді. Яғни, қаржының 33 пайызы агроөнеркәсіп секторына қорландыру арқылы түседі. Осы тәжірибені одан әрі өрістету керек. 

"Бұл көлем ұлғая түспек. Өйткені, "қарапайым заттар экономикасын" дамытуға арналған жобаларды қаржыландыру бағдарламасы қабылданды. Оған 600 млрд теңге бағытталып отыр. Оның 200 млрд теңгесі агроөнеркәсіп секторын қаржыландыруға, 100 млрд теңгесі қайта өңдеуге және 100 млрд теңгесі өндіріске жұмсалмақ", – деді вице-министр.

Осы орайда, Рүстем Құрманов кәсіпкерлерді аталған бағдарламамен несие алуға шақыруда. Өйткені, "қарапайым заттар экономикасының" жобаларына берілетін кредиттің шарттары тиімді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруге бағытталған кредит 7 жылға беріледі. Түпкілікті мөлшерлеме 5 пайызға тең.

Белгілі болғандай, 2018 жылы несие серіктестіктерін қорландыруға 75,4 млрд теңге жұмсалған. Серіктестіктердің шарттары шаруалар үшін әлдеқайда қолайлы. Өйткені, олар жүз пайыздық кепілдікті талап ете бермейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу