АЛМАТЫДА ҚАРУ-ЖАРАҚ ҚҰРАСТЫРЫП, САТУМЕН АЙНАЛЫСҚАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП МҮШЕЛЕРІ СОТТАЛДЫ

Алматыда қару-жарақ құрастырып, сатумен айналысып келген 10 адам сотталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен жылдың маусымда қылмыстық топ мүшелерін құрықтап, қару құрастыру бойынша жасырын шеберхананың жұмысын тоқтатқан еді. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 3 «Калашников» автоматы, 3 гранатаатқыш, 2 жауынгерлік граната, 14 тапанша, 1700-ден астам патрон мен қарудың керек-жарағы алынды. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмысқа ішкі істер органдары қызметкерінің қатысы бары да анықталды. Лауазымды тұлға Ішкі істер министрлігінің меншігіндегі оқ-дәріні ұрлап келген. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен айыпталушылар әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Есте болса, өткен аптада ғана әскери бөлім қоймасынан 30 калашников автоматы, 27 макаров тапаншасы және 400-ден астам оқ-дәрі ұрлаған кіші сержант ұсталған еді. Алайда, ішкі істер министрлігі қолды болған қару-жарақтың тәркіленгені жайында әзірге нақты ақпарат берген жоқ. Сарапшылар әскери қызметкердің қаруды не себепті ұрлағаны жөнінде өз болжамдарымен бөлісті.

Другие выпуски телепроекта
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу