«Әуе кеңістігін ашу керек!» Елорданың дамуына арналған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, халықаралық рейстер санын арттыруды тапсырды. Бүгінде Нұр-Сұлтаннан 30 халықаралық бағытта тікелей рейстер қатынайды. Бұл әрине, өте аз. Оның өзін бір ғана компания жүзеге асырып отыр. Бәсекелестік болмаған жерде, баға да асқақтай беретіні белгілі. Десе де, алдағы уақытта әуе билеттерінің бағасы түсетін болды. Бұл бағытта қазір жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Оны кеше Үкіметте еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің өзі айтты. Бейбіт Атамқұловтың сөзінше бәсекелестік туғызу мақсатында – 9 қалада «ашық аспан» режимі енгізіледі. Демек, Нұр-Сұлтан мен Алматыны айтпағанда, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларына халықаралық бағыттағы рейістер қатынайды. Жалпы бүгінде елімізде 59 әуе компаниясы жұмыс істейді, оның тек тоғызында ғана Еуропалық одақ елдеріне ұшуға рұқсаттары бар. Неге? Неге деген сұрақ көп. Неге әуе билеттерінің бағасы қымбат? Неге біздің ұшқыштар еуропалық талаптарға сай оқытылмайды ?