​Жаңартылатын энергия көздері аукционға жол тартты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3703

Биыл қуаттылығы 1 гигаватт жаңартылатын энергия көзін сату жоспарланып отыр.

​Жаңартылатын энергия көздері аукционға жол тартты

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, былтыр елімізде шамамен 1,1 млрд киловат/сағат "жасыл" энергия өндірілген. Биыл 138 мегаватт жаңартылатын энергия көздерін алу жоспарлануда. Бүгінде елімізде 352 мегават жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 58 нысан жұмыс істейді. Осы жылы мұндай нысандар 500 мегаватқа жуық энергия көзін қолданады деп күтілуде. Жыл соңына дейін жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаттылығын 490 мегаватқа дейін жеткізу жоспары тұр.

Министрдің сөзінше, қазір жаңартылатын энергия көздерінің құнын төмендетуге мән берілуде. Бұл ретте, аукциондық тетік пайдаланылмақ. Ол энергия көзінің құнын арзандатуға жол ашпақ. Сондай-ақ, инвесторлар мен жобаларды іріктеу процесін ашық және түсінікті етуге мүмкіндік береді.

"23 мамырдан жаңартылатын энергия көздері жобаларын іріктеу жөнінде алғашқы аукциондық сатудың көктемгі сессиясы басталды. Биыл қуаттылығы 1 гигаватт жаңартылатын энергия көздері аукционға қойылады. Бірінші сауда нарыққа қатысушылардың қызығушылығын көрсетті. Көктемгі сессияда 250 мегаватқа жуық энергияға сауда ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталады. Аукцион барысында жел энергиясының тарифтері 22,68 теңгеден 17,49 теңгеге дейін немесе 23%-ға төмендеді. Жақын күндері 6 жеңімпаз 15 жылдық электр энергиясын сатып алу келісімшартына қол қояды", – деді үкімет отырысында Қазақстанның "жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдамасының 2014-2017 жылдардағы қорытындысы туралы баяндаған Қанат Бозымбаев.

Министрдің баяндауынша, 2015 жылы электр энергетикасы саласында ауаға бөлінген көмірқышқыл газы 2012 жылғы деңгеймен салыстырғанда 9,3%-ға төмендеген.

"2016 жылы үлестік коэффициенттер негізінде парниктік газ шығаруға квоталар бөлудің ұлттық жоспарын жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Аталған жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай парниктік газ бөлуді 15%-ға азайту көзделіп отыр", – деп толықтырды Қанат Бозымбаев.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылы электр энергиясын өндіруде газ электр станцияларының үлесі 20,2%-ды құраған. Осылайша, 2020 жылға жоспарланған көрсеткіштерге уақытынан бұрын қол жеткізіліпті.  

"Газ электр станцияларының өсімін қамтамасыз ету мақсатында Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры бойында газ турбиналы электр станцияларын салу мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар, министрлік "Самұрық-Қазына" ұлттық қорымен бірлесіп Алматы-2 жылу электр станциясын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Гидроэнергетиканы дамыту мақсатында Ертіс өзенінде Шүлбі электр станциясы мен Іле өзенінде контр-реттеуіштерін салу мәселелері пысықталуда", – деді энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев атмосфераға ластаушы зиянды газдар мен шаңнан бөлінетін заттарды азайту мақсатында денитрация және десульфирлеу шаралары жүргізілгенін хабарлады.

"Биыл жылу электр станцияларынан улы газдардың бөлінуін төмендету жөніндегі іс-шараларды кезең-кезеңімен ендірудің ұзақ мерзімді жоспары әзірленуде. Сонымен қатар, Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап бензин мен дизель отынының сапасы К-2-ден К-4 және К-5 деңгейіне дейін арттырылады. Бұл автокөліктен ауаға бөлінетін заттарды айтарлықтай төмендетеді. Бұдан бөлек, қалдықтарды басқару саласында қайталама шикізат, қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату талаптарын анықтау бойынша нормативтік құқықтық база құрылды", – деді ол.

Энергетика министрлігі биыл өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 32%-ға, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу үлесін 11%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қалдықтарды шығару және жинау қызметтері халықтың 69%-ын қамтуда. 2018 жылдың жоспары – 75%. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келетін полигондардың үлесі 16%-ды құрайды. Биылғы жоспар – аталған үлесті 23%-ға жеткізу.

"Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін Астана және Алматы қаларында жобалар іске асырылып жатыр. Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, органикалық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру басталды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында "Алматы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың кешенді жүйесін енгізу" жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында Алматы қаласының Алатау ауданында қуаттылығы тәулігіне 1500 тоннаны құрайтын қалдықтарды сұрыптау кешені салынбақ. Кешен құрылысы осы жылдың екінші жартыжылдығында аяқталмақ. Жобаның құны – 5,5 млрд теңге", – деді Қанат Бозымбаев.

Сондай-ақ, энергетика министрі Экологиялық кодекске өзгерістер енгізілетінін де атап өтті. Бүгінде жаңа экологиялық кодекстің жобасы әзірленіп, мүдделі ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың баяндауынша, Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасына сәйкес, табиғи экожүйелерді кешенді басқару орман, балық шаруашылықтары және жануарлар дүниесінде жүзеге асырылуда.

"Қазақстан орманы аз мемлекеттер қатарына жатады. Ел аумағының небары 7,7%-ы ғана ормандармен көмкерілген. Сондықтан, жасыл желектерді көбейту маңызды болып отыр. Осыған орай облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құру жұмысы басталып кетті. Соңғы 7 жылда мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды молайту мен орман өсіру көлемі 453 мың гектарды құрады. Биыл жоспарланған көлем – 68 мың гектар", – деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министрдің баяндауынша, осымен бесінші жыл қатарынан "Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні" акциясы өткізіледі. Биыл 4,5 млн ағаш мен бұталар отырғызылған.

"Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құрылып жатыр. Оның көлемі 78 мың гектарды құрап отыр. 2023 жылға қарай оны 100 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Көшеттік материалмен қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысында жылына 3 млн көшет өсіретін орман тұқымы кешені салынып, пайдалануға берілді. Онда тамыр жүйесі жабық көшеттік материал өсірудің жаңа шведтік технологиясы қолданылады", – деді Ерлан Нысанбаев.

"Жасыл экономика" қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова соңғы үш жыл ішінде бұл бағыттағы үкіметтік емес ұйымдар 25 жобаны іске асырғанын тілге тиек етті.  8 облыста "жасыл технология" орталықтары құрылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу