​Қазақстандық көзілдірікке Америка қызығуда

3864

Әлемде теңдесі жоқ отандық өнімге дүниежүзінің 70 елінен алдын ала тапсырыс келіп түсті.

​Қазақстандық көзілдірікке Америка қызығуда

Қазақстандық бірегей бұл тауар – жаһандық нарықта әзірге баламасы жоқ, бірден 360 градуста түсірілім жүргізе алатын ORBI көзілдірігі болып табылады. Оны Amazon желісі АҚШ-тан әлемге сата бастамақ.

"Біз "Инновациялық технологиялар паркі" аумағында радиоэлектрониканың жоғары технологиялық зауытының құрылысын аяқтадық. Онда 6 перспективті жобаны әзірлеп жатырмыз, оның екеуі сериялық өндіріске дайын. Атап айтсақ, Қазақстандағы алғашқы электронды браслетті ойлап таптық. Бұл жоба қылмыстық жазалау жүйесін одан әрі ізгілендіруге септеседі. Сондай-ақ жыл сайын бюджеттің 20 миллиард теңгеге дейінгі қаражатын үнемдейді. Бұдан бөлек, біз әлемде тұңғыш рет 360 градуста панорамалық видео түсіретін көзілдірікті жасап шықтық. Оның ішіне төрт бейнекамера кіріктірілген. Өнім оны киген адамға көзінің алдындағы не қиығындағы ғана емес, сондай-ақ ту сыртындағы көріністі бір мезгілде бейнежазбаға жазуға мүмкіндік береді. Қазір дүниежүзінің 70 елінен алдын ала тапсырыстар келіп түсті", – дейді ORBI компаниясының бас директоры Ескендір Рахманбердиев.

Олар осы өнімдерін халықаралық деңгейде патенттеп алыпты.  

ORBI компаниясының негізін қалаушы Ескендір Рахманбердиев пен Әділ Сұраншин жасап шығарған жасампаз өнімнің толыққанды жұмыс жасайтын прототиптерінің тұсауы биылғы қаңтар айында Лас-Вегастағы Consumer Electronic Show халықаралық көрмесінде кесілді. Бұл төрткүл дүниедегі барлық жаңа құрылғыларды халықаралық қоғамдастық назарына ұсынатын тұтынушылық электрониканың ірі көрмесі саналады. Сонда қазақтар ойлап тапқан жаңа гаджет "Пайдалануға ыңғайлы" (Wearable Technologies) және "Виртуалды шынайылық үшін контент жасау мүмкіндігі" (Virtual and Augmented Reality Product) аталымдарында қос бірдей марапатты қанжығалады.

ORBI компаниясының қазіргі бас директоры Ескендір Рахманбердиев осы компанияның тең негізін қалаушы және қазіргі операциялық директоры Әділ Сұраншинмен 2015 жылы Алматыдағы стартаптар байқауында танысқан көрінеді. Арада жарты жыл өткенде олар күш пен ақыл біріктіріп, бірден 360 градуста бейнетүсірілім жүргізе алатын құрылғы жасауға кіріседі. Әйтпесе, қазір нарықта адамның көз алдындағысын ғана видеоға жаза алатын көзілдіріктер қаптап сатылуда. Ал мәселен, әсер толыққанды болуын қалаған саяхатшыға арқа жақтағы көріністі жазу үшін артына қосымша бейнекамера орнатуға, кейін алдағы және арқадағы камералардың түсіргенін компьютерлік бағдарлама арқылы "желімдеуге" тура келетіні бар.  

Сондықтан қазақстандық қос өнертапқыш барлық адамдарға барынша қолайлы болатын, қосымша құрылғылар мен бекіткіш-тіреуіштер талап етпейтін зат әзірлеуге бекінеді. Осы кезде олардың қатарына компанияның үшінші тең негізін қалаушы, әрі қазіргі техникалық директоры Александр Морено қосылады.

Олар бірегей өнімді көзілдірік түрінде даярлауға, оның алдында екі, артында екі камера орнатуға шешеді. Олардың әрқайсысы айналаны тігінен 180 градусқа және көлденеңнен 110 градусқа қамтиды. Осының арқасында ол адамның қоршаған ортасында болып жатқанды бір көрініске тұтастырып, сфералық бейне түзуге жол ашады. Құрылғы бір сағатқа дейін белсенді түсірілім жүргізе алады екен. Су өткізбейді, видеоны тұрақтандыру стандарты сақталған. Көзілдіріктің салмағы небары 120 грамм. Яғни, кішкене шоколад плиткасына тең ғана жүктеме. 

"Осы қазақстандық өнімнің шынында әлемде теңдесі жоқ. Біз осы арқылы бірінші тұлға атынан видеотүсірілім жүргізудің дәстүрлі тәсілін өзгертудеміз. Әйтпесе, қазіргі кезде 360 градус режимінде бейнежазба жүргізе алатын құрылғылардың барлығын не қолда ұстап тұру керек, немесе қосымша бекіткіштер көмегімен денеге бекіту қажет. Оның үстіне оның бекіткіш көмекші құралдары да арзан тұрмайды, әрі дұрыс монтаждауға да үйрену талап етіледі. Біз GoPro камераларын белсенді пайдаланушылар арасында сұрау салып, нарықты зерттей келе, көзілдірік түріндегі форм-факторды әзірлеуге ұйғардық", – дейді Әділ Сұраншин.

Осылайша, қазақстандық бұл тауар пайдаланушыларды қиналтып келген эргономика және эстетика мәселелерін шешіп отыр. Өйткені мысалға, спорттың экстремалды түрлерімен айналысуға іңкәр жандардың бір жағынан қолы босайды, екінші жағынан шлемге ауыр видеотехниканы бекіту қажеттілігі жойылады.

Мұның сыртында ORBI көзілдіріктері жаңа қалыптасып келе жатқан виртуалды шынайылық индустриясы үшін контент тапшылығы проблемасын жоюға ықпал етпек. Яғни, жаһандық тұтас осы сектордың жаңғыруы да қазақ жерінен бастау алатынға ұқсайды.

"VR-индустрия бүгінде өте белсенді дамуда. Біз осы жобамызды бастағанда, осы бағытта да үлкен көкжиектердің ашылатынын аңғардық. Виртуалды шынайылық индустриясы 2020 жылға қарай 120 миллиард долларға жетеді деп болжануда. Марк Цукерберг пен Facebook компаниясы бұл іске тың серпін берді: олар пайдаланушылардың VR-экожүйесіне конверсиясы проблемасын шешіп, биыл Oculus Go-ды, яғни виртуалды шынайылықты көруге арналған көзілдіріктерді шығарды. Бұған дейінгі ондай көзілдіріктер қуатты компьютерге қосылуды талап ететін, әрі автономды емес еді: сымы шұбатылып жататын. Oculus Go-ды шығара отырып, Марк Цукерберг 2025 жылға қарай 1 миллиардтан астам адамды VR-экожүйесін пайдалануға тарту туралы ғаламат жоспарын жариялады. Ал Цукерберг өз дегеніне жетпей тоқтамайтын адам. Енді ол экожүйеге мол мазмұн-контент керек. Оны біздің көзілдірік түзбек", – дейді Ескендір Рахманбердиев.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде дүниежүзінде VR-сет өндіретін 200-ден астам компания бар және барлығы контент тапшылығына кезігуде. Өйткені оларға виртуалды бейнежазбаларды арнайы кәсіби студияларда түсіруге тура келуде. Ал былайғы адамдарда, бұқарада күн сайынғы негізде өз бетінше виртуалды мол контент жасау үшін қолайлы әрі жеңіл құрал болмады. Қазақстандық өнім осы олқылықты түзеп отыр.   

"Біздің көзілдірік жаппай саудаға шығысымен, нарықтағы жағдай түбегейлі өзгереді. Енді бірінші тұлға атынан 360 градустық жоғары сапалы видео түсіру қарапайым күннен қорғар көзілдірік кигендей оңай! Әрбір камераның бейнежазбасының сапасы Full HD. Барлығы біріге келе, 4К сапалы жалпы картинка береді", – дейді Ескендір Рахманбердиев.

Оның мәліметінше, краудфандинг, яғни қазақша айтқанда, жылу жинау жолымен жоба Indiegogo-да 2016 жылы 68 елден 346 мың доллар жинапты. Осы елдердің барлығы қазір дайын өнімнің өздеріне жеткізілуін күтуде. Олар ішінде АҚШ, Мексика, Канада көп қызығушылық танытқан. Одан кейінгі тізімде Еуропалық одақ, Жапония, Аустралия және Гонконг тұр.

Бұған қоса, отандық жобаға қазақстандық бизнесмендер Бахаридин Аблазимов пен Кеңес Рақышев қолдау көрсеткен: олар 3 миллион доллар инвестиция құйыпты.

360 градустық көзілдіріктер алдын ала тапсырыс бойынша 399 доллар тұрады, бөлшек саудада шамамен 500 доллар болмақ. Оның құрылғылары Тайванда құрастырылуда екен. 

Компания келесі жылы жаңа өнімнің 100 мыңнан астамын сатып, 50 миллион доллар табыс табуды жоспарлауда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу