​Көпбалалы отбасылар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
18012

Биыл тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға 12 мың пәтер берілмек. 

​Көпбалалы отбасылар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады Фото: Серікжан Қобыланбаев

Маусым айында "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. "Нұрлы жер" бағдарламасының бір бағыты ретінде қарастырылып отырған жаңа өнім көпбалалы отбасыларға арналған.

"Біздің міндет – көпбалалы және толық емес отбасылардың баспаналы болуына барынша көмек көрсету. Ол үшін несие берудің жеңілдетілген шарттары жасалды. Атап айтқанда, "Нұрлы жер" бағдарламасына жаңа бір бағыт – "Бақытты отбасы" қосылды. Жаңа бағдарлама маусым айынан бастап іске қосылады. Оған төрт және одан да көп баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар және кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. Пәтерді жаңа үйлерден немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады", – деді бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, "Бақытты отбасы" бағдарламасына жалпы табысы жан басына шаққанда 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады. Мәселен, отбасы 6 адамнан тұрса, олардың жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы керек.

Сондай-ақ жеңілдетілген несие алу үшін өтінім берген күні өтініш иесінің жеке басында және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы керек.

"Бұл бағдарлама наурыз айынан бастап пилоттық жоба ретінде Алматы қаласында жүзеге асырылды. Пилоттық жоба бойынша әкімдікте кезекте тұрған көпбалалы отбасылар жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып алу үшін 10 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаны төлеп, жылдық 2 пайызбен несие алды. Атап айтқанда, 344 отбасы өтінім берді. Оның 330-ы мақұлданды. Дәл бүгін екі отбасы несие шартына қол қояды. Сонымен қатар, бірнеше күн бұрын әкімдік 44 отбасы үшін 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификатын банктің есепшотына аударды", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Айтпақшы, бағдарлама шарттарына сәйкес, пәтердің құны 15 млн теңгеден аспауы керек.

Жаңа бағдарлама бойынша жыл соңына дейін 6 мың пәтер беріледі деп күтілуде.

Жалпы, биыл көпбалалы отбасыларға 12 мың пәтер беріледі. Оның 6 мыңы жоғарыда атап өткеніміздей, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үлестіріледі. Қалған 6 мыңы – жалға берілетін, бірақ сатылмайтын, яғни арендалық пәтерлер.   

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның 31 750-і тұрғын үй кезегінде тұр.

"Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту туралы тапсырма берілген уақытта кезекте тұрғандардың саны 28 123 отбасы еді. Бір жарым айдың ішінде кезекке тұрғандар саны 3 мыңнан астам отбасыға көбейіп отыр. Көпбалалы отбасылар үшін 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам пәтер салынады деп жоспарлануда", – дейді Қайырбек Өскенбаев.

1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға арендалық пәтерлер үлестірілуде. Қазіргі уақытта 259 пәтер тапсырылған. Осы айдың соңына дейін 1200-1300 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Алдағы мереке күндері Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы, Шымкент, Алматы қалаларындағы көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойламақ.

Осы орайда, "арендалық пәтерлерде көпбалалы отбасылар қанша уақытқа дейін тұра алады?" деген заңды сауал туындайды. Бұл сұраққа бірінші вице-министр былай деп жауап берді:

"Ешқандай шектеулер қойылмаған. Берілген пәтерлерде есімдері тіркелген отбасы мүшелерінің бәрі қалағанынша тұра алады. Яғни, тұрмыстық жағдайын түзеп, жеке пәтер алғанға дейін тұруға мүмкіндігі бар. Оларды ешкім қуып шықпайды. Дегенмен, белгілі бір талаптарды сақтамаған жағдайда көпбалалы отбасылар үйден айырылуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, жалға алу төлемін 6 ай бойы төлемесе, көршілер тарапынан шағымдар түсіп, мемлекеттің мүлкіне қасақана зиян келтірсе, берілген баспананы басқа мақсаттарға (хостелге, дүкенге айналдыру – автор) пайдаланса, мемлекет пәтерді тартып алады".

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу